4.09.2020, 10:15
Оқылды: 254

Қылышын сүйреп қыс келеді, мал азығы дайын ба?

Әлқисса! Жем мен шөптің айналасындағы әңгіме әлі де толастар емес. Көңіл алаңдаулы. Кезекті жұмыс күндерінің бірінде редакцияның телефонына Жаңақала ауданына қарасты Қызылоба ауылдық округінің тұрғыны Бақытжамал Магзенова есімді оқырманымыз хабарласты. Газетіміздің №28 санының 3-ші бетінде жарық көрген «Шөп бағасы неліктен шарықтап тұр?» атты мақаламызды оқығанын, қазіргі кезде жағдайдың мәз еместігін айтты.

Shop (2)

«Менің пікірім ауылда отырғаннан кейін халықтың басым бөлігі малмен күнін көріп отыр. Басқа кәсіптің көзі жоқ. Малға сүйеніп отырмыз ғой. Малға ғана қарап отырғанымызды несіне жасырайық? Бұрын ондай жағдай болған жоқ еді. Шөптің қымбат бағасы ауыр тиіп тұр» деді Б.Магзенова Қызылобаға барған сапарымызда. Бақытжамал әженің айтқандары кәдімгідей ойландырып тастады. Малы аздар да, малы көптер де қиналады дегенді және айтты.

Бір қап астықтың бағасына тең

Халықтың үміті солып, алдындағы азын-аулақ малын сатып, азығын алуға қамданып отыр. Әрине, жағдайы көтермейтін шаруалар да бар. Ол өз алдына бөлек тақырып. Мәселені қаузау мақсатында арнайы іссапармен Қызылоба, Пятимар, Бірлік ауылдарына және С.Меңдешев атындағы ауылдық округке арнайы бардық. Ауыл әкімдерімен жүздесіп, қысқа дайындықтарын сұрап, халықтың қанша пайызы жем-шөппен қамтамасыз етілгенін сұрадық.

Shop (3)

- Шөп бағасы 8 мың теңгеден басталады. 8 мың 500 теңгеден де, тіпті одан да арзанға әкеліп жатқандар бар. Қазір біздің ауылымыздағы тұрғындардың 70 пайызы қысқы мал азығымын қамтамасыз етілді. Ауыл маңында Бесоба деген су шығатын жер бар. Сол жерден шаруа қожалықтарымен келісіп, олардың сұранысы бойынша өзара ынтымақтасып 1000 құшақ құрақ шабылды. Оның жартысы халыққа 4 мың теңгеден берілді. Оның 90 данасы аз қамтылған отбасыларға тегін берілді. 4 мың теңгеден берілген шөпті арнайы тізім бойынша тұрмысы төмен отбасыларға бердік. Жусан мен тікен араласқан шөпті 6 мыңнан сатып жатқандар жетерлік. Сондай-ақ Қаратөбе, Сырым, Тасқала аудандарынан 8 мың теңгеден шөп келіп жатыр, - дейді қысқы мал азығы жөнінде Пятимар ауылдық округінің әкімі Жақсылық Хайрелов. Жас та болса бас бола білген, тұрғындарға жеңілдікпен шөп алуға жағдай жасаған Жақсылықтан басқа әкімдер де үлгі алса нұр үстіне нұр болмақ.

Тұрғындардың да айтары бар

- Мен Пятимарда туып-өстім. Осы ауылда 55 жыл көлік айдап, жүргізуші қызметінде болдым. Жасым 80-ге келді. Өзім үшін емес, халық үшін қиналамын. Осыны жиналыс сайын айтамын. 1953,1963,1976-шы жылдардың қоянын көрдім. Халық сол кезде малын қыстан аман алып шықты. Биылғы қыс та қатал болады деген әңгіме бар. Бұрындары шөптің бағасы арзан еді. Қазір шөп бағасы шарықтап кетті. Алсаң да, алмасаң да 8 мыңнан түспейді. 6 мыңға сапасы нашар шөпті алғаннан пайда жоқ. Отбасындағы бір адам жұмыс жасаса, оның табысы шөпке жетпейді. Қарызданып шөп алса, оның бала-шағасын кім асырайды? Осы жағын Үкіметтегі жандар бір бақылауға алса, күрмеулі мәселе шешімін тапса деген тілегім бар, - дейді ақсақал. Иә, Сабырғазы ақсақалдың айтуы орынды. Малы бары малын сатып шөп алар, ал малы аз жандар ше? Олар малдарын сатып жіберсе, күнкөрістің қамын кім ойлайды? Біреу келіп қазандарына тамақ салып бермесі анық.

Шөп тасу оңай емес

- Жыл сайын шөп тасумен айналысамын. Халыққа 8 мың теңгеден сатып жатырмыз. Тасқала жағынан тасымалдаудамыз. Барып келуді қосып есептегенде 500 шақырым жолды жүріп өтеміз. Бір күн барамыз, екінші күні тиеп шығамыз. Жолдың азабы бар. Оны бәрі біледі. Далалық жолда дөңгелектер жарылатын кездер де болып тұрады. Осыған дейін 8 рет тасыдым. Бір алып келгенде 75 рулон шөп алып келеміз. Тасқаладан 4000-4500 теңгеге сатып аламыз. Бастапқы кезде сәл арзандау еді. Шөпке сұраныс артқаннан кейін ол жақтағыларда қымбаттатып жіберді. Шөп тасу маусымы біткенше толықтай тасимын деп отырмын. Себебі өзге жақтан келгендер өзіміздің тұрғындарға қымбатқа сатады. Алдын ала тапсырыс беретіндер де бар. Ақшасын бөліп төлейтіндерге де түсіріп беріп жатырмыз. Ауылдың адамдарымыз ғой, жағдайы төмен отбасыларға түсіністікпен қараймыз, - дейді Пятимар ауылының тұрғыны, шөп тасымалымен айналысатын Қуат Хасанов. Елдің жағдайын түсініп, бөліп төлейтіндерге де қарайласып жатқанына ішіміз жылып қалды.

Shop (4)

Ауылдық округ әкімдері не дейді?

- Мәстексай аулының 50 пайызы қысқы мал азығын қораларына түсіріп алды. Былтырдан қалған шөптері бар отбасылар да жоқ емес. Шаруа қожалықтары тұрғындардын сұранысы бойынша үйлеріне шөптерін апарып береді.

Ибрашев Ерболат есімді азамат біраз адамның ақшасын алдын ала алып, қазіргі кезде бастап тасып жатыр. Бірақ тасымал жағы қиын соғып тұр. Себебі жол қашық. Ауылдан 100 шақырым қашықта орналасқан Зейнолла деген жерден тасиды. Шаруа қожалықтарына түсінік жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осы кезге дейін жұмыс істеп келе жатырмыз. Бірақ халықтың шөптен қиналып, малына азық таба алмай қалғанын көрмедім. Шаруа қожалықтары қарайласып, халықты алып шығады деп ойлаймын, - деп жауап берді Мәстексай ауылдық округінің әкімі Сәуле Мұхамбетжанова.

Ал, Жаңақазан ауылдық округінің әкімі мына нәрселерді тілге тиек етті:

«Біздегі баға бақылауда. Халық шөпті 4,5-5 мың теңге көлемінде ақшаға сатып алып жатыр. Құрақ шабу әуелден келе жатқан дәстүр. Халық қамсыз қарап отырмай, өздері де амалын тауып іске кірісуде. Амандық болса, қыстан жақсы шығамыз».

- Биылғы шөптің жағдайы бәрімізге келгілі. Көл табандарына орақ түскен жоқ. Құмға қарай орналасқан шаруа қожалықтары аздап шапты. Өзге аймақтардан тасып жатқандар бар. Шөптің бағасы біздің ауылымызда да 8 мың теңгеден басталады. Олар да түсінген шығар, мал қыста ақша жемейді. Мал ұстайтындардың бәріне де шөп керек, - деп жауап берді Бірлік ауылдық округінің әкімі Ерсайын Еслямғалиев. «Шаруа қожалықтары халыққа көмектесіп жатыр ма?» деген сауалымызға Е.Қойшекенұлы былай деп жауап берді:

«Шаруа қожалықтарының да жағдайы шөп жағынан мықты деп айта алмаймын. Түсінік жұмыстарын жүргізген жоқпыз. Алдағы уақытта айтуын айтамыз, арғы жағын өздері шешеді ғой. Оларға шөп бағасын төмендет деп міндеттейтін біздің құқығымыз жоқ».

Аудан әкімінің орынбасарына бардық

Ең соңғы аудан әкімінің орынбасары Асқар Мұхамбетжановқа арнайы бардық. Ел-жұрттың сауалдарын қойып, шөп мәселесін қаузадық.

- Мал азығының тапшылығына соңғы жылдары қуаңшылық кесірін тигізуде. Қуаңшылық осымен үшінші жылға созылуда. 2018 жылы басталды шөптің жетіспеушілігі. Әсіресе былтыр және биыл сырт жақтан тасымалдауды бастадық. Құм жағын айтпағанда қыр жақта орналасқан ауылдарға оңай болмай тұр. Аудан орталығын қосқанда 5 ауылдық округ шөптің жетіспеушілігін сезініп отыр. Қызылобаның өзінде 16 мың гектар үлкен көлдік бар. Жылда сол жерге су шығып жүрді. Биыл мүлдем су шыққан жоқ. Қазіргі ахуал шөптің болмауына келіп тіреліп тұр. Шаруалар Қаратөбе, Сырым, Тасқала аудандарынан және Оралдың маңынан тасып жатыр. Жеке кәсіпкерлер де тасымалдауда. Басында 10 мың теңге болса, қазіргі кезде 8 мың. Бұл мәселені маусым айының аяғы, шілденің басында көтеріп, облысқа жағдайды айтып, дабыл қаға бастадық. Шаруа қожалық жетекшілері мен кәсіпкер азаматтарға айтарым мынадай қиын жағдайда елдің жағдайын ойлау керек. Бір күндік ақша табуды емес, елдің жағдайына алаңдап, соған сай жақсы әрекет етсе дейміз. Халықтан пайда көремін деген ойдан аулақ болса екен. Сіз бен біз болып, соған атсалысайық, - деп ойын түйіндеді аудан әкімінің орынбасары Асқар Жомартұлы.

 Сөз соңы

«Қорада бұзау туса, далада шөбі өседі» немесе «Мал шөпке, адам сөзге тоқтайды» дейді дана халқымыз. Мал азығының аздығы алаңдатқасын қолымызға қалам алып, елдің базынасын жеткізуге тырыстық. Шаруаға әр айыр шөп қымбат. Сол себепті шөпті сататын жандар түсіністік танытып, бұдан бөлек тұрғындар да бейқам қарап жатпай қамданса құба-құп. Жауапты жандардың артына шам алып түсейін деген ниетіміз жоқ, олар да қолдарынан келгендерін жасауда.  «Бәрі де Отан үшін» дегендей бәріміз жұдырықтай біріксек, алынбайтын қамал жоқ деп ата-бабамыз әуел бастан айтып кеткен жоқ па? Соны ескерсек қанеки...

Жанайдар Болатбекұлы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале