Қазақ мәдениетінде байырғы, құнды саланың бірі – қолөнер. Ежелден аңшылықты серік еткен, малшылықпен айналысқан халқымыз жан-жануарлардың, балықтардың сүйектерін кәдесіне жарата білген. Шеберлер үй жиһаздарын, тұрмыстық заттарды, қару-жарақтарды әзірлегенде және оларды әшекейлеп безендіргенде сүйекті кеңінен пайдаланған.
Орал қалалық мәдени-ағарту бірлестігі ұйымдастырған шеберлік сағатына Тасқала ауданы 2 Шежін ауылының тұрғыны, сүйектен бұйым жасаушы шебер, сирек өнер иесі, республикалық, облыстық көрмелердің жеңімпазы Укужан Танабаева шақырылды.
Шебердің қолынан шыққан бұйымдардың мазмұны мен тәрбиелігінде мән бар. Кеш иесінің аталмыш өнермен айналысқанына үш жылдай болған екен. Шебер сүйектердің ішінде кәрі жілікті қасиетті деп санайды.
Оның қолынан туындаған «Алтын қасық», «Бәйтерек», Қобдиша», «Қыз Жібек пен Төлеген», «Алтын кесе», «Тотықұс» туындыларының өзіне тән мағыналары бар.
Автордың «Бәйтерек» туындысында 75 сүйек, 25 бұтақ көрініс тапқан. Бұл туынды төл шаңырақтың бәйтеректей жайқалып, тамырын тереңге жаю мағынасын білдіреді.
Укужан ханымға қолданбалы өнер туындысы үшін ҚР авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізілімге мәліметтерді енгізу туралы куәлігі берілген. Объектісінің атауы «Береке. Байлық. Бақыт» деп аталады.
Шеберлік сағаты соңында Укужан Дмитрийқызына бірлестік әкімшілігі атынан алғыс табыс етілді.
Ертай Бимұханов,
zhaikpress.kz