22.09.2020, 17:56
Оқылды: 74

Жайық өзеніне 550 000 мың шабақ жіберілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе екендігін атап өтті. Соның шінде «Жануарларға көзқарас – кез келген мемлекеттің өркениеттілігінің өлшемі. Ал бұл жағынан біздің жағдайымыз мәз емес» деп атап өтті Мемлекет басшысы.

 Бекіре 3

Жануарларды қорғап, оның сирек түрін қолдан көбейту мақсатында  өңірімізде бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қыркүйек айының басынан бастап Жайық өзеніне 550 000 мың шабағы жіберілген. Балық жіберу бағдарламасы "Теңіз Сервис" ЖШС-ның жеке қаражаты есебінен және "Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы" ЖШС-ның ғылыми қолдауымен жүзеге асырылуда.

– Жайық өзеніне бекіре тұқымдас балықтардың шабақтары, атап айтқанда, пілмай, қорытпа, сүйрік және орыс бекіресі жіберілді. Ең көп жіберілген түрі – бұл  қорытпа бекіресі. Әр балықтың салмағы орташа, 40-50 грамды құрайды. Бұл балықтар – өміршең. Жайық өзенінде бір-екі ай болып, Каспий өзенінде қыстап қалады. 7-8 жыл өткеннен кейін, ересек балық болып, уылдырық шашуға біздің өзенге қайтып келеді деп күтілуде. Ғылыми тұрғыда, олардың 10 пайызы ересек болып, осы өзенге қайтып келу керек. Бұл – үлкен нәтиже. Қазіргі күнде қолдан көбейту арқылы Жайық өзенінде бекіре тұқымдас балықтардың таралымын (популияциясын) қалыпқа келтіру жұмыстарын іске асырып жатырмыз, - дейді Балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығының БҚО филиалының директоры Артур Түменов.

Бекіре 1

Каспий бассейніндегі бекіре тұқымдас балықтардың популяциясын қалпына келтіру барлық Каспий маңы мемлекеттерінің мұрат-мақсаты болып табылады. Осыған орай 2010 жылы халықаралық деңгейде бекіре тұқымдас балықтарды коммерциялық мақсатта аулауға мораторий енгізілді және Каспий бассейнінің су айдындарына балық жіберу жөніндегі үкіметаралық бағдарлама қабылданды.

- Бүгін біз Жайық өзенін бекіре балығымен толықтыру бойынша ауқымды жобаны жүзеге асыруды аяқтаудамыз. Келісімшарт толығымен орындалды. Бұл жоба жеке инвестициялау есебінен жүзеге асырылды. Оны Ақтау қаласындағы "Теңіз Сервис" ЖШС компаниясы қаржыландырады. Бұл жобаның құны 1 миллион долларды құрайды. 18 күн ішінде кезең-кезеңімен балықтарды өзенге жіберу жұмыстары жүзеге асырылды. Келісілген мерзімде біздің команда тәулігіне 14-15 сағат еңбек етті. Бірнеше жылдан соң, бекіреміз қайта оралып, Жайық бойын жағалай қонған жұртшылықты қуантатына сенімдімін, - деп ой бөлісті Орал бекіре зауытының бас директоры Сергей Ульянов.

БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Ибраевтың айтуынша, балық аулау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік кодекске сәйкес 10 АЕК көлемінде айыппұл, ал бекіре балығын аулағаны үшін қылмыстық жаза қарастырылған.

– Соңғы бес жылда өңірде су деңгейі төмен екенін мойындау керек. Мұны екі себеппен түсіндіруге болады: бірінші себеп – тасқын  судың аз мөлшері, екінші себеп – Жайық  өзенінің жоғарғы ағысының өзінде  су деңгейінің төмен болуы. Алдағы уақытта су тапшылығы мәселесі тиісті түрде шешіледі деп үміттенеміз. Балық уылдырық шашуға оралған кезде олар үшін қолайлы жағдай, қолайлы орта қалыптасуы тиіс, - деп атап өтті Қайрат Ибраев.

Бекіре 2

Бас балық өсіруші болып Бекіре зауытында жұмыс жасайтын Ахмедияр Жүнісов Жайық өзеніне жіберілген 550 мың балықтың басым бөлігі қорытпа бекіресі екендігін айтып өтті.

– Біздің зауыт Жәңгір хан көшесінде орналасқан. 2013 жылдан бері жұмыс жасайды. Негізгі мақсат – бекіре  етін және қара уылдырық өндіру болып табылады. Жылдық жоспарымыз – 8-10 тонна аралығында бекіре балығын өндіру. Биылғы жылы Жайық өзеніне көп көлемде бекіре балықтарының түр-түрін жібердік. Сәуір-мамыр айларынан бері бекіренің аналықтарынан уылдырық алып, инкубация жасап өсірдік. Бүгінгі күнге дейін балықтар қажетті салмақ жинады. Жас шабақтарды күніне 10-12 рет құрама жем беріп, қоректендіреміз. Күніне бір мезгіл 10% көлемінде су ауыстырылып, оттегімен қамтамасыз етіледі. Температура 20°-22° аралығында болуы керек, - дейді ол.

 

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале