Елімізде коронавирус инфекциясымен және пневмония дертімен күрес қарқынды түрде жүріп жатыр. Мемлекет тарапынан тиісті шаралар қабылданып, медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмек тапшылығын жою бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл істен беделді кәсіпкерлермен қатар жеке тұрғындар да тыс қалмай, қайырымдылық көрсетуде. Ауданымызда індет бойынша ахуал, жанашыр жандардың көмегі жөнінде білуге аудандық аурухана директорының міндетін атқарушы Әсел Ералиевамен сұхбаттың барысында реті келді.
- Елімізде наурызда жарияланған төтенше жағдай, одан кейінгі карантинге байланысты сақтық шаралары ауданда да қатаң қолға алынды. Дегенмен, өңірімізде бұл індет ауыз салмаған елді мекен қалмады десек, артық айтқанымыз емес. Әсел Ғайнедденқызы, алдымен індет бойынша ахуалға толығырақ тоқталып өтсеңіз.
– Аудан бойынша бүгінге дейін жерлестеріміздің арасында коронавирус жұқтырудың 295 жағдайы тіркелді. Олардың 168-інде вирус белгілері анық байқалса, 127 науқас жеңіл, яғни симптомсыз түрімен ауырған. Олардың ішінде 14-і жүкті әйел, 9-ы жас босанған ана, 38-і медициналық қызметкер, 16-сы бала. Ауруханада ем алған 94 науқас, үй карантинінде болған 141 адам дертінен құлан-таза айықты. Әрқайсысының өмірі үшін күрескенімізбен 10 жерлесімізді ажалдан құтқарып қала алмағанымыз жанға батады, әрине. Олардың отбасы, тума-туыстарына қайғыра, көңіл айтамыз.
Тап қазіргі ахуалға тоқталар болсам, Чапаевтағы провизорлық орталықта 5, жұқпалы аурулар стационарында 21, Тайпақтағы провизорлық орталықта 8 науқас ем алуда. 4 адамның жағдайы ауыр. 26 адам үйде емделуде.
– Шілдеден бастап енгізілген карантиндік шектеулер індеттің таралуына қалай әсер етті?
– Өздеріңіз білесіздер, елдің іргесіне індет енген бойда барлық өңірлерде төтенше жағдай жарияланып, қатаң шектеулер қойылған болатын. Соның нәтижесі ауданымызда коронавирус жұқтырған бірде-бір адам тіркелген жоқ. Дегенмен облыста алғашқы науқас анықталған бойда-ақ аудан орталығынан 10-орындық провизорлық орталық аштық. Артынша мұнай-газ кен орындарының жұмысшыларын жаппай босатқан мезгілде осында карантиндік орталық жабдықталды. Күніне Атырау мен Ақтаудан 50-70-теп жұмысшылар ағылған кездің өзінде де біз жағдайды бақылауда ұстап отырғанбыз. Бәленің бәрі карантин аяқталғанда басталды. Қалалық ауруханалар лық толып, алдымен 10 керуетке шақталып, аудандық арухунаның ғимаратында жұқпалы аурулар бөлімшесі ашылды. Тіпті бір мезетте вирустың тез таралуы салдарынан жиырма төрт сағат бойы ауруханаға түскен науқастардың саны артты. Сол кезде біраз абыржығанымыз рас. Кімді қайда жатқызарымызды білмедік, қалаға жолдайық десек, оларда да аурухана сіресіп тұр. Соның салдарынан аталмыш бөлімшені 15, кейін 30 орынға көбейтуге мәжбүр болдық. Қазір бұл бөлімшеде 40 науқастың емделуіне жағдай жасалды. Жедел жәрдемге қоңырау шалатындардың да саны сол мезетте қатты көбейді. Тек аудан орталығының өзінде бір күнде 25-30-ға жуық тұрғын дене қызуының көтерілгеніне шағымданып, хабарласатын. Иә, маусым айында қиын кезде халықтың жанынан бірінші болып табылатын ақ халатты жандардың жұмысы еселеніп, ауырлай түсті.
Шілде айында мемлекетімізде енгізілген карантин шектеулері эпидахуалды тұрақтандыруға оң әсер етті десем, артық емес. Өзіңіз салыстырып көріңізші, маусым айында күніне 15, кейде одан да көп науқас тіркелсе, қазір олардың саны біраз азайды: күніне 1-2 адамнан ғана вирус анықталуда. Ал Құрбан айт мерекесінің үш күнінде ауданда бірде-бір вирус жұқтырған жағдай тіркелмегеніне дәрігерлер қауымы бек қуандық.
Вирустың қарқыны бәсеңдеді, дегенмен бұл тек карантиндік талаптардың нәтижесі ғана. Әлі де сақтық шараларын ұстанған абзал. Тұрғындарға қарап, әлі де бейқамдықтың зор екенін айтқым келеді. Көшеде, дүкендерде қорғаныс құралдарын тақпай, еш алаңсыз жүрген жаңдарға шектеу мен тыйымның баршамыздың саулығымыздың кепілі екенін әлі де ұғындыра түскен жөн. Осы тұста мен ауданымыздың волонтерлерінен игі істе қолдау сұраймын. Бізде әлі де ақпараттық жұмыстар жетіспейді. Сондықтан әрбір үйге індет уақытындағы денсаулықты сақтау, иммунитетті көтеру бойынша үлестірмелі парақшаларды жеткізіп, осылайша «Үйде болайық», «Жақыныңа жанашыр бол!» деген ұран сөздердің жалаң еместігін көрсетсе, көп көмек.
– Газетіміздің алдыңғы сандарында жариялағанымыздай, індетпен күресте дәрігерлерге көмекке асыққан, осылайша елдігімізді көрсеткен жандар баршылық. Қысылтаяң сәтте көмегін аямаған ауылдастарымызға айтар алғыстарыңыз зор екені сөзсіз.
- «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, қол ұшын созған жерлестеріміздің мәрттігін, халыққа жасаған жақсылығын айтпай кету, әрине, әбестік. Айталық, Еркебұлан Әжікенов, Болат Хисин, Серғазиев, Жанғабыл Сәтбаев, Нұртай Сахипов, Салтанат Сатыбаева, өзге де қайырымды жандар оттегі концентраторын тарту етіп, қуантты. Індет белең алып тұрғанда мұндай оттегі концентраторларының науқастар үшін пайдасы зор. Адам өкпесі зақымданғанда оттегі жетпей қиналады. Бұл аппараттар көптеген адамның өміріне араша болды. Яғни жомарт жерлестеріміздің арқасында біраз науқасымыз дертінен тез айығып шықты. Қазір бізде осында 14 құрылғы бар, олардың 10-ы – қайырымды жандардың тартуы. Сонымен қатар қамқор азаматтарымыз бізге тонометрлер, пульсоксиметрлер, ауа кондиционері, инфрақызыл термометрлер жеткізді.
Жыл сайын аудан орталығында ауыз су мәселесі үлкен қиындықтар туындататыны мәлім. Науқастармен тікелей жұмыс жасайтын, санитарлық тазалықты талап ететін біздің жұмыста судың ауадай қажет екені айтпаса да, түсінікті. Сондықтан жазғы уақыттарда аурухана палаталарына жүктемені мейлінше азайтуға тырысатынбыз. Биыл, міне, алғабастық Құрманғалиевтер отбасының демеушілігімен аурухана ауласында құдық соғылып, көптен күрмеуі табылмай жүрген мәселе толығымен шешілді. Қазір құдықтан құбыр қазып, жұқпалы аурулар, терапия бөлімшелеріне ауыз су жеткізілді. Алдағы уақытта аурухана ғимаратының ауыз су жүйесін толығымен осы құдыққа қосуды жоспарлап отырмыз. Құдықтан аққан судың мөлшері нысанды түгел қамтуға жетерлік. Тайпақ ауылында да Болат Хисин осындағы ауруханаға құдық қазып берді.
Індетпен уақыт санаспай күрескен дәрігерлерге де көмектерін аямаған азаматтарымыз көп-ақ. Мысалы, аптасына екі рет «Мерәлі» шаруа қожалығынан қымыз жеткізілуде. «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының ұйытқы болуымен сиыр сүтін де әр апта сайын алып отырмыз. «Батыргерей» шаруа қожалығы 230 келі сиыр етімен қамтамасыз етті.
Жекелеген тұрғындар да ізгілікті іс жасап, қолынан келген көмекті ұсынып жатқандар бар. Мира Тіналиева 5 литрлік құтыдағы судың 84 данасын алып берсе, Тайпақ ауылының 1986 жылы туған азамат-азаматшалары осындай судың 250 құтысын провизорлық орталыққа жеткізіпті. Осыдан бөлек, 578 мың теңге қаржылай да көмек көрсетілді. Жиналған қаражатқа ларингоскоп, өкпені желдетуге арналған маска, дәрігерлерге респираторлық маскалар сатып алдық.
Ауызбіршілік пен татулық салтанат құрған жерде игі істердің орын алатыны ақиқат. Бұл ретте жерлестеріміздің бір-бірін қолдағаны, індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген ақ халаттыларға демеу бола ала алғаны – ел амандығына мың кепіл. Кәсіпкерлермен қатар жеке тұрғындар осындай қиын кезеңде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, індетпен күресте бір кісідей жұмылды. Барша жанашыр жандарға дәрігерлер қауымы атынан ризашылық білдіремін. Вирусты ауыздықтауда жанын да, саулығын да аямаған дәрігерлермен қатар, елдің сауығуына қолдан келген көмегін ұсынған осы жандарды да «Бүгінгінің батырлары» деп атар едім. Бүкіл еліміз үшін ауыр сын – қауіпті індетті жойып, осы күндерді артқа тастау үшін бірлігімізді көрсете берейік. Мың алғыс!
Әңгімелескен Әлия Шарапиева,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz