Әне-міне дегенше, жаздың үш ай демалысы да аяқталып, жаңа оқу жылына қадам бастық. Бірақ биылғы жаңа оқу жылы бұрынғыдан тым бөлек екені бәрімізге мәлім. Жазғы демалысқа кетпес бұрын қашықтан оқыған төртінші тоқсанда ата-ана да, мұғалім де, оқушы мен студентте абыр-сабырға түсіп, абдырап қалған болатын. Оқу тоқсаны аяқталғаннан кейін еркіндік алып, босаңсыған оқушылар мен мұғалімдердің қайтадан «қамығатын» уақыты басталды.
Ата-анасының қалауымен штаттық режімде немесе ватсап желісі арқылы қашықтан оқуды бастап жатқан оқушылар үшін оқу қиынға соғатыны айдан анық. Онлайн мектеп платформасы арқылы оқып жатқан кейбір ата-аналар балаларының смартфоны бұл қосымшаны көтере алмайтындарын, платформа интернеттің нашарлығына байланысты ашылмайтынын айтып дабыл қағуда. Оқу жылының басталғанына 15 күн болды. Ата-ана не дейді? Қолдарына шары мен гүлін алып, ақ көйлегі мен галстугін тағып, ерекше сезіммен алтын ұясына оралатын оқушылар биыл ол сезімді бастан кешірді ме? Мұғалімдер қандай сезімде?
Т. Жароков атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Жасқайрат Каргин «Online Mektep» платформасы арқылы жұмыстанып жатқанын, оқу басталғаннан бері аз ғана уақыт өтсе де, ұстаздар қауымы айтарлықтай қиыншылықтарға тап болып отырғанын, бұндай қиындықтардың басты себебі, мұғалімдер мен оқушылардың жоғары жылдамдықты интернетпен түгел қамтылмауы екенін айтты.
- Бұл өз кезегінде олардың аталған білім платформасына қосылып, толыққанды жұмыс жасауына кедергі болып тұр. Мәселен, мен үйіме интернет кіргізе алмай отырмын. Өзім де, зайыбым да - мұғалімбіз. Үш балам мектепте оқыса, үлкен қызым – студент. Яғни 6 адам қашықтан оқып, жұмыс жасап отырмыз. Шынымды айтсам, интернет нашарлығының кесірінен сапалы сабақ өткізе алмаймын. Мобильді интернеттің «Online Mektep» білім платформасына толыққанды кіруге күші де, жылдамдығы да жетпейді. Маңыздысы – бейнеконференцияға кіріп, оқушылармен бетпе-бет жұмыс жүргізбегесін сабақтың сапалық деңгейі төмен дәрежеде қалуда. Екіншіден, «Online Mektep» білім платформасы функцияларын толыққанды атқара алмай, түрлі ақаулар шыға бастады. Атап айтқанда, сабақ кестесінің дұрыс түспеуі, кейбір мұғалімдердің өз пәні бойынша сабақ үдерісіне қосылу кезінде «сабақ қосу» функциясының уақытында шықпауы, бейнеконферецияға қосыла алмауы өзінің кері әсерін тигізуде. Сондай-ақ оқушылардың сабақ барысында орындаған тапсырмаларының пайыздық көрсеткіші дұрыс шықпайды. Бірде тым төмен көрсетсе, енді бірде тым жоғары көрсетеді, тіпті 101% көрсеткен жағдай да болды. Кейбір тапсырмаларда орфографиялық қателер, орынсыз орысша сөздер де кездесіп қалады. Бірақ «OnlineMektep» платформасы меніңше, «kundelik.kz» жүйесіне қарағанда анағұрлым озық. Мүмкін бұл уақытша кедергілер шығар. «Көш жүре бара түзеледі» демекші, алдағы уақытта шешімін табады деп ойлаймын. Дегенмен, санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтай отырып, оқытудың бұрынғы дәстүрлі тәсіліне көшсек, білім беру анағұрлым сапалы жүргізілер еді әрі мұғалімдер мен оқушыларға да жағымда әсерін тигізер еді. Бұл әрине, менің жеке пікірім, - дейді Жасқайрат Наурызұлы.
№1 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аида Қожасованың да пікірі жоғарыдағы мұғалімнің ойымен сайма-сай десек те болады. Мұғалім ретінде Аида да дәстүрлі оқуға тезірек көшуді қалайтынын айтады.
- Ең алдымен, шалғай мекендегі желі нашарлығы жұмыс жасауға кедергі келтірсе, екіншіден порталдағы техникалық ақаулар да таусылар емес. Кітаптағы бағдарлама басқа, онлайн-мектеп ұсынған тақырыптар өзге. Солай жұмыс жалғасуда. Ата-аналарға да өне бойы баламен бір жерде тапжылмай сабақ оқу қиын. Сондықтан елдегі ахуал тұрақталып, дәстүрлі білімге қадам бассақ деген тілегім бар, - деді Аида Мұрадымқызы.
Ал Жәнібек ауылының тұрғыны, 7 баланың анасы Ақбану Айтқалиеваның 5 баласы мектеп жасында екен. Үлкені аудандық колледжде, одан кейінгілері мектепте 8, 6, 4, 2 сыныптарда оқиды. Бұрын-соңды болмаған онлайн оқу жүйесінің қиынға соғып тұрғанын айтқан ол былай деді: - Ноутбук жоқ. Мектепте оқитын балаларымның ішінде тек жоғары сыныпта оқып жатқан, яғни 8, 6 сыныпта оқитын балаларымда ғана телефон бар. Ал қалған балаларым олардың сабақтарын орындап болғанын күтіп отырады. Алдыңғы екеуі болғаннан кейін ғана сабақ кестесін қарап, сабақ оқуға кіріседі. 2-сынып оқитын балам менің телефоныммен оқиды.
Сондай-ақ тағы да бір көпбалалы анамен тілдесудің сәті түсті. Гүлдерайым Дүйсенбаева - жеті баланың анасы. Оның жетеуі де мектеп қабырғасында оқып жатыр екен. Алды 9-сынып, кішісі енді ғана даярлыққа барған. Мектептен компьютер берілген. Екі үлкен баласында телефон бар. Қалғандарында жоқ. - Жеті баламның төртеуі таңғы ауысымда, үшеуі түс қайта оқиды. Балаларым кіші болғасын, үлкендері сабақ оқып жатқан кезде кедергі келтіретін кездері болады. Сабақ кестесі бір-бірімен сай келмегендіктен, кіші сыныптағы балалардың сабағын уақытында мұғалімдеріне жібере алмай жатамыз. Әсіресе, 5-сыныпта оқитын қызымда смартфонның жоқтығы қиынға соғып тұр. Оған телефон алып беруге әзірге мүмкіндігім жоқ. Онлайн оқу біз үшін өте қиын. Балаларымыз тезірек мектепке барып оқыса екен, - дейді ол.
Ал аудан орталығындағы №1 мектеп-лицейінде баласы оқып жатқан ата-ана Гүлмира Еркінова (есімі өзгертілді) «Online Mektep» платформасына сабақ оқуға кірсе, баласының сабақтары орындаулы тұратынын айтып дабыл қақты. - Кешелі бері сабақ оқиын десек, бәрі орындаулы, тек балл көрсеткіші ғана тұрады. Кейбір сабақтан 100 пайыз, ал кейбір сабақтан 40 не 80 пайыз көрсетіп тұр. Неліктен екенін түсінбедім. 40 пайыздық көрсеткіш бағамен есептегенде «2» болып есептелетін болса, баламның І тоқсандағы шығатын тоқсандық бағасы үшін алаңдаймын. Шынымды айтсам, балам түгілі өзім де түсініңкіреп жүрген жоқпын. Оқу бағдарламасы қиын балалар үшін, - деді ана.
Иә, бұл тек біздің ауданның ғана басына түскен іс емес. Бүкіл әлем болып күресіп жатқан қауіпті індеттен сақтанудың бірден бір жолы осы болса керек. Қалай десек те, бұл жағдайда сабыр мен төзімнен басқа қолдан келер шара жоқ. «Сабыр түбі - сары алтын» демекші, ұстаз бен шәкірт алтын ұясында қауышар күн де туар.
Г. Қабдолова,
Жәнібек ауданы