Қазір елді елеңдетіп отырған мәселенің бірі – екпе (вакцина). Бұл екпе негізінен адамда кездесетін түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу үшін егіледі. Өкінішке орай, қазірде балаларға екпе салдыруға қарсы ата-аналар көбейді. Ал медицина қызметкерлері болса, баланың өмірін ұзарту үшін қолданатын екпенің зияны жоқ екенін айтуда. Мамандар пікірі де, екпесіз ұлттың ертеңі бұлыңғыр дегенге саяды.
Жалпы еліміздегі инфекциялық ауруларға қарсы профилактикалық егулер республикалық және жергілікті бюджет есебінен қарастырылады. Осы ретте екпелердің едәуір бөлігіне мемлекет тарапынан қаржы бөлетіні де белгілі. Қазақстан ғана емес, өзге мемлекеттер де екпеге жыл сайын миллиондаған қаражат бөледі. Сөйтіп, түрлі жұқпалы аурулардың алдын алады. Ендеше, әлем мойындаған екпе мәселесінде біздің қоғам неге екіге жарылды? Жасыратыны жоқ бұрын кейбір ата-аналар шариғатта балаға екпе егуге қарсы деген пікірдіалға тартып, екпе салғызудан бас тартатын.Ал қазір басым көпшілігі қарсы десе болады. Әлеуметтік парақшаға жолдаған «Балаңызға екпе салдырдыңыз ба?» деген сауалға толықтай «жоқ, қарсымын» деген жауап берілді. Екі ананың басы қосыла қалса да айтатын әңгімелері «қой, мен түбегейлі қарсымын, салғызбаймын. «Келіспеймін» деп бас тарту жазып бердім» деп жатқанын құлақ жиі естуде. Осындай ата-ана тарапынан екпе салдыруға қарсылықтың көбейгенін немен түсіндіреміз? Бұған не себеп? Бұл туралы мамандар не дейді?
Аудандық емхананың эпидемиолог дәрігері Ақерке Қалназарова маман ретінде тақырып аясында жауап берді.
Ақерке Әліқызының сөзінше, вакцинаны ағзаға еккенде, иммундық жүйенің жұмыс механизмі іске қосылады.
- Екпе – денсаулықты сақтауда үлкен нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін профилактикалық шара. Яғни, екпе салудың арқасында адам ағзасында – дәрі құрамындағы микроағзаларға қарсы тұратын денелер бас көтереді. Осылайша адам ағзасы әлгі «микробтармен» күресе отырып, ауруға қарсы тұруға үйренеді. Ағза мен «микробтар» арасындағы арпалыс адам баласы шыр етіп дүниеге келген күні-ақ басталады. Себебі, АКДС, БЦЖ секілді екі бірдей екпе перзентханада дүниеге келген балаға төрт күн ішінде жасалады. Тұрғындарды тұмауға қарсы егуге ҚР-да мемлекеттік тіркеуден өткен вакциналар ғана пайдаланылады. Бұл жолғы салынатын екпенің жылдағы салынатын екпеден еш айырмашылығы жоқ. «Гриппол+» деп аталатын вакцина Ресейде өндірілген. Елімізде балалар үшін кепілдік берілген вакциналармен қамтамасыз ету мақсатында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі сертификаттаған вакциналарды ғана сатып алады.
5544 адамға екпе салынбақ.
- Әрине, «Осынша адамға деп неге жоспарланады?», «Оның COVID-ке қатысы бар болар» деген күдігі көп сұрақ туады. Былтыр аудан бойынша 5400 тұрғынға салынса, биыл 15 қыркүйек пен 5 қазан аралығында 5444 екпе салынбақ. Дәл қазірге дейін екпені аудан бойынша 2000-нан аса тұрғын алды. Бұл екпе 6 айдан асқан балалардан бастап салынады. Жалпы жиі ауыратын санаттағы балалар санына келсек, олар-91, диспансерлік тіркеуде тұратын балалар саны - 281. Ал жалпы эпедимиологиялық көрсеткіш саны бойынша 2561. Сонымен бірге медицина қызметкерлеріне, медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балаларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының, балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне, қарттар мен мүгедектер үйін мекендеушілерге, жүктіліктің екінші не үшінші триместріндегі жүкті әйелдерге, жүрек-қан тамыр жүйесі мен тыныс алу органдарының созылмалы аурулары бар адамдарға, сонымен қатар, жұмыс беруші мен екпе салдырушының өз жеке қаражаты есебінен де вакцинациялау жүргізіледі. Тұмау, ЖРВИ және А, В типті тұмау вирусына қарсы егілетін осы аталған екпе 6 айдан 3 жасқа дейінгілерге 0,25 мл-ден 3-4 аптада 2 рет салынса, 3 жастан асқан балаларға 0,5 мл- ден 1 рет салынады. Екпе салынғаннан кейін 30 минуттай дәрігер бақылауында болады.
Алып қашпа сөзге сенім көп
- Ата-аналардың көпшілігі интернеттегі кейбір ақпараттарға сүйеніп, екпенің пайдасынан гөрі зиянын ойлап тұрады. Ол ақпараттардың барлығын бірдей шындық деп қабылдауға болмайды. Көп балалардың мүгедек болып қалуының сырын екпеден іздейтіндер де көп. Енді бірі вакцинаның сапасына, дәрігерлердің оны дұрыс егетініне күдікпен қарайды. Керісінше екпе егілмеген балалардың иммунитеті әлсіз болады. Ол бала қоршаған ортадағы түрлі жұқпалы ауруларды тез қабылдайды. Иә, рас кейде екпенің де кері әсері болады. Бірақ анау айтқандай емес. Жалпы екпенің кері әсері қалай туындайды? Мәселен кей ата-ана баласы ауырып тұрғанын жасырып, «қайта келіп жүретін уақытым жоқ» деген сылтаумен, баласына вакцина салдыртады. Ендібіреулері екпеден кейін баласын шомылдырып жатса, екіншілері күтінбейді. Баласы суықтап қалады. Мұндайда кері әсері болса, кінәсін мойындағысы келмей, айыбын дәрігерлерге не вакцинаға аудара салғанды құп көреді. Осылайша халық арасында теріс пікір қалыптасады.
P/S: Екпенің медицинадағы пайдасы әлемдік тәжірибеде дәлелденіп қойған.
Бірақ қарапайым халық үшін вакцинаның ашылмаған сыры көп секіліді. Ал сіз не дейсіз оқырман? Балаңызға не өзіңізге екпе салдырасыз ба?
Сәнім Меңдібай
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz