Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда карантин шаралары бірден алынып тасталмайтынын мәлімдеді.
«Жалпы бүкіл әлемде күзде және қыста жұқтырылған респираторлы вирусты инфекция (ЖРВИ), тұмау ауруларының өршіп кететіні белгілі. Енді оларға коронавирус инфекциясы да қосылып отыр. Сол себепті қазіргі уақытта жағдайдың бұлайша өршуіне барынша дайындалып жатырмыз. Тұмауға қарсы жыл сайын жүргізілетін маусымдық вакцинация жоспарланған.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі резервтегі төсек орындарды да дайындап жатыр. ПТР-тесттар бойынша қосымша қор әзірленуде.
Сол секілді қоймаларда дәрі-дәрмек қоры да жиналуда», - деді Алексей Цой ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Министр Қазақстанда карантин шаралары бірден алынып тасталмайтынын, кезең-кезеңімен жеңілдетілетінін жеткізді.
«Егер ауру тағы да күрт өсіп, кетсе біз қосымша шаралар енгіземіз», - деді ол. Еске сала кетсек, бұған дейін Алексей Цой елдегі эпидемиологиялық ахуал жайлы айта келе қиын кезеңнің артта қалғанын мәлім еткен болатын.
zhaikpress.kz