Сырым ауданының орталығы Жымпитыдағы орталық көшелердің бірі Б.Қаратаевтың атында. Сол көшемен өткен адамдар Бақытжан Қаратаевтың қоғам қайраткері, заңгер, ағартушы-демократ екенін біле ме екен?
Иә, Бақытжан Қаратаев көпқырлы тұлға. Ол 1860 жылы Қаратөбе ауданында, Ақбақайда туған. 2010 жылы шыққан Батыс Қазақстан облысының энциклопедиясында Бақытжан Қаратаевтың Орынбор гимназиясын бітіргеннен кейін Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне түскенін, 1890 жылы оны алтын медальмен үздік аяқтағаны жазылған. Кейін Санкт-Петербургта, Кутаисида, Орынборда тергеуші болып жұмыс істеген. 1897 жылы Оралда, Қаратөбеде, Жымпитыда адвокат болған.
Бақытжан Қаратаев – қазақ парламентаризмінің тұңғыш қарлығашы. Ол 1907 жылы 2 Мемлекеттік Думаға кадеттер тобынан Орал облысынан депутат болып қабылданып, Дума мінбесінен жер-су мәселесі бойынша қазақ халқының мүддесін қорғап, сөз сөйлеген. Қаратаевтың қазақтың қара жерін қорғаудағы жанкешті еңбегі жайлы тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның академигі Тілеу Көлбаев abai.kz сайтындағы «Бақытжан Қаратаев – алғашқы заңгер, депутат және комиссар» атты мақаласында былай дейді:
- Қазақ даласына келіп қоныстанушылар саны күрт артып, құнарлы, шұрайлы жерлерінен айырылып жатқан елдің жағдайы қыл ұшына келген еді. Осындай дүрбелеңде ел жер сақтап қалу үшін не істерін білмей сабыла бастады. Сөйтіп, ел тағдыры сынға түскен кезде ұлт зиялыларының көзқарастары қиыспай екіге бөлінді. Біріншісі - «көшпенді өмір салтын доғарып, ел болып жиылып, қала салайық, егін егіп, бау-бақша отырғызып, отырықшы салтқа көшейік, сонда шұрайлы жерлерімізге өзіміз ие болып қаламыз, жақсы өмір сүріп кетеміз» дейді. Екінші тарап көшпелісі көшпелі, отырықшысы отырықшы болып қала берсін деген пікір айтқан. Орал қаласында кадеттерді жақтаушылар өмір тәжірибесі мол Бақытжан Қаратаевтың төңірегіне топтасты, яғни бірінші пікірді қолдады. Қазақ зиялылары патша өкіметінің қанаушылық саясатына қарсы ашық және батыл түрде талаптарын қойып, қазақ елінің барлық мұң-мұқтажын баяндап газет беттерінде мақалалар жазып, патшаға петициялар жолдаған. Қаратаев оларды дайындауға атсалысып, қазақ жерінің тағдырын айту үшін ІІ Николай патшаның қабылдауына да кірген.»
- Қырғыз-қайсақ халқының атынан бұл мінбеден ешкім сөйлеген жоқ. – деп бастапты ол Қаратаев ІІ Мемлекеттік Думаның мінберіндегі сөзін. Қаратаев бұл жолы тасынып, ашынып сөйлеген. Жиналыс төрағасының: - Шешен мырза, он минут уақытыңыз бітті! – дегеніне қарамай ақтарылған.
Жоғарыда Бақытжан Қаратаев Жымпитыда адвокат болып жұмыс жасады дедік. Ол ештеңе емес, Сырым ауданында Қаратаевтардың қонысы болған екен. Оны бізге Талдыбұлақ ауылдық округі, Қазақстан ауылының тұрғыны Хамит Бахтияров ақсақал айтты.
Қазақстан ауылының арғы жағы, Қабанбай, Қақпақты деген жерлер – Масқарлардың жайлаған жері, Хамит қарттың атақонысы. Қарттың айтуынша, Қақпақтыда Қаратаевтардың жұрты болған. Бұл деректі баяғының шалдарынан естіген. Сол күні Хамит қартты алға салып, Қабанбай мен Қақпақтының айналасын аяғымыз жеткенше аралап шықтық. Оны кейінірек ашып жазып жатармыз. Сапарымызды Қаратаевтардың жұртының орнына келіп аяқтадық:
- Біз қазір Қаратаевтардың жұртында тұрмыз. Шалдардың айтуынша, бұл жақта бұрын төрелер тұрған. Нұрым деген төре тұқымы Ақсуатты қоныс қылған. Сол жерге мешіт салыпты, мешіт кейін мектеп болған.
Қаратаевтардың жұртында Бақытжан Қаратаевтің өзі не ағайындары отырған. Олар Қақпақтыны түгел жайлапты. Осы жерден 2-3 шақырым жерде Шынтас деген орын бар. Ол - Шынтас Қаратаевтың отырған жері. Жер соның атымен қалған. Жұрттың орыны қазір жермен-жексен. Табын-табын мал, отар-отар қой несін қойсын? Бұл жер күнінде «Қызыл ту» колхозының №1 бөлімшесі болды ғой, – дейді Хамит ақсақал.
- Осы маңайдағы төбелердің бірінде ескі құлпытастар да бар. Төрелердің қорымы болуы мүмкін. Тастар оқуға келетін сияқты, – деді Хамекеңнің ұлы Марат ағамыз әке сөзін жалғай түсіп.
Осылайша, Қаратаевтарға, төрелерге қатысты жаңа дерек шықты. Жаңалықтың сұрақтары да жоқ емес. Бірінші сұрақ – төре тұқымы Нұрым деген кім? Хамит қарт оны Абылай ханның баласы дейді. Ал тарихшы ғалымдар Әбілсейіт Мұхтар мен Ұлжан Ахметова qamshy.kz сайтындағы «Ар жақта дүмбірлеген Арынғазы!» атты зерттеу мақаласында «...Осыны пайдаланған Хиуа ханы Мұхаммед Рахим 12 мың жасақпен 1820 жылы 25 ақпанда Сыр бойына тағы да соққы берді. Хиуаға 802 қыз-келіншек, 410 түйе, 7085 жылқы, 1138 ірі қара, 45675 қой әкетілді. Шайқаста Арынғазы ханның анасы, бауыры Нұрым сұлтан, оның әйелі, ұлы, 33 туған-туысқаны тұтқынға түскен», - дейді. Демек, Кіші жүз ханы, Қайып ханның немересі, күнінде орыс –хиуамен арыстандай арпалысқан Арынғазының бауырының есімі де – Нұрым. Ақсуаттты жайлаған осы Нұрым емес пе екен? Анықтау керек.
Марат Бақтияров айтқан құлпытастарға күн кешкіріп кетуіне әрі көліктің шамасын ойлап, бара алмай қайттық. Құлпытастарды көріп, оқылса оқытып, төрелерге қатысы бар-жоғын анықтау да – алдағы шаруаның бірі. Жұрт болғасын, зират болады. Егер, ол қауым төрелерге тиесілі болса, арасында белгілі тұлғалардың құлпытасы болуы мүмкін.
Ал, Шынтас Қаратаев туралы әңгіме бөлек. Батыс Қазақстан облысының энциклопедиясында «Шынтас Қаратаев – әнші-композитор. 1884 жылы Ақбақайда туған, 1948 жылы сол жақта қайтқан. Қаратай сұлтанның Тілеу деген баласынан тараған ұрпақ. Мұхит Мерәліұлының қасында жүріп, ән үйренген, ел арасына таратқан. «Он алты қыз» әнінің авторы, – делінген. Белгілі өнертанушы Жарқын Шәкәрім айтуынша, бұл әнді қазақ музыка өнеріне Ғарифолла Құрманғалиев «таныстырған». Ғарифолла Шынтастан үйренген. Ал керек болса? Сонда, «Он алты қыз» әні Алаш аспанына Сырымның даласынан әуелеген бе? Шынтас мекендемесе, орнығып отырмаса Қақпақтының бір беті Шынтас деп атала ма?
Бақытжан мен Шынтас ештеңе емес, халық арасында Қаратай сұлтанның зираты да біздің жақта, Шідерті бойында жатыр деген әңгіме бар. Ол дерек тарихшы-ғалым Аққали Ахметтің «Қаратай сұлтан» кітабына да кірген.
– Қаратай бүгінгі Батыс Қазақстан облысы, Жымпиты селосынан 18 шақырым жердегі Шідерті өзені жағалауындағы Байбақты қорымында жерленген. – дейді ғалым. Қаратай өз алдына бөлек тұлға, бөлек тақырып. Оған кейін оралу ойда бар.
Хамит ақсақал Қаратаевтардың жұртына қатысты тағы бір қызық оқиғаны айтыпты. Қайбір жылы ол Мұхамбетқалиев (есімі есінде жоқ) деген «Правда» газеті атындағы астық совхозының учаскелік инспекторымен келе жатып, Қаратаевтың жұртынан, күлдің басынан тапанша тауып алыпты.
- Кішкентай тапанша. Қара түсті. Сырты аздап таттаныпты. Ішінде бір оқ тұр. Атылыпты. Қасымдағы Мұхамбетқалиев:
- Мына тапаншамен кімді атты екен? – деп сұрады. Кейін тапаншаны капитан (инспектордың шені капитан екен) өзімен алып кетті, – дейді Хамит ақсақал.
Тапанша - дәулетті адамдар ұстайтын дүние. Хамит Бақтияров: - «Шағын, қара. «Макаров» тапаншасына ұқсайды» - дегенде, ойымызға ТТ (Тульский Токаревский) тапаншасы түсті. Оның түсі – қара, Макаров тапаншасына ұқсайды. Наганды алмастырған ТТ маркалы қару 1930 жылдары жасалып, 1933 жылдан бастап қолданылған. Тағы бір сұрақ көлбеңдейді. Қақпақтыдан табылған тапанша Қаратаевтардікі емес пе екен?
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz