16.09.2020, 18:43
Оқылды: 92

Әскери қызметке іріктеу жалғасуда

Қазақ армиясының қатарын кәсіби білікті әскерилермен толықтыру мақсатында елімізде әскерден босаған қатардағы сарбаздарды келісімшартпен әскери қызметке қабылдау жүзеге асырыла бастады.

2

2012 жылдың 16 ақпанында қабылданған Қазақстан Республикасының "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі" туралы Заңының VI тарауында келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеру жөнінде арнайы баптар қарастырылған. Осы бап негізінде Орал қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасында келісімшарт бойынша қызметке орналасушыларды жинақтау жұмыстары жүргізілуде.

- Келісімшарт бойынша әскери қызмет ерікті түрде жүреді. Қызметке ниет білдіруші азаматтар төмендегідей талаптарға сай болуы тиіс. Біріншіден, Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс. Сонымен қатар курсанттарды қоспағанда, жасы он сегізден кіші болмауы керек. Әскери атағына байланысты әскери қызметте болудың осы заңда белгіленген шекті жасынан бес жас кіші, әскери лауазымға сәйкес келетін әскери есептік мамандығы бар және әскери кафедра немесе әскери оқу резервтерінде болған азаматтар ғана қабылданады. Азаматтың денсаулығы жақсы және бұрын сотталмаған болуы шарт. Осы талаптарға сай азаматтар жергілікті әскери орындарға жолығып, олардың келісімін алған жағдайда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің уәкілетті лауазымды тұлғасымен, әскери бөлім командирімен келісімшарт жасасады. Келісімшарт әуелі үш жылға келісіледі. Содан кейін әскери қызметшінің қалауы бойынша бес жылға, одан әрі 10 жылға ұзартылады.

Қабылданған заңның VIII тарауында әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру жайы жан-жақты қарастырылған. Бұл қызметтің ең басты артықшылығы – кепілді және уақытылы түрдегі лайықты еңбекақы. Ол әскери лауазымдары мен шендеріне қарай есептеледі. Соңғы кездері ел Үкіметі әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса көңіл бөлуде. Мемлекет тарапынан берілетін қызметтік баспана немесе отбасы мүшелерінің санына және қызметіне байланысты төленетін өтемақы, мемлекет есебінен әскери-медициналық мекемелерден берілетін медициналық қызмет осының барлығы Отан қорғаушыларға жасалып отырған қамқорлық ел мүддесіне қызмет етудің артықшылығын көрсетеді. Бүгінде Орал қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасында еліміздің Нұр-Сұлтан, Ақтау, Атырау қалаларындағы әскери бөлімдерге келісімшарт бойынша әскери қызметке іріктеу жалғасуда. Әскери қызметке жинақтау бөлімі Отан алдындағы парызын өтеп келген және өтеп жүрген азаматтармен кездесулер ұйымдастыруда.

ҚР Қарулы Күштері азаматтарды келісімшарт бойынша әскери қызметке шақырып, ел тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін Отан қорғаушы мамандығын таңдағандарға сенім артады. Әскери қызметші болуға ниеттенген азаматтар болса, Орал қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасы келісімшарт бойынша әскери қызметке жинақтау бөліміне жолығып, осы бағытта кеңінен мағлұмат алуына болады, - дейді Орал қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының тәрбие, идеологиялық жұмыстар, әскери патриоттық және Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің ардагерлерімен жұмыстар бөлімшесінің инспекторы Анар Кайсағалиева.

 

Ертай Бимұханов,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале