Облыс әкімдігі бос жатқан жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмысын қарқынды жүргізуде. Бұл шаруаға Орал қаласындағы арнайы жұмыс тобы да білек сыбана кіріскен. Бірақ облыс әкімі Ғали Есқалиевтың төрағалығымен өткен жиында жер учаскелерін қайтаруды жеделдету бағытында шаһар басшысына сын-ескертпелер айтылып, тапсырмалар берілді. Селекторлық режимде өткен жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, қала және аудан әкімдері, облыстық басқарма басшылары қатысты.
Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековтың баяндауынша, төрт жер пайдаланушы мемлекеттiк меншiгіне ауыл шаруашылығы мақсатындағы 597,15 га, екі жер пайдаланушы коммерциялық бағыттағы 4,74 га жер учаскелерін өз еркімен қайтарды. Қала аумағынан 14 дүңгіршек алып тасталынды. Сот шешімі арқылы коммерциялық бағыттағы 2 жер учаскесі, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2 542 га жер мемлекет меншігіне берілді. Инспекциямен бірлесе атқарылған жұмыс нәтижесінде 97 нысанға қатысты жерді заңсыз иемдену дерегі бойынша хат жолданды. Заңды белден басқандардың 70%-на инспекция әкімшілік жаза қолданған. Жалға берілген және бос жер учаскелерін түгендеу жұмысы нәтижесінде анықталған 135 жер учаскесінің 25-і бойынша жалға алу шартының мерзімі аяқталуы жақын екені, 93-інің координатталмағаны, 17-сінің иесіз жатқаны белгілі болды.
Мониторинг қорытындысына сәйкес нысаналық мақсатына сай игерілмей жатқан 11 жер учаскесі анықталды. Орал қаласы әкімдігінің 2014 жылғы 24 шілдедегі №1852 қаулысымен «TANURAL» ЖШС кондитерлік цех құрылысы үшін сегіз жылға 3 га жер телімін алған. Бірақ әлі күнге дейін цех құрылысы жүргізілмеуіне байланысты қала әкімдігі тексеріс жүргізуді сұрап, инспекцияға ақпан айында хат жолдаған. 2017 жылы «Бірлік» ЖШС асфальт бетонды зауытты орналастыру үшін «Кордон» темір жол станциясы ауданынан 30 га жер учаскесіне қол жеткізген. Бірақ зауыт түгілі, оның қарасы да көрінбеген соң, серіктестік иелігіндегі жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Қала әкімдігінің 2016 жылғы 06 мамырдағы № 1287 қаулысы негізінде Зачаганск кенті Ақан сері көшесі бойында 0,27 га жер телімін алған Әсел Жұмагалиева бес жыл ішінде балабақша салып бітіруі тиіс еді. Бірақ осы уақыта ішінде құрылыс жұмысын бастамаған.
– Расымен де, Орал қаласы маңындағы жер телімдерін иемденуге байланысты сыбайлас жемқорлық нышандары көп көрініс береді. Абат Абайұлы, осындай келеңсіздіктің алдын қалай алуға болады? Бұған дейін сізге бірнеше мәрте айттым. Бес-алты жыл бойы жер учаскесін алып, түк бітірмей отырғандар бар, – деген облыс әкімі Ғали Есқалиев шаһар басшысына сұрақты төтесінен қойды.
Қала әкімі Абат Шыныбековтің айтуынша, бұрын Жер кодексіне сәйкес жер учаскесі пайдаланушыларға тікелей беріліп келген, 2018 жылдың мамыр айынан бастап қалалық елді мекенге қарасты жер учаскелері аукцион арқылы өткізіледі. Қазіргі уақыта жер қатынастары саласындағы ұсыныстар электронды түрде қабылдануда. Бұл бағытта цифрландыру жұмысын жетілдіру жер иеленуге байланысты бәсекенің ашық болуын, нағыз іскер адамдарға учаске берілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік молаяды. Ендігі уақытта жер иесі үш жыл мерзім ішінде жобада көрсетілген құрылыс нысанын бастамайтын болса, қала әкімдігі заң аясында екіжақты келісімшартты бұза алады. Шаһар басшысы Орал қаласы бойынша бос жатқан жер туралы ақпараттарды қала тұрғындары және кәсіпкерлер uralsk.smartmap.kz интернет желісі арқылы анықтай алатынын хабарлады.
– Үш жыл бойы жер иесін қалай қадағалап отырасыз? Кәсіпкер екі жыл қам-қарекетсіз отырып, картада көрсетілген нысанның іргетасын салып көрсетуі мүмкін. Сосын «Заң аясында жұмысымды бастадым» дейді. Мұндай келеңсіздіктің алдын алу үшін бір апта ішінде нақты бақылау механизмі туралы жобаңызды дайындап, назарымызға ұсыныңыз. Жер иесі учаске бойынша құрылысты тиянақты жүргізу кестесін алып келуі керек. Әйтпесе, көпшілігі нысан қаңқасын қалқитып көрсетеді де, жалға беру мерзімін ұзартуды сұрайды. «Аqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы да жер үлестіріп, инвестор табуға болады. 2013 жылы «Магистраль» ЖШС-на балық шаруашылығын жүргізу үшін 615,44 гектар жер учаскесі 49 жыл уақытша пайдалануға берілген. Аталған серіктестік жердің бір ғана пайызын игерген. Соның өзінде қосалқы мердігер жалдаған. Бұрынғы «Рыбцех» аумағында бірегей тоғандар жүйесі бар. Басқа қалаларда мұндай тоғандар жүйесі жоқ. Қала сұранысын толық қамтамасыз ете алатын кәсіпорын құрға болады. «Магистраль» ауқымды шаруашылық жүргізуге болатын жерді толығымен игерсін немесе мемлекет меншігіне қайтарсын. Қала прокуратурасымен бірге жұмыстаныңыздар, – деген облыс әкімі Ғали Есқалиев геопортал мәліметтерін жаңартып отыруға қатысты сын айтты.
2020 жылғы 17 шілдеде жер заңнамасының сақталуын жоспардан тыс тексерулер жүргізу туралы облыс әкімдігінің қаулысы қабылдағаны мәлім. Орал қалалық және аудандық жергілікті атқарушы органдар жер пайдаланушыларға қатысты жер заңнамасының сақталуына қатысты жоспардан тыс тексеру жұмысын бастады. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өмірәлиевтің баяндауынша, облыс бойынша 2019-2020 жылдары ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылмайтын 907,5 мың га жер анықталды. Жергілікті атқарушы құрылымдарының түсінідіру жұмысын жүргізуі және БАҚ құралдарының жауапсыз жер пайдаланушыларының тізімін жариялауы нәтижесінде 113,3 мың га жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарып, оның ішінде 34,3 мың га жер учаскесі қайта айналымға енгізілді. Сонымен қатар 451,3 мың га жер учаскелерінің пайдаланушылары өзінің жер телімін нысаналы мақсатына сай игеруге кірісті. Қазіргі кезде нақты пайдаланылмай жатқан жерердің көлемі 342,9 мың га немесе 38%-ды құрап отыр. Мемлекеттік меншікке қайтарылған жерлерді айналымға енгізу мақсатында жергілікті атқарушы органдар ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану құқығын табыстау бойынша конкурстар өткізуде.
– Жер учаскелерін пайдаланбай отырған жер пайдаланушылардың тізімдері жариялануда. Аталған субъектілер бойынша тексеру жүргізілетінін, жерді уақтылы игермеген жағдайда нұсқама беріліп, жер салығының базалық мөлшерлемелерін он есеге дейін арттыру, нұсқаманы орындамаған жағдайда сот арқылы жер учаскелерін мәжбүрлеп алу шаралары қабылданатынын атап өткім келеді. Жер учаскелерін қайтаруға мәжбүр болғандар үш жыл бойые басқа жер учаскесін иелене алмайды. Заңнамалық актілерге түзетулер енгізілгеннен кейін ауыл шаруашылығы жерлеріне мониторинг жүргізілген кезде ғарыштық түсірілімдер негізге алынуда, – деді Мұрат Өміралиев. Облыс әкімі Ғали Есқалиев агроқұрылымдар мал басын жасыруды, иелігіндегі жерді қосалқы мердігерге жалға беруді тоқтату керектігін айтты. «Жерді игеруге қатысты мәселе туындаса, шаруашылық иелері бізден көмек сұрасын. Шын мәнінде, жер учаскесі бос жатса, мемлекет меншігіне қайтаруы тиіс. Құжат жүзінде иелік етіп, қам-қарекетсіз отыра беруден кей кәсіпкердің өзіне де пайда әкелмейді және оны өзгеге басыбайлы беретін ниеті де жоқ. Қала және аудан әкімдері бұл мәселеге көз жұма қарамасын. Бәйтерек ауданында бес жылдан бері 500-ден астам гектар жерді игермеген шаруашылық бар екені айтылды. 1 мың гектар жыртылған жерден бір жылда 100 миллион теңге пайда түсіруге болады. Кемінде, 8-10 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға болады, – деді сөзін пысықтаған облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Селекторлық жиында Тасқала ауданының әкімі Алдияр Халелов облыс әкімі тапсырмасымен Мерей ауылдық округінде ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерді дамыту бағытында қолға алынатын пилоттық жоба туралы баяндады. Пилоттық жобаға сәйкес ауылдық округтегі жеке қосалқы шаруашылықтарының басын қосып, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құру, қолданыстағы бағдарламаларға сәйкес бес жылда мал басына көбейту және жұмыс орындарын көбейту көзделген. Жиында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев «Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асуы жөнінде баяндады.
Нұртай Текебай,
zhaikpress.kz