Әлемді нәзік жүрегімен тербететін әйелдердің сол нәзіктігінен зардап шегіп жататыны жақсылыққа жасалған жамандық, гүл өсірген бағбанның гүлзарына соққан бұршақты қара дауыл секілді. «Шашы ұзын, ақылы қысқа» деген түсініктен әлі толықтай арылмаған әлем, әйел аналардың «Ардақты» деген атауын тек сөз күйінде қалдырып келе жатқаны жаныңа батады. Анасына, апа-қарындасына, қызына шаң жуытпайтын ер адамдар кейде шолақ ойлап, әйел теңдігі десе теріс қарайтыны бар. Оның дәлелін әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың азаймай отырғанынан білуге болады.
Шындығында әйелдің отбасындағы орны мен қоғамдағы рөлі жөнінде ата-баба ұстанымы мен бүгінгі қол жұмсайтын ер-азаматтардың зорлық-зомбылығын шатастыруға болмайтынын кейде естен шығарып алып жатамыз. Осы тұрғысында сөз қозғай қалып, тарихымызды алға тартсақ ол кездегі әйелдерге бүгінгідей зәбір жасалмағанын білеміз. Әрине, ол кезде де әйел-аналарымыз ер азаматтан жоғары болған емес, алайда сол қоғамның өзінде олардың өз биігі, алар орны болды. Оған көптеген мысалдар келтіруге болады. Жарты әлемді қаһарымен тентіреткен Ақсақ Темірдің өзі алдына ақ жаулықты ана келгенде райынан қайтты емес пе?! Ақ жаулық, ақ сүттен аттау қазақтың дәстүрінде қорға саналды. Данышпан, батырларымыз ел үшін үлкен істер тындырса, солардың қасында сол жетістіктерге жетуіне әйел-аналарымыздың еңбегі зор болды. Ал ата-бабамыз «Қыз қонақ», «Әйелің аманатың» деп оны аялауды ер азаматтарға міндеттеді. Әйел, қыз балалар бар жерде дөрекі сөйлемеудің өзі сол тарихымыздан жалғасып келе жатқан мәдениет екені аян. Алайда бүгінде «аталарымыз әйелден жоғары бол деген!» деп күпсініп, күш көрсетуді шығардық. «Үйде шешен дауға жоқ, үйде батыр жауға жоқ», дегеннің кері. Бүгінгі таңда батырлығын әйелі мен бала-шағасына көрсетіп, қол көтеріп, отбасының шырқын бұзатын азаматтар саны артуда. Әйел – отбасының ұйытқысы, шаңырақтың шырақшысы. Бабадан балаға мирас болып келе жатқан осы ұғымға бүгінде сызат түскендей. «Анаға қарап – қыз өсер, әкеге қарап – ұл өсер» деген тағылымды тәмсілді көздің қарашығындай сақтауға кедергісін келтіріп отырған жайттардың бірі һәм бірегейі отағасылардың залым әрекеті мен қаныпезер істері екендігін жоққа шығара алмаймыз. Аталы сөзді ескермейтін ерлердің әйелдеріне қол жұмсауына, бала-шағасының мазасын алуына, өрескел қатыгездікке баруына тосқауыл қою кезек күттірмейтін мәселе. Себебі отбасы – қоғамның ұясы, мемлекеттің өзегі.
Иә, тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамымыздың дертіне айналды десек артық айтқандық болмас. Өмірлік қорғаны болар отағасының өзінен жәбір көріп, барар жері, басар тауы қалмаған аналардың жәрдем сұрап, көз жасын төгіп жүруі қазіргі қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өзекті мәселелер қатарынан сызылмағанын айғақтайтын секілді.
Жаңақала аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Фархат Нұрғалиевтың айтуынша, нәзік жандыларға қатысты қылмыстық істер жыл өткен сайын азаймай тұр.
– Қазіргідей дамыған заманда тіршілік тірегі әйел теңдігін, табиғатынан қамқорлықты қажет ететін нәзік жандардың құқығын қорғау қай қоғамда болсын, басты мәселе саналады. Адам құқығы заңмен қорғалады. Соны біле тұра өзгенің ар-намысына тиіп, үстемдік жасауға жол беру тыйылмай келеді. Жыл басынан бері әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-бабымен, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер жасағаны үшін 36 адамға іс-құжат жинақталып, аудандық сотқа жолданып, өз шешімін тапты. ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңының 73-2 бабы ұрып-соғу бойынша осы күнге дейін 47 факт тіркелді. Жанұя және тұрмыстық жағдайларда болатын құқықбұзушылықтың алдын алуда, жанұя саласында құқықбұзушылықтар жасаған адамға жыл басынан бері 83 адамға қорғау нұсқамасы берілді. Оны орындамаса 461 баппен жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар күйеуіне әйелі кешірім бермеген жағдайда ерекше талаптар сотпен қойылады. Биыл 17 тұлғаға ерекше талап қойылды. Бірақ тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан күйеулерінің үстінен шағым түсіргенде 95%-ы кешірім береді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық дегеніміз отбасының бір мүшесінің екінші мүшесіне немесе бірге тұратын, бірге тұрған жақын туыстарына, бұрынғы күйеуіне, не бұрынғы әйеліне көрсеткен зорлық-зомбылық түрі. Тағы бір айта кететін жайт, қоғамдық орында масаң күйінде жүргені үшін 440-баппен осы тоғыз айда 111 адам тіркелді. Яғни олардың арасында осы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысы бар адамдар бар, – деді Ф.Нұрғалиев.
Әйелге зорлық-зомбылық көрсету ол ер азаматтардың бұрынғы аталарымыздай емес, майдалана бастағаны деген пікірді жоққа шығарудың қажеті жоқ. Себебі бүгінде заң орындарына шағымданған әйелдер күйеулерінен аяусыз соққы көріп, ең жиіркенішті сөздерден әбден зәрезәп болып келіп жатқандар. Ал біздің ата-бабамызда осыншалықты әйелге зәбір беру деген болмаған. Иә, қатал болған, талаптар қойған, алайда бүгінгі ер адамдардай жауыздыққа барған емес. Ендеше осы заты нәзік жандарды ең жоғарғы күш заң жүзінде қорғау ғана қалып отыр. Жыл сайын қаншама әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналып, бірі үрей мен қорқыныштың жетегінде өмір сүріп, енді бірі құрбан болып жатыр. Ал ошақ басындағы дау есіктен шықпасын, ұятты, өсек боларға салынып жабулы қазан жабулы күйінде қалып жатқандары қаншама.
Осылайша бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп отырған әйел-аналардың, желкілдеп өсіп келе жатқан қыздарымыздың құқықтары мен қауіпсіздігі біздің қоғамда да заңмен нық қорғалған деуге болады. Алайда адамгершіліктен аттап, мейірімділіктен шет қалған кейбір безбүйректер зорлық-зомбылыққа барып қалып жататыны өкінішті. Оларға бір сөз айтар едім. Сен әйел затына күш көрсетерде оның орнына анаңды не қарындасыңды қойып көр. Сонда біз әйел-аналарға, қыз балаларға жасалатын әділетсіздіктен арылып, қыздарымыз бен қарындастарымыздың, апаларымыз бен аналарымыздың жүздерінен төгілген үнемі нұрлы шуақты көрер едік. Қай халық болмасын, әйел затына ықыласпен қараған. Қазақ халқында әйелдің орны ерекше. Ана деп құрметтеп, қарындас деп еркелетіп отырған. Ер азаматтың тірегі, қамқоршысы болған әйелдер қамыққанда – сүйеу, тарыққанда – тіреу, қам көңілге жұбаныш бола білген. Сондықтан да әр отбасында отбасының берекесі, әйел затының қамқоршысы болуы тиіс ерлердің «жұдырыққа емес», Абай атамыз айтқандай «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректің» пәрменімен әрекет қылғаны абзал...
Ақсәуле Сексенбайқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер
Рая Апахаева, қоғамдық медиатор:
– Зорлық-зомбылыққа ұшырайтын адамдар құқық бұзушының ең жақыны, жанашыры, бірге тұратын отбасы мүшелері болып жатады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық кезінде көбіне әйел адамдар зардап шегеді. Соңғы уақытта отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесімен айналысатын түрлі үкіметтік емес ұйымдардың саны мен белсенділігі артып келеді. Ауданымызда қоғамдық медиаторлар зорлық-зомбылықтан қиянат көрген адамдарға отбасын қолдау және сақтау мақсатында түрлі көмек көрсетіп келеді. Медиаторлар тұрмыстық зорлық-зомбылық шараларының себеп-салдарына терең үңіліп, алдын алу жұмыстарының арқасында 2019 жылы 42 отбасы, 2020 жылы 30 отбасы бітімгершілікке келіп, татуласты. Маскүнемдікке шалдыққан адамдар, оның ішінде алкогольдік масаң күйде тұрмыстық құқықбұзушылықтар жиі жасайды. Зорлық-зомбылық тек жәбірленушілердің құқықтарының аяқ асты етіп қана қоймайды, өскелең ұрпақ үшін теріс үлгі болуда.
Анаргүл Ишанова, психолог:
– Отбасындағы кикілжіңнің болуы тек қана әйел адамға ғана емес, ер адамға байланысты. Басты себеп – отбасындағы жанжал, тұрмыс келеңсіздігі, ер азаматтардың ішімдікке әуестігі, бір-бірін жек көрушілік, зәбір көрушіні адамсынбау, кемсіту, күш және қоқан-лоқы көрсету, әйел азаматшалардың ер адам алдында дәрменсіздігі, күнкөріс қиындығы. Сондай-ақ маскүнемдік әсерінен өзара ұрыс-керіс, жанжалдың шығуы, тұрмыс қиыншылықтарын дұрыс түсініп бірігіп шешім табу жолын білмеу, ер мен әйел адамдар арасындағы бірін-бірі жеккөрушілік сезімінің басым болуы, ердің әйел затына айуандық көзқарасы, моральдық және өзімшілдік сезімінің жоғары болуы, әйелдің ерге заттай тәуелді болуы, әйелдердің өз құқығын дұрыс білмеуінен болатын жағдайлар көптеп кездесіп отыр. Қазіргі статистика бойынша, әйелдердің 50 пайыздан жоғары бөлігі үйде тұрмыстық зорлық-зомбылық көреді. Бірақ, бәрін біле түсіне тұра, ары қарай бірге өмір сүруді жалғастырады. Ауданымызда тұрмыстық зорлық-зомбылық көретіндердің нақты санын болжау қиын. Өйткені олар арнайы органға тіркелмейді. Елді мекендерде мұндай мысалдар көп. Күйеуі соққыға жықса, ертесі бетіне күліп қарап отыра беретін әйелдер бар. Олай ішкі мүжілудің салдары жаман. Ол үйдегі бала-шағаға әсер етеді. Егер әйел жүкті болса, тіпті қауіпті. Әрине, соққының салдары әйел мен бала денсаулығына кері әсер етеді. Одан бұрын әйелдің жан дүниесі қалыпты жағдайда болуы керек.