Ұлы Жібек жолы... Ұлы Жібек жолы дегенде көз алдымызға жүк артылған түйелердің бірінен соң бірі, бір ізбен тізіліп келе жатқан керуен бейнесі келері анық. Бұл керуен жолының ежелгі дәуірде және орта ғасырларда Шығыс пен Батыс арасын, елдер мен өркениеттер арасын жалғастырған құрлықаралық сауда жолы болғанын, ол арқылы Шығыстан Батысқа Қытай жібегі, араб хош иісті заттары, асыл тастар жеткізіліп отырғанын, ал Батыстан Шығысқа шыны, мыс, қалайы, қорғасын, інжу-маржан, мата, ыдыс-аяқ, алтын тасылғанын және Батыс пен Шығысты мыңдаған жылдар бойы жалғастырып келген ұзақ жолдың дәл орта тұсы қазақ жерімен өткенін ғана біз тарихтан білеміз.
Бірақ ұзақ жылдар бойына әлемдік дамудың ілгерілеуіне айрықша ықпал еткен осынау «Ұлы Жібек Жолының» өзі өткен жеріне, онда тұрған халықтар өміріне әкелген өзгерістері бір ел, бір мемлекет тұрғысынан ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығы тарапынан да ұмытыла бастаған болатын.
Еліміздің тәуелсіздігімен ғана Ұлы Жібек жолына, оның бойында қалыптасқан көне өркениеттерге, оларды зерттеуге үлкен қызығушылық артып келеді. Өйткені бүгінде ежелгі Ұлы Жібек жолы дүниежүзінің көптеген мемлекеттеріндегі туристердің назарын өзіне қатты аударып отыр. Оларды әсіресе ұлы құрылықтың қақ ортасындағы Кіндік Азияны басып өтетін Ұлы Жібек жолының қазақстандық телімі ерекше қызықтырады.
Тарихи деректік анықтамаларда Ұлы Жібек жолының ежелгі Қазақстан жерімен өткенін, оның Солтүстік немесе «Далалық» деп аталған телімінің ҮІ-ҮІІ ғасырларда Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан арқылы жүргені аталған. Қытай императоры Юлим өз елінің солтүстік-батыс шекараларын жауып тастаған соң келесі ғасырларда бұл жол елшілер мен сауда керуендері сапар шегетін негізгі даңғыл жолға айналып, бірте-бірте оның көптеген тармақтары пайда болған.
Қазақ даласы арқылы жүрген көпестер мен жиһанкездер керуен жолдарын көптеген тармақтарын картаға түсіріп, сауданың аса тиімді жақтарын іздестірген. Сөйтіп олар қазақтардың байлық көздерін анықтап жазып алуды мақсат еткен.
Орыс зерттеушісі Г.Геерн өзінің 1826жылы жарық көрген «О торговле и сношениях древних народов Средней Азии» деген еңбегінде: «Қара теңіз жағалауында орналасқан гректерді Азиямен таныстырған солтүстіктің тұрғындары болатын. Олай дейтініміз солтүстіктен келген саудагерлер Орта Азия арқылы Үнді елімен сауда-саттық жасаған. Көшпенді халықтың теңдеп жүк артатын, ұзақ сауда жолына көнбіс түйе малын гректер де пайдалана бастайды. Гректер пайдаланған сауда жолдары Оралдың арғы жағындағы сахара арқылы өтіп, Орынбор мен Бұқара арасындағы керуен жолымен қосылатын»-деп, ұлы керуен жолының бір тармағын көрсеткен. Г.Геернннің айтуына қарағанда, грек саудагерлері өз керуендерімен жеті түрлі ұлттың жерін басып өтетін болған. Сондықтан, бұлар жат елдіктермен тіл табысу үшін жеті түрлі тілмаш жалдаған көрінеді. Тоқтамай жүріп отырғанның өзінде керуен солтүстік шығысты бетке алып, сахара арқылы жеті күн жүреді екен. Сөйтіп Орал қыраттарын артқа тастап, қазақ далаларына келіп жететін. Міне, дәл осы жол-тері саудасының көне жолы болып есептелген. Яғни бұл жол тек Жібек жолы болып қана қоймаған. Сол кездердегі Каспий теңізінің айналасын мекендеген халықты гректер: «теріден киім кигендер» деп атаған. Осы жерде бір сауал туындайды. Жердің сонау түбінен келген грек саудагерлері қазақ жеріне жалғыз тері үшін келді ме екен? Жергілікті халықтың қолында, сірә өздері қадірін білмейтін, алтын, күміс сияқты қымбат бұйымдар да болған. Яғни қазақ даласы ежелден-ақ өзінің қымбат мүліктерімен, байлығымен көз тартса керек...
Ең негізгі сауда жолы Тянь-Шань тау етегімен, Сырдария, Талас, Шу, Іле аңғарлары арқылы Қытайға ұласқан.
Жолдың ендігі бір бөлігі Яқсарт, Сейхун деп аталған Сырдария, Жайық өзендерін жағалай ары қарай Қара теңіз маңы, Византия мен Батыс Европа жерлеріне дейін созылып жатқан.
Ежелгі Қазақстандағы толып жатқан ірі-ірі өркениетті қалалардың пайда болуы мен қатты гүлденіп, өсіп-өркендеуі тап осы кезеңге сәйкес келеді. ХҮІ ғасырға дейін Ұлы Жібек жолының бойында Отырар, Иассы, Испиджап, (Сайрам), Сауран, Тараз, Мерке, Талхиз, (Талғар) сияқты ірі-ірі қалалар бой көтеріп, сауда және мәдениет орталықтары пайда болғаны белгілі.
Бұлардан да басқа аталмыш жол тармақтарының бойында ерте кездердің өзінде-ақ ірілі-уақ, көптеген шаһарлар, олардың жараса даму өзгешеліктері, әлеуметтік ерекшеліктері, мәдениеті болғанын бүгінде тарихи жазбалар мен ғалымдардың зерттеу еңбектері дәлелдеп отыр. Сондай қалалардың бірі Жайық өзені бойында орналасқан Жайық қалашығы-көне өркениет ошағы болып табылады. Мұның өзі бүгінде Батыс Қазақстан облысында да көшпелі цивилизация орталығы болғанының дәлелі.
ХХ ғасырда Ақ Жайық өңірінің белгілі археологы, тарих ғылымдарының кандидаты Ғаяз Қушаев археологиялық зерттеулер нәтижесі бойынша Орал қаласының маңынан да көне өркениеттің бірі-ескі қала орындары табылуы мүмкін деп пайымдаған болатын.
Ғалым сан жылдар бойы ағып келе жатырған Жайық өзені өз ағымын өзгерткен, осыған орай қала тарихын зерттеуде елеулі қателіктер жіберілді- деп, осы қателіктерге бірінші рет назар аудартқан да болатын. Сөйтіп Ғ.Кушаев қазіргі Оралдың орнында көне өркениет орны болғандығы жөнінде алғаш рет мәселе қойды.
Бұл қалашық Жайық өзенінің бойында орналасқан десек, Жайық-Ресейдің Челябі, Орынбор облыстары мен Қазақстанның Батыс Қазақстан, Атырау облыстары арқылы ағып, Каспий теңізіне құятын қазақ даласындағы ірі өзендердің бірінің атауы.
Жайық өзені туралы көне деректер грек географы Клавдий Птоломейдің, Византия императорының елшісі Земархтың, 921-922ж.ж. Бағдаттағы араб елшілігінің хатшысы Ахмет-ибн-Фадланның, Француз монахы Плано Карпинидің, көптеген орыс жылнамашыларының жазбаларында келтірілген. Грек саяхатшысы К. Птоломей жасаған Азия картасында ол Даикс деп көрсетілсе, түрік қағаны Истемидің ордасына келген Византия елшісі Земарх (568ж.) өзенді «Даих» деп атаған. Ал Ахмет-ибн-Фадлан өзінің Бұлғарияға саяхаты туралы хатында өзенді арабша «Джаих» деп атаса, көптеген орыс жылнамашыларының (Лаврентьевский, Холмогорскийдің т.б.) жазбаларында 1229жылдан өзен Гаик (Яик, Еик) деп аталған. 1245-1247жылдар аралығында Рим папасының тапсырмасымен Моңғолияға сапар шеккен француз монахы Плано Карпини өзінің жазбасында жолшыбай төрт үлкен өзенді кесіп өткенін, соңғысының Яик деп аталғанынан тоқталған. 1253 жылы Француз королінің елшісі фламандық В.Рубрук оны Ягак деп атаса, 1265 жылы Ягат деп аталған бұл өзенді италяндық саяхатшылар-ағайынды Николо және Марко Поло кесіп өткен.
ХІІІ-ХІҮ ғасырларда да европалық зерттеушілер мен саяхатшылар өздері әлденеше рет кесіп өткен Жайық өзенін жол жазбаларында көрсеткен. Мәселен, Қырымнан Шығысқа қарай Жайық арқылы өтетін жол туралы «Сауда тәжірибесі» еңбегінде Франческо Бальдучи Пегалотти жазған, бұл ретте Танадан Сарайшыққа дейінгі жолдың ерекшелігін, жергілікті тұрғындармен есептесуге қолайлы тауарлар мен ақшаларды да атаған. 1333жылы Жайық өзенін Мароккодан белгілі араб саяхатшысы ,жиһанкез көпес Ибн Баттута кесіп өтті.
ХІҮ ғасырда Алтын Орданың гүлдену дәуірінде Батыс Қазақстан аумағында миссионерлік қызметпен айналысу және сауда байланысын жолға қою үшін жіберліген бірқатар елшілер болған. Бұлар Джованни Мариньолли (1333-1353), священник Пасхалия (1335-1339), ағайынды көпестер Франциско мен Доминико Пицицгини (1367) бастаған елшіліктер. Олардың көрсетуінше Жайықта екі қала болған. Айталық, испан священнигі Пасхалия 1336 жылы Сарайшықты және одан солтүстікке қарай орналасқан екінші белгісіз қаланы көрсетеді. Отыз жылдан уақыттан кейін тап осы қалалар туралы ағайынды көпестер жазады, бұл ретте екінші белгісіз қаланың Сарайшықтан жоғары және солтүстікке қарай, Жайық бойында екендігі тағы айтылған. Мұны Антоний Дженкинсонның 1562жылы жасалған атақты картасы да дәлелдейді. Ол Жайықтың төменгі ағысында, батыс оң жағада Шакафни қаласы орналасқанын белгілеген.
Ағылшын саяхатшысының картасы мен жолжазбасын зерттеген академик Борис Рыбаков: «Дженкинсонның картасы 1497 жылғыдан бұрынғы картаның бір нұсқасы болса, ал Сарайшық пен екінші белгісіз қала картада бірдей белгілермен – «татар тас мешіттері» деп көрсетілген. Сол себепті солтүстік қаланың өмір сүру уақытын ХІҮ ғасырмен белгілеуге болады, оның мән-маңызы Сарайшықтан еш кем емес»- деген қорытындыға келеді.
Сөйтіп, Х-ХІҮ ғасырлардағы саяхатшылар, көпестер мен миссионерлер зерттеулері мен еңбектерінде Еділ мен Жайық аралығындағы, сондай-ақ Жайық бойында Ұлы Жібек жолының тармақтары жүріп өткен қалалардың тұтас желісі болғандығы көрсетіледі. Мұның саны 8-ден 30-ға дейін болған деген болжаулар бар. Сонымен қатар ғылыми зерттеулер ХІҮ ғасырда әйгілі Сарайшықтан басқа Жайықтың жоғары жағында, солтүстікке қарай қазіргі Орал қаласының орнында тас ғимараттары бар тағы бір қала болғанын көрсетеді.
Жайықта ортағасырлық қалалардың болғандығын ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы орыс ғалымдарының зерттеулері де дәлелдеп отыр.
Мәселен, «Үлкен сызу» («Большой чертеж») деп аталған алғашқы орыс карталарының бірі ХҮІ ғасырдың аяғында жасалып, онда бүкіл мемлекеттің аумағын бейнелеген. Уақыт өте келе бұл карта әбден тозғандықтан, оның дәл сондай жаңасын жасау, оған толық түсінік беру қажеттігі туындады. «Үлкен сызу кітабы» осылайша дүниеге келді. Картаның өзі бізге жеткен жоқ, ал көшірмелері баршылық. 1692 жылы шығарған, картаның соңғы көшірмелерінің бірінде қазіргі Оралдың орнында бүгінде белгісіз Метжет, оның солтүстігінде Елек пен Жайықтың қиылысында Солянск деген мекеннің болғаны көрсетілген. Сондай-ақ, француз астрономы Делилдің 1700 жылы шығарған картасында да дәл осылай бейнеленген. Сонымен жеткіліксіз тұсына қарамастан, «Үлкен сызу кітабында» Батыс Қазақстандағы қала мен қалашықтардың елеулі бөлігі көрініс тапқан.
Ал орыс зерттеушісі Петр Рычков 1748 жылы жазылған өзінің атақты «Орынбор губерниясының топографиясында» Жайықтағы қалалар жөнінде: «Бұл қалалар кірпіштен тұрғызылған, ирригациялық жүйесі бар, әрі өзен жағасында орналасқан, ал ғибадат орындарына қарап шығыстық стильге жататындығын аңғару қиын емес. Бұдан осы қалалар сауда - кәсіпшілік орталығы және отырықшылық мәдениет ошағы болған»- деп түйін жасайды. Автор жазғанындай, олар бір-біріне жақын орналасқан, арасы- бір-екі күндік жол болған.
Басқа орыс ғалымдарынан Петр Палласты атап өтсек. Ол мұнда үш рет болған. Жайықты Гурьевтен Оралға дейін түгел жүріп өткен, өлкенің солтүстік бөлігін, Бөкей ордасын зерттеген. Ғалым өз жинағандарын «Ресей империясының әр өлкесіне саяхат» атты көлемді еңбегіне енгізді, мұнда ол өлкенің аумағын, этнографиясы мен тарихын барынша толық көрсетті. Өз шығармасында Петр Паллас екі қалашықты көргенін жазады. Мұның біріншісі – Жайықтағы ескі бекіністің қалдықтары. Екінші қалашық Қараөзен мен Сарыөзеннің қиылысқан тұсында орналасқан. Мұнда Паллас көптеген арықтар мен қорғандар, үй қалдықтарының ізін тапқан, содан келіп бұл жерлерде кезінде халық мекендеген деген түйін жасайды. Сөйтіп ол да өзіне дейінгі барлық зерттеушілер сияқты қала мәдениетіне жататын ескерткіштердің көптігіне назар аударды. Өкінішке қарай, бұл деректер Қазан төңкерісіне дейінгі орыс және кеңестік тарих ғылымында пайдаланылмады. Сондықтан оқулықтардың өзінде Жайық бойы бос жатты деген пікірлер жазылған.
Шындығында өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан басталып табылған соңғы археологиялық олжалар біздің арғы зерттеушілеріміздің дұрыс айтып кеткендігін анық дәлелдейді. Көп жылға созылған іздеу табысты аяқталып, 2001жылы батысқазақстандық және алматылық ғалымдар Орал қаласынан он екі шақырымдай жерден қалашық орнын тапты.
Сөйтіп Жайық қалашығы деп аталған қаланың ХІІІ-ХІҮ ғасырларға жататындығы көрсетілді, ортағасырлық авторлардың деректері, сондай-ақ Жайықтағы қалалар туралы жазған ХҮІІІ-ХІХғ.ғ. ғалымдардың қорытындылары шындық болып шықты. Ал археолог Ғ.Қушаевтың Оралдың орнында ежелден өркениетті қала болғандығы туралы пікірі нақты дәлелденді.
Архелогиялық зерттеулер барысында қалада ХІІІ ғасырдағы моншаның орны, талай сырды ішіне бүккен құмыралар, металл бұйымдары мен көгілдір керамика, әшекейленген тақтатас қалдықтары, әр түрлі әйнек моншақтар мен екі мыс ақша табылды. Бұл ақшаның бірінде жазу іздері сақталған. Онда «Сарайда соғылған. 737»деген жазу бар яғни 737 хижра жылы (біздіңше 1336-1337жылдар).
Осы қазба, зерттеу жұмыстарының басында болған тарих ғылымының докторы М.Сыдықов өз зерттеулерінде бұл табылған заттардың көбінің Жайық бойына Ұлы Жібек жолы арқылы жеткізілу мүмкіндігіне тоқталып, Жайық қалашығындағыдай кірпіш күйдіру пеші Еділ мен Жайық бойындағы Алтын Орда қалаларына Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстаннан әкелінсе керек деген қорытындыға келіп отыр. Өйткені Алтын Орда дәуірінде мұндай пештер Хорезмде, ежелгі Отырар және Күйріктөбе қалашығында белгілі болған.
Еділ бойы қалалары мен Жайық қалашығы үйлерінің жоспарын техникалық әдістерін салыстыра келгенде, Жайық өзені бойындағы құрылыс мәдениетіне Хорезм мен Сырдария дәстүрі көбірек әсер еткенін байқау қиын емес. Жайық қалашығындағы тұрғын үйлер пішіні ХІІІ-ХІҮ ғасырлардағы Үргеніш,Отырар, Түркістан үйлерімен сәйкес келеді. Міне, мұның өзі Жайық қалашығының орнында бұрын да өркениетті қалашық болғанын дәлелдейтін нақты деректер.
Жайық қалашығы Орал қаласының тарихын одан әрі тереңдетіп тұрған, тарихи маңызы бар ортағасырлық қала орындарының бірі. Әрі аспан астындағы мұражайға айналдыру мүмкіндігі бар мәдени мұра. Бүгінде Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде Жайық қалашығының тарихынан мәлімет беретін зал жабдықталған. Оның экспозициясында осы ашық аспан астындағы «Жайық қалашығы» мұражайының макетінің үлгісі көрермен назарына ұсынылған.
Жайық жағасына салынып, Мәскеу мемлекеті мен Орта Азия хандықтары арасындағы аса маңызды керуен жолының бойында орналасқан бұл қала халық арасында Теке деген атаумен де белгілі болған. Академик Рысбеков Т.З. «Орал қаласының пайда болу жөніндегі пікірі» деген еңбегінде қаланың тарихи атауы Жайық екендігіне тоқтала келе былай деп жазған: «Жайық жағасындағы қаланың шығу тарихын қозғай отырып, қазақтар оны Теке (шын мәнінде Текке) деп атағанын еске сала кетуге болады...Текке түрік тілінде мешіт, діни орын деген мағынаны білдіреді. Текке қаласы қазақтардың (жалпы, түркі тілдес тайпалардың) үлкен діни орнына айналған орталығы болды деген тұжырым айтуға болады.
Ұлы Жібек жолында қалыптасқан көне өркениеттердің бірі Жайық қалашығы туралы пікірімізді Жайық атауының ақиқатын зерттеп, осы мәселе төңірегінде көптеген ойлы пікірлер көтеріп жүрген жүрген жас ғалым, тарих ғылымының кандидаты Жанабек Жанабайұлының сөзімен қорытындыласақ, «Ақ Жайық үшін арпалыста сандаған ұрпақ өз өмірін сарп етті. Мақсат ата-бабадан мұра болып қалған жерді кейінгі ұрпаққа мирас ету болатын. Біз ақын да, әкім де емеспіз. Тек қана тарихшымыз. Тарихшының басты мақсаты-тарихи деректер негізінде шынайы тарихты бұрмаламай, әділ баяндау».
Ендеше болашақта та Ұлы Жібек жолы халықаралық техникалық және мәдени жаңалықтар алмасу жолы болады деген сенімдеміз.
Зармина Хангереева
Батыс Қазақстан тарихи-өлкетану музейінің
Экскурсиямен қамту және экскурсиялық
қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі