Бүгін Жаңақала аудандық жасөспірімдер-балалар спорт мектебі күрделі жөндеуден өтіп, қайта пайдалануға берілді. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева, мердігер Орал «Полимер» серіктестігінің өкілі Әділбек Шамишев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Талғат Жанболатов, спорт ардагерлері Сансызбай Мырзашев, Батима Рахметова, жасөспірімдер-балалар спорт мектебінің директоры Жайсан Есекенов және спорт саласының мамандары қатысты.
Спорт мектебінің ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары А.Нұрғалиқызы:
– Құрметті спорт ардагерлері, аудан тұрғындары, осы мектептің жаттықтырушылары! Баршаңызды бүгінгі қуанышты күнмен құттықтаймын. Халықтың мұңы болған балалар спорт мектебі күрделі жөндеуден өтіп, міне, бүгін аудан спортшыларының игілігіне беріліп отыр. Биыл «Жұмыспен қамту жол картасы бағдарламасы» аясында ауданымызда 6 жоба осы бағдарламаға енген болатын. Жалпы құны 112 миллион теңгені құрайтын құрылысты аяқтаған Орал «Полимер» ЖШС. Жауапты мердігердің арқасында күрделі жөндеу жұмыстары уақтылы аяқталып отыр. Жөндеу жұмыстары болмаған күнде де осы спорт мектебінен чемпиондар шықты. Қазір барлық жағдай жасалған мектепте балалар емін-еркін жаттығу жасауға зор мүмкіндік алды. Сондықтан да жаттықтырушылар тек ерінбей еңбек етулері керек. Жаңақаладан дүйім дүниені мойындатқан әлем чемпиондары шығатынына сенемін, – деген ізгі тілегін білдірді.
Ел игілігіне берілген спорттық нысанның кілті Ж.Ахметұлына салтанатты түрде табысталды. Одан әрі болашақ спорт саңлақтарын тәрбиелейтін ғимараттың лента қию рәсімін спорт ардагерлері С.Баткенұлы мен Б.Досқалиқызы жасады. Келген қонақтар жаңартылған ғимаратты аралап, танысты.
Ақсәуле Сексенбайқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz