11.09.2020, 19:10
Оқылды: 128

Жарық неге жиі өшеді?

Айдың күні аманда Жаңақалада қазіргідей күннің аптап ыстығына қарамай-ақ жарық жиі өшетін болып жүр. Жарқырап тұрған жарықтың әп-сәтте жалп етіп өше қалуы көпшіліктің орынды өкпе-назын туғызары анық. Мұның алдында да бұл жағдай жиі қайталанды. Бұдан бағаналардың әбден ескіргенін байқауға болады. Алайда, электр жарығына төленетін ақшаны халық төлеп отыр.  Демек, коммуналдық төлемдерге қосылатын қаржы неге бағаналарды жаңалауға жұмсалмайды?

Бүгінгі күні электр қуатына деген тәуелділігіміз артып келе жатқаны жасырын емес. Күнделікті тіршілігімізді осы бір қуат көзінсіз елестете алмаймыз. Қысқасы, қай сала болсын электр қуатынсыз жұмыс істей алмайды. Оның үстіне, қазіргі таңда аудандағы барлық мекемелер толықтай компьютерлендірілген. Қуат кенеттен болмай қалса, талай адамның еңбегі зая болады.

Жаңақалада кейінгі кездері күндіз жарықтың сөнуі жиілеп кетті. Техникалық ақауларға байланысты болса түсінер едік. Ал оның ойламаған жерден қайта-қайта жалп етіп сөне қалуы жүйкені жұқартып, жұмыс жасауға бөгет болуда. Ал бұл жағдай кез-келген саланың ырғақты жұмысына кесірін тигізері анық. Газетке материал жіберуге келгенде редакция ұжымына да өте қатты қиындық тудырып отыр. IMG_9096

Сонымен қатар осындай жағдай тұрғындарды да әбден зәрезап қылғандарынан хабардармыз. Редакциямызға соңғы кездері осы мәселе төңірегінде жиірек қоңырау шалынып, істің мәнісін сұрап, арнайы атбасын тіреушілер де көп. Жарықтың жиі өшуіне тұтынушылардың, яғни, қарапайым халықтың ешқандай жазығы жоқ. Өйткені өздері тұтынған электр қуатының ақшасын ай сайын төлеп отыр. Қолдарына түбіртек тиген бойда басқасын ысырып қойып, бірінші кезекте электр қуаты үшін бережақты төлеуге асығады. Уақытылы есептесіп отыруды жадыларынан шығарып алса, әй-шайға қарамай желіден қиып кететінін жақсы біледі. Бұл тұрғындардың сана-сезімінде қалыптасқан жайт. Сондай-ақ, олар ток көзіндегі тұрақсыздық үйлеріндегі тұрмыстық техникаларды істен шығара ма деп те қауіптенеді. Ауыл тұрғындарының осы жанайқайынан құлағдар болғаннан кейін, біз де аудандағы Батыс Қазақстан электр желілер тарату компаниясы «Акционерлік қоғамы», Жаңақала аудандық электр торабы бөлімінің басшысы Бауыржан Бигалиев мырзаға барып, мән-жайды сұрап, білдік.

IMG_9104

- Біріншіден, көшелердегі шамды ауыстырып, жөндеу жұмысын жасау кезінде жарықты сөндірмей жұмыс жасай алмаймыз. Ондай технология біздің елде дамыған жоқ. Екіншіден, электр бағандары, желілер өте қатты тозып тұр. Жетпісінші жылдары жүргізілген сымдармен жөндеу жұмыстарын жүргізу тіптен қиын. Үш жыл болды, біздің мекемені бір компания сенімді басқаруға алды. Олар да дәрменсіздеу болып тұр. Ешқандай материал жоқ. Бар материалмен сымдарды бір біріне жалғап, жасап жүрміз. Әбден үзіле-үзіле жалғау болған сымдар кернеуге шыдас бермей, жарық жиі өшіп қалады. Үшіншіден, жарықтың жиі өшуіне күн райының да қолайсыздығы бар. Жел, жаңбыр болғанда апаттық қауіп тудырмас үшін өздігінен ажырату іске қосылады. Оны оперативті түрде қалпына келтіру, қайта қосу аздаған уақыттарды алады. Осы орайда тұрғындардың туындаған уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауларын өтініш етіп, өз тарапымыздан кешірім сұраймыз. Сондай-ақ, үй-жайлардағы, мекеме-кәсіпорындардағы электр энергиясын шамадан тыс тұтыну да сақтандырғыш тетігінің қызып кетіп, істен шығуы да жиі орын алады. Сондықтан қуат көзін пайдаланған кезде осыны ескеруді қаперлеріне береміз. Тұрмыстық техникалардың істен шығуы қауіптілігіне келсек, «сақтанғанды құдай да сақтайды» дегендей, жарық бір өшіп, бір жанып тұрған кезінде ток көзінен уақытша ажырата тұруға кеңесімізді береміз. Әрбір жарықтың қай күні, неден өшкенін журналға тізіп жазып отырамыз. Тағы бір айта кететін жағдай, Жаңақаладағы тек 11 шақырым жер электр торабының теңгерімінде, ал қалған 46 шақырым жері жаңадан салынған. Батыс беті түгел ауылдық әкімдіктің теңгерімінде. Яғни, ол жерлерге әкімдік жауапты. Себебі ол жер біздің мекеменің теңгерімінде болмағандықтан, біз барып қарауға тиісті емеспіз. Бір монтер қатеге ұшыраса, оған жауапты біз боламыз. Сол жерлерден апат болса, қорғаныс жүйесі автоматты түрде жарықты сөндіреді. Біз тасымалдаушы мекемеміз. Ал халықтан ақша алатын мекеме «Батыс энергия ресурс» ЖШС мекемесі. Халықта қалыптасқан пікір «Мен ақшамды төлеп отырмын, неге жарық жоқ?» деп бізге арызданады. Халық сол мекемеге өзі пайдаланған жарыққа ақша төлеп отыр. Біз тек жеткізуші мекемеміз. Сондай-ақ, біздегі ең өзекті мәселе – кадр мәселесі. Жалақы төмен болғандықтан монтерлар 1-2 жыл жұмыс барысын үйреніп, кетіп қалады. Бес күндік жұмыс күні болғандықтан жұмыстан тыс уақытта апат болған жағдайда оның себебі неден болғанын, қызметкерлерді үйінен алып шығудың өзіне көп уақыт кетеді, - дейді электр торабы бөлімінің басшысы Бауыржан Бигалиев.

Осындай әңгімеден соң электр торабы бөлімінің басшысы Бауыржан Қанатұлымен өзі отырған ғимаратты аралап көрдік. Мұның өзі адам шошырлықтай, тозығы жетіп тұр екен. Одан әрі 2016 жылы аудан әкімдігі орнатқан РП-10кВ-ге бардық. Ол жерде пеш, салқындатқышқа дейін орнатылып, барлық жағдай жасалған. Содан соң станция торабының жай-күйімен танысып қайттық.

Иә, «басқа түссе баспақшыл» демекші, осындай қиындықтардың алдын алуда ауылдық әкімдікпен бірлесе әрекет етіп, жұмыла атқарып жатқан жұмыстары да жоқ емес. Жалпы, «Цифрлы Қазақстанға» бет бұрған мемлекетімізде бұл мақсатқа қол жеткізу үшін ең алдымен ауылдардағы жарық сапасын қалпына келтіру керектігі айтпаса да түсінікті. Оның үстіне қашықтан оқыту үрдісі тәжірибеге жаппай енгізіле бастаған кезеңде.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, жыр болған жарық мәселесін шешудің қиындығы қолбайлау болып, халықтың қабырғасына батып тұрғандығын айтқымыз келді. Олай болса, мәселенің мәнісін жазу бізден, шешімін шешу жауапты мекемелерден деп мақаламызды түйіндейміз.

Ақсәуле СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Абзал Ахметов,

Жаңақала ауылдық округінің әкімі:

 

- Жел мен жаңбырда жарықтың өшіп тұратыны рас. Ол ескі трансформатордың салдарынан болса керек. Оны жөндеу қаражатқа келіп тіреледі. Алдағы уақытта апаттық жағдайлар болған жағдайда бір көшенің жарығын сөндіргенде, барлық көше сөнбес үшін барлық жағдайды жасауға қаражат жағын қарастырып жатырмыз. Бұның бәрі бюджеттің қаржысына байланысты шешіледі.

 

Амангелді Бекқалиев,

ауыл тұрғыны:

 

- Қазіргі таңда жарық энергиясы ең қажетті қуат көзі болып табылады. Үй тұрмысынан бастап, қызмет орындарындағы құрал-жабдықтардың бәрі электр энергиясына тәуелді. Жарық сөнсе, бәрі тоқырайды, тоқтайды. Әр үйге келетін ауыз су, байланыс құралдары, тіпті үйді жылыту жүйесіндегі су айналымы тоқтап, қыста үй суытады. Осындай қажеттілік кезінде ауылымызда жарықтың сөнуі қынжылтады, қиындық тудырады. Соңғы 2-3 жылда жиілеп кеткені сонша ауа райының тамылжып тұрған желсіз, жауын-шашынсыз күндерінде де сөніп қап, қолайсыздық тудырады. Осы мәселенің себебі неде екенін білгіміз келеді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале