30.09.2020, 18:05
Оқылды: 3

БҚО ірі қараны тұқымдық түрлендіру бойынша алға шықты

 

Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиев БҚО мәслихатының кезекті 38-сессиясында хабарлады. Оның баяндауынша, соңғы екі жылда 907 мың гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер анықталып, мемлекетке 113 мың гектары қайтарылды. Соның ішінен 33 мың гектар ауыл шаруашылығы айналымына енгізілді. Жер пайдаланушылар анықталған жерлердің 50%-ын немесе 451 мың гектар жер болатын өз учаскелерін қайта игеруді бастады.

Мал шаруашылығы

Биылғы 8 айда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 3,3%-ға өсіп, 105,5 млрд. теңгені құрады. Бұл өсімдік шаруашылығының 7,4%-ға және мал шаруашылығы өнімінің 2,2%-ға өсу есебінен қамтамасыз етілді.

Саладағы еңбек өнімділігі І тоқсанда 2,4 есе өсіп, 113,1 мың теңгеден 323,1 мың теңгеге дейін жетті. Ал инвестициялар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе өсіп, 13,4 млрд. теңгені құрады.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 880 шаруашылыққа 12,2 млрд. теңгеге 10 пайыздық жарнасымен жеңілдетілген несиелер ұсынылды.

Нәтижесінде лизинг («ҚазАгроҚаржы» АҚ филиалы) арқылы 280 шаруашылық 5,4 млрд. теңгеге 700-ге жуық қажетті ауыл шаруашылығы техникасына ие болып, кәсібін дамытып келеді. Соның жартысынан көбі жаңа өнімділігі жоғары 53 техниканы сатып алуға берілді.

Жалпы 2020 жылы бюджеттен ауыл шаруашылығын қолдауға 17 млрд. теңге бөлінді.

Биыл облыс бойынша барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 548 мың га құрап отыр, өткен жылдан 25 мың гектарға немесе 4,8%-ға артық (2019ж. - 522,6 мың га).

Дәнді дақылдардың 228 мың гектары орылып, 260 мың тонна өнім алынды. Бұл өткен жылғы көлемнен 18 мың тоннаға немесе 7,4%-ға артық. Өткен жылмен салыстырғанда, орташа өнімділік гектарға 10,3 центнерден 11,4 центнерге өсіп отыр. Өсім негізінен күздік дәнді дақылдар өнімі ұлғаюы есебінен қамтамасыз етіліп отыр, гектардан 21,2 центнер орташа өнімділікпен (2018ж. – 7,3 ц/га, 2019ж. – 13,2 ц/га) 170 мың тонна өнім алынды.

Ал «Матевосян», «Агрофирма Жарас» және «Агросервис Батыс» секілді қожалықтар гектардан 40-45 центнер орташа өнімділікке қол жеткізді.

Сонымен қатар, 66 мың тонна майлы дақылдар, 38 мың тонна картоп, 36 мың тонна көкөніс және 23 мың тонна бақша өнімдері алынды.

Облыс бойынша мал басы тұрақты өсуде. 8 айда ірі қара мал – 7,1%-ға, жылқы – 13,9%-ға, қой – 1,5%-ға, ешкі – 5,3%-ға, түйе – 1,8%-ға өсті.

– Жалпы барлық ірі қара мал басы бойынша біз республикада 4-ші орындамыз. Ал етті бағыттағы ірі қара малын өсіру бойынша облысымыз республикада алдыңғы қатарларда. Негізінен облыста етті бағыттағы мал ұсталады. Осы себепті бұл бағытта біздің әлуетіміз жоғары.

Ірі қара малдарын тұқымдық түрлендіруіне облыс бойынша 162,3 мың бас аналық мал тартылды (жоспар - 208,1 мың бас, 78%), бұл жалпы аналық мал басының 55,5%-ын құрайды. Республикада ең жоғары көрсеткішке иеміз, -деді Ғали Есқалиев.

Тұқымдық түрлендіру жергілікті тауарлы малдың сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беруде. Мәселен ірі қара малдың орташа тірілей салмағы соңғы үш жылда 336 килограмнан 345 килограмға дейін өсті.

Мал басының артуына мемлекеттік бағдарламалар өз ықпалын тигізуде («Сыбаға»), жыл басынан облысымызға 1109 бас ірі қара малы импортталды. Импортталған асыл тұқымды малдың абердин-ангус тұқымына - 41,6%-ы, герефорд тұқымына 41,1%-ы, қазақтың ақ бас және әулиекөл тұқымдарына - 17,3%-ы тиесілі.

Күні бүгінге асыл тұқымды ауыл шаруашылығы малдарын өсірумен айналысатын 338 асыл тұқымды репродуктор шаруашылық тіркелген. 274 шаруашылық - асыл тұқымды ірі қара мал (52,8 мың бас), 32 шаруашылық - асыл тұқымды қой (28,9 мың бас), 31 шаруашылық - асыл тұқымды жылқы өсірумен (9,9 мың бас) және 1 шаруашылық – түйе (265 бас) өсірумен шұғылданады. Асыл тұқымды ірі қара мал өсіру бойынша БҚО алдыңғы қатарға шығып отыр (3-орын).

Өңірдегі Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті ғалымдарымен бірлесіп мал шаруашылығында селекциялық әдістер тиімділігін арттыру, етті мал шарушылығында модельді ферманы ашу арқылы жоғары технологияларды енгізу, жоғары өнімді жайылымдарды жасақтау және оларды тиімді пайдалану ғылыми жобалары жүзеге асуда. Өңір басымдықтарының бірі - етті мал шаруашылығын дамыту болады.

 

Нұртай Текебаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале