29.09.2020, 11:39
Оқылды: 37

Амангелдіде үш тұрғын бірігіп, бақша екті

Амангелді ауылының сырт жағына өтіп, Шежін өзенінің жағалауымен келе жатқанымызда, айналасы мұқият қоршалған шағын бау-бақшаға көзіміз түсті. Жанымыздағы жергілікті адамдардан сұрағанымызда аталмыш ауылдағы жігіттердің бірігіп еккен дүниесі екен. Сөйтіп тұрғанда, қасымызға картоп егуші жігіт келе қалды.

1E0F3DF9-CC7C-48C3-9FE8-24CA0C70D79B

«Биылдыққа тек бір гектар жерге картоп еккен болатынбыз. Алдағы уақытта кәсібімізді дамытқымыз келеді. Қазіргі таңда ауылдас үш жігіт бірігіп жасап жатырмыз. Судың жағасынан жер алып, қоршаумен қоршап алдық. Өзім ауылшаруашылық институтын бітіргенмін. Сондықтан бұл сала жақсы таныс. Картоп еккенде әуелі тұқымды жақсы таңдау керек. Егер тұқым жақсы болса, өнімді де жақсы береді. Биылғы өнімді өз күшімізбен жинап аламыз деп отырмыз, – деп өзінің жасап жатқан жұмысы жөнінде амангелділік жас кәсіпкер Сәкен Мұхамбетжанов айтып өтті.

Жалпы, Амангелді ауылдық округ әкімі аппаратының берген мәліметіне сүйенсек, округтің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші төмендегідей. Ауылдық округ аумағы 51 412 шақырымды құрайды. Биылғы жылдың 1 қаңтарындағы халық санағы бойынша ауылда 1331 адам бар. Тұрғындардың көпшілігі қазақ, өзге ұлт өкілдері де мекен етеді. Экономикалық тұрғыдан белсенді халық – 741 адам. Округ бойынша жалпы аула саны 358, соның ішінде Амангелді ауылында – 311 аула болса, I Шежін ауылында – 47 аула бар. Аталмыш ауылда 165 үйдің ауласында (I-Шежін-35) малы болса, 99 үйдің (Шежін-27) ауласында құс бар. 274 шаңырақ бау-бақша салумен айналысады. Отыз екі ауланың жеке қосалқы шаруашылығы жоқ. Округ бойынша 23 шаруа қожалығы, бір жауапкершілігі шектеулі серіктестік және үш ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі тіркелді. АӨК құрылғаны ауыл халқы үшін өте тиімді. Ол туралы газетіміздің өткен санында түсінікті етіп ақпарат берген едік. Жалпы, ауылдастардың бірігіп өмір сүргені қашан да өз пайдасын берері сөзсіз. Ауылшаруашылық саласында 54 адам еңбек етеді. Округ бойынша «Керей», «Ханшайым», «Сапенов», «Сүндетқалиев», «Еңбек», «Чулаков», «Аслан», «Алтай» қожалықтары мен «Ақкүтір», «Нигметулла», «Бекет Аман» және «Газовик» сияқты төрт ауылшаруашылық өндірістік кооперативі ірі қара басын асылдандыру бағытында жұмыстануда. Олар ауыл тұрғындарын азық-түлік және тұрмысқа қажетті тауарлармен қамтамасыз етеді. Соның ішінде төрт азық-түлік, екі киім және бір тұрмыстық заттар дүкендері, бір кафе, бір ателье, екі шағын наубайхана халықты ыстық нан өнімдерімен қамтамасыз етіп, тұрғындарға қызмет көрсетіп отыр. Наубайханада бес адам тұрақты жұмыс жасайды. Округ бойынша өткен жылы санитарлық-экологиялық айлық аясында он бір сенбілік ұйымдастырылған. Сенбілікке мекемелер мен ауыл тұрғындары қатысып, көктем мезгілінде «Даңқ» аллеясына 23 шырша, 18 қарағай, 50 ақ қайың, 50 үйеңкі (клен) отырғызылды. Сонымен қатар мекемелердің ауласына 14 шырша, 16 ақ қайың, 100 түп қарақат, 32 түп қарағай егілсе, мектеп ауласына 135 түп қызғалдақ гүлдері егіліп, сегіз тонна қоқыс шығарылды. Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2018-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 16 ауыл тұрғыны оқып, сертификаттарын алды. Қайтарымсыз грантты төрт ауыл тұрғыны иеленді. Соның ішінде көпбалалы ана А.Жұмырова, тігін ательесін ашуға Б.Батырғалиева мен Ф.Байғали компьютерлік қызмет көрсету орнын ашты. Г.Кұрмантаева мал шаруашылығына (қой ұстау) қаражат алып, өз жұмыстарын бастап кетті. Қазіргі уақытта жұмысы жалғасуда. «Керей» шаруа қожалығы басшысы К.Қиясов жартылай дайын ет өнімдерін дайындайтын цех ашуға 6 млн. теңге несие алса, «Санжар» жеке кәсіпкерлігі басшысы М.Гильманов мал шаруашылығын дамытуды қолға алып отыр. Сонымен қатар «Нурила» жеке кәсіпкерлігінің басшысы М.Ажғалиева несие алуға құжаттарын тапсырды. «Тасқала» несие серіктестігінен «Чижа-1» ЖШС көктемгі далалық жұмыстарға 3 млн. теңге несие алды. Ауылда биылғы жылдың сәуір және қараша айларында «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында «Ұрпақтар естелігі» акциясымен А.Скоробогатовқа арналған обелискі және С.Жақсығұловтың зираты мен «Өшпес ерлікке тағзым» атты ескерткіші абаттандырылып, аумақтары тазартылды.

– Ауылдың тазалығы басты назарда. Амангелді ауылындағы үйлердің айналасында жиналған тезек, ескі көліктердің қаңқалары, темір-терсектер мен көң-қоқыстарды тазарту жөнінде тұрғындарға хабарлама таратылды. Амангелділіктерге осындай талап қойылып отыр. Талап орындалмаған жағдайда 505-бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмыстарымен айналысатын боламыз. Себебі ауылымыздың тазалығы өзіміз үшін. Сәні мен салтанаты келіскен ауылға айналуы үшін әуелі тазалықты сақтауымыз керек, – дейді ауыл әкімі Саягүл Ғалиева.

Ертеректе «Ворошилов» колхозы болып құрылған қазіргі Амангелді ауылдық округі Кеңес Одағының батырлары А.Скоробагатов пен С.Жақсығұлов секілді адамдарымен де танымал. Жоғарыда айтқан еңбекқор жандардың арқасында ауылдың әлеуеті артуда. Туған жерің – шыр етіп жерге түскен, қаз басқан қасиетті мекенің және талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де, жүрегінің түбіне сақтап жүретін қазақ баласында арман жоқ шығар...

Темірболат Әнуарұлы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале