Халықаралық, республикалық көрмелерде туындылары қойылып жүрген Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, танымал суретші Бекжан Жұмабаев өз суреттерінде ұлттық бояу, қазақы мінезді көрсетуді басты ұстаным еткен.
Пандемия кезінде салған дүниелерін Бекжан бауырымыз ақпарат агенттігіне ұсынды.
Бекжан Жұмабаев 1976 жылы 12 қыркүйекте Атырау облысы Құрманғазы ауданы Сүйіндік ауылында туған. Суретші-график. 7-сыныптан бастап өнерге деген құштарлығы оянды.
1994-1998 жылдары қазіргі М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың (пединститут) көркемсурет-графика факультетінде білім алады. Қазақтың ақын-жазушылары шығармаларын оқи жүріп, студенттік шақта алғашқы графикалық туындыларын салды.
Еңбек жолын Орал қаласының №19 мектебінде ұстаздық қызметтен бастаған Бекжан қалалық суретшілердің шығармашылық көрмесіне 2000 жылдан қатысады.
Аға буын суретшілердің тәлім-тәрбиесін ала жүріп шығармашылық шеберлігін шыңдай түсті. 2002 жылы облыстық «Дала дарындары» фестивалінде бас жүлдені жеңіп алып, 5-ші Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестиваліне қатысқан (Астана).
Тұңғыш дербес шығармашылық көрмесі 2009 жылы «Даламның қоңыр әуені» деген атпен Орал қаласында өтті.
Өнердегі негізгі үстанымы: «Ұлттық бояу, қазақы үн».
- Қазіргідей сындарлы сәтте ел-жұртқа тілерім – амандық. Өнер өлмейді. Мәңгі жасайды. Қазақтың рухы асқақ. Осы бір кезеңде туындаған шығармаларым арқылы елге рух сыйлағым келеді, - дейді суретші Б.Жұмабаев.
Ертай Бимұханов,
zhaikpress.kz