Әйелдің мойнына жүктелген ауыр жүк – ана болу, ал көп баланың анасы болу нағыз ерлікке татиды. Қазір көпбалалы отбасын көргенде таңдай қағатынымыз рас. Көпшіліктің көкейінде «балаларды қалай асырайды?» деген сұрақ туындайды. Артынша «әр баланың өз несібесі бар ғой» деп жатамыз, десе де оның оқуы, жоғары білім алуы мен қазақ үшін қасиетті үйлену тойын жасауы, ол, әрине, оңай дүние емес. Бірақ қазақ ұрпағының тәлім-тәрбиесінен қашқан ба? Десек те қоғамда алтын құрсақты аналарға ерекше құрмет қажет екені сөзсіз. Ондай құрметке бөленіп жатқандар аз емес.

Біз әңгіме еткелі отырған Нұрсұлу Ізғалиева 6 баланың анасы. Жас ана 1982 жылы Тасқала ауданы, Ынтымақ ауылында дүниеге келген. 2003 жылы өмірде сүйіктісі Ерланды жолықтырып, өзге үйдің босағасын аттайды. Бүгінде жұбайы Ерлан мектепте күзетші болып жұмыс істейді. Қасиетті қара шаңырақта он адам тірлік кешуде.
Нұрсұлу 2004 жылы жоғары оқу орнын «Информатика және физика пәнінің мұғалімі» мамандығы негізінде тәмамдаған. Қазіргі таңда осы мамандығының жемісін көріп отыр. Тұңғышы Тамерлан 2003 жылы дүние есігін ашқан. Биыл 11-сыныпты бітіріп, арман қуып Алматыға білім алуға аттанған. Екінші перзенті Ермахан 2005 жылы өмірге келген, ол да ер жетіп, 9-сыныпты бітіре сала медицина саласына оқуға түскен. 2009 жылы көптен күткен қыз бала Назым өмір есігін ашса, 2015 жылы Айкөркем, 2017 жылы Жанерке қосылып, әулет балалар күлкісіне толды. Ең кенжесі әрі үйдің еркесі – Адема 2019 жылы туған.
Нұрсұлу Исмағұлқызының айтуынша, көпбалалы ана болу – батырлық.
– Әр баланың өз орны, мінезі, өзіндік көзқарастары болады. Бәрі тәрбиеден бастау алары сөзсіз. Сондықтан «үлкенді сыйла, кішіні құрметте» деп ақыл айту – бізге парыз. Балаларым жан-жақты, үйде де, дала жұмысына да, сабақ уақытына да үлгеріп, бір-біріне көмектесіп, бір-біріне қамқор болып өсіп келеді. Үлкендері спортты жақсы көреді. Барлық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Екінші ұлым Ермахан облыс көлемінде шаңғы, қол күресі, теннис, туризм жарыстарының жеңімпазы. Тұңғыш ұлым Тамерлан ғылыми жоба жазып, облыс көлемінде 1-орын иеленді. Үшінші қызым Назым да ағаларының артынан ілесіп, спортқа қызығушылығы артты. Облыс көлемінде спорттық жарыс жеңімпазы. Нақтырақ айтсақ, шаңғы сайысының бағдары жеңімпазы, оған қоса аудандық спорттық іс-шараларға, қосымша білім беру ұйымдарына қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Пандемияға байланысты Назым онлайн жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алды. Сол үшін жетекшісі Динара Рафиловнаға алғысымды білдіремін. Барлық қыздарым да үй шаруасына өте ұқыпты. Өздері әр жұмысқа тиянақтылықпен қарап, әжесі мен атасына көмектесіп жүреді. Үйде құс асыраймыз. Балалар тауық, қаз бағымын жауапкершілікпен атқарады. Бестің шайына деп бізге тәтті нан, бәліш пісіреді. Қыз бала деген әрқашан анасының көмекшісі ғой. Ал ұлдарым болса, сыртқы жұмыстарды керемет етіп орындап қояды. Әрқашан ата-әжесінің тілін ұғып, айтқанды қайталатпайды. Балдарымды өте қатты жақсы көремін. Тек солар аман болсын! – деп ағынан жарылды.

Нұрсұлудың енесі Канекей Қанатқызы – ардагер ұстаз. Бастауыш сынып мұғалімі болып абыройлы қызмет еткен. Отбасындағы үш келіннің мамандығы да мұғалім. Үлкен абысыны Бакиза Еркенқызы – қазақ тілі және әдебиеті пәнінің маманы, ортаңғы абысыны – Динара Рафаилқызы Қ.Сатпаев атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі, ал кейіпкерім Достық ауылдық округінде физика-информатикадан сабақ береді. Үйде абысындар арасында педагогикалық жиналыстар өтіп тұрады, тәжірибелерімен бөліседі. Өзара сыйластықтары өзгелерге үлгі.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы негізінде Орал қаласынан пәтерге ие болған тату отбасы осынау бақыттары үшін ата-енелеріне ризашылықтарын айтудан жаңылмайды.
– Ең бастысы, жақындарымыз аман болсын. Барлық аналарға көпбалалы болу бақытын нәсіп етсін, – дейді Нұрсұлу Ысмағұлқызы.
Тағы бір алтын құрсақты ана – Жібек Кушалиева. Ол «Күміс алқа» иегері, Тасқала ауданының тумасы. Отағасы екеуі 1995 жылы отау құрған екен. Қазіргі таңда алты баланың анасы, үй шаруасында. Жолдасы Қуаныш отбасының асыраушысы, жеке кәсіппен айналысады. Тұңғышы – Архат отбасын құрған, ата-анасына немере сүйгізіп отыр. Әдемісі жоғары педагогикалық институтта мұғалім мамандығында білім алуда. Үй шаруасына мығым, пысық қыз. Думаны спортқа жақын ұл. Төртінші перзенті Арна үздік оқушы. Бесіншісі Ерхан да сабағын үздік оқиды. Сыртқы шаруаға өте икемді. Үйдің ең кенжесі, еркесі – Ибраһим. Ол да үлкендерге еркелеп, сүйкімді, елгезек боп өсіп келеді, – дейді анасы.
– Барымызша жақсы тәрбие беруге атсалысып жүрміз, әрине. Барлығы да өте пысық, үй шаруасына да, сабаққа да, басқа қосымша үйірмелерге де барады. Балалар еңбекқор, тілалғыш, ата-анасына барынша көмектесуге тырысып жүреді. Ана болу – ол үлкен бақыт, Алланың берген үлкен сыйы. Осындай үлкен отбасы болғанымызға қатты қуанамын, өйткені бала кезімнен үлкен отбасын армандаушы едім, – дейді Жібек Набиуллақызы.
Гүлмира Мақанова,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz