Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн режимде өтіп жатқан Қазақстан машина жасаушыларының VIII форумы қатысушыларына құттықтаухат жолдады.
Хатты «Қазақстанның машина жасаушылар одағы» заңды тұлғалар бірлестігі басқармасының төрағасы Мейрам Пішембаев оқып берді.
«Құрметті форум қатысушылары! Сіздерді Қазақстан машина жасаушыларының VIII форумының ашылуымен құттықтаймын. Форум мемлекет пен бизнестің жүйелі диалогы, машина жасау саласының өзекті мәселелерін шешу үшін сұхбат алаңына айналды. Биыл шаралардың басым бөлігі онлайн режимде өтіп жатыр. Бұл форум да солай өтуде және оның аясында І Халықаралық машина жасау және металл өңдеу онлайн-көрмесі ашылған. Пандемиямен байланысты күрделі экономикалық кезеңге қарамастан отандық машина жасау осы жылы 14 пайыздық жақсы өсім қарқынын көрсетіп отыр. Осы көрсеткіш бойынша машина жасау елдің бүкіл өңдеу секторында көшбасшы орынға шықты. Менің Жолдауымда нағыз әртараптандырылған, технологиялық дамыған экономиканы құру, өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемін 1,5 есе арттыру тапсырмалары жүктелді», – деп атап өтеді ҚР Президенті құттықтауында.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың атап өтуінше, мемлекет бұл үшін отандық өндірушілерді қолдау тетіктерін жетілдіріп, өнеркәсіптік саясат туралы заң қабылданатын болады. «Жаңа жағдайдағы Қазақстан машина жасау саласы өзінің қарқынды дамуын жалғастыратындығына сенімдімін. Саланың өндірісті кеңейтуге және экспортты арттыруға айтарлықтай әлеуеті бар. Барлықтарыңызға жемісті жұмыс және алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуді тілеймін!», – деді Мемлекет басшысы.
zhaikpress.kz