«Шебердің қолы алтын» дейтін дана қазақтың сөзге де шебер, іске де ұста екендігі әмбеге аян. Ағаш һәм темірден түйін түйген, асыл тастан түрлі бұйым соққан жандар өңірімізде жетіп артылады. Сондай хас шеберлердің бірі – Теректі ауданы, Подстепный ауылының тұрғыны Ақылбек Исатаев.
Кейіпкеріміз Жәнібек ауданы, Ұзынкөл ауылының тумасы. Сурет салу, қолөнер бұйымдарын жасаумен шұғылдануды бала кезінен серік еткен.
– Жалпы, бұл асыл өнер ата-бабамыздың қанында бар ғой. Содан берілсе керек, жас уақытымда атамның қамшысын бұзып тастап, қайтадан өріп шығатын едім. Мектепте Қадырғай Жөлекенов деген шебер ұстазымыз болды. Сол кісінің үйретуімен өнердің қыр-сырына қанықтым. Кейін ол кісі зейнеткерлікке шыққанда, одан әрі өзім ізденіп осы іспен түбегейлі шұғылдануды қолға алдым, – деп еске алды Ақылбек Исатайұлы.
Ол кісі аталмыш өнер хақында ауқымды түрде ізденуді мақсат тұтып ең алдымен Орал қаласындағы Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінен дәріс алады. Оны қызыл дипломмен тәмәмдаған соң 2001 жылы жоғары оқу орнына сырттай тегін оқуға түсіп, білімін жалғастырады. Мұны 2006 жылы аяқтап, туған жеріндегі мектепке аттанады. Сөйтіп, еңбек жолын Ұзынкөл мектебінен бастайды. Айта кетейік, оның педколледж қабырғасында жүріп қорғаған «Қымыздың ыдыстары» деген дипломдық жұмысы қазіргі уақытта облыстық мұғалімдер үйінің мұражайында сақтаулы тұр.
Он саусағынан өнер тамған шебер бүгінгі таңда Подстепный №1 жалпы орта білім беретін мектебінде ұстаздық қызметте. Сонымен қатар Теректі аудандық балалар шығармашылық орталығында да үйірме жүргізеді.
– Қолынан қандай да болмасын пайдалы іс келетін адам еш уақытта далада қалмайды. Осы сөзді шәкірттеріме әркез айтып отырамын. Білім беру жолында оларды ұлттық өнерімізге баулу – басты мақсат. Теректі балалар шығармашылық үйіндегі «Шебердің қолы ортақ» деп аталатын үйірмесіне қатысып, биыл 11-сыныпты бітірген Ербол Бисенов деген шәкіртімді айрықша атап өткім келеді. Ізденімпаз оқушымның Қазақ Бас сәулет-құрылыс академиясына оқуға түскені мен үшін зор қуаныш, – дейді ұлағатты ұстаз.
Шыдамдылық пен төзімділікті талап ететін мамандық иесінің жұмыс жасаудағы негізгі бағыты – ағаш және тері өңдеу. Қазір мата өңдеумен қатар пластиктермен де жұмыс істеп жүр. Күні бойы тапжылмай отырып аса зор мұқияттылықпен жасалатын еңбектің бағалануы да заңдылық. Осы орайда Ақылбек Исатайұлының жасаған қандай да болмасын бұйымдары көздің жауын алып, еріксіз таңдай қақтырары сөзсіз.
– Жолдасым Гүлмира екеуміз 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеудеміз. Үйде ұл-қыздарыммен бұйымдар істейміз. Ең әуелі отбасы, тума-туысқа жасап береміз. Кейін олардың таныстары және менің әріптестерімнен тапсырыс түседі. Болашақта отбасылық кәсіп ашу жоспарда бар. Ұлттық бұйымдарды жаңа заманға сәйкестендіріп жасасақ деген ойымыз бар, – дейді А.Исатаев.
Самал Жамет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz