12.10.2020, 16:28
Оқылды: 29

Тасада қалған тұлға

        Жалған дүние, қамшының сабындай қысқа ғұмыр. Айтуға ғана оңай сөз тіркестері...
Ал, осынау өмірде халқы, елі үшін ерен еңбек етіп, түн ұйқысын төртке бөле қызмет еткен тұлғаларды бағалай білдік пе?! Бағалай білсек ұтқанымыз осы, тұлғаларға құрмет көрсеткендеріміз, ал, керісінше ұмыт қалдырсақ ше?!
Оңбай опық жеп, бармақ тістерелік сәтіміз де осы болғаны ма, сонда?! Әлқисса, сонымен негізгі әңгіменің де төтесіне көшкеніміз жөн болар.

ТАСАДА ҚАЛҒАН ТҰЛҒА (1)

Бар болғаны 58 жыл ғана ғұмыр кешкен Ғиззат Жумаевтың есімі жымпитылықтарға жақсы таныс болуы керек. Әрине, «жақсы таныс болуы керек» деп салмақ сала айтуымыздың өзі де Ғиззат ағаны көре қалған аға буын өкілдеріне арналып отырылғандығын көзі қарақты ағайын бек түсіне білмек, ал жастар қауымына өкпе жоқ.
Аудандық байланыс торабында басшылық қызмет атқарып, өз міндетіне адалдық тұрғысында қарай білген Ғиззат Жумаевтың өмір өткелдері де өнегелі ғұмырнама.
Ғиззат Жумаев 1927 жылдың қаңтар айында Жаңақала ауданына қарасты Сарыкөл ауылында дүниеге келген.
Еңбек жолын 1947 жылы Чапаев аудандық байланыс кеңсесінің пошта қорғаушысы ретінде бастаған Ғ.Жумаевқа осы жылдың қыркүйек айында кеңес армиясы қатарына шақырту келіп, 1951 жылға дейін Семей сынақ аймағында әскери борышын өткерді.
Әскери өмірден ысылып келген жас жігіт Чапаев аудандық байланыс кеңсесіндегі үйреншікті қызметіне қабылданғанмен, іскерлігіне орай лезде пошта агенті лауазымына жоғарылатылды.
Ғ.Жумаевтың қызметтік баспалдақтары іскерлігіне, тәжірибелігіне қарай өсе түсті, өрлей түсті.
Мәселен, баспасөз одағы, Чапаев және Тайпақ аудандары бойынша ауданаралық бақылаушы қызметі, Дондағы Ростов қаласындағы оқу орнында білімін жетілдірген соң Жымпиты аудандық байланыс торабы бастығының орынбасары, 1958 жылдың сәуір айында Жымпиты аудандық байланыс торабының бастығы қызметінің тізгінін ұстау Жұманың Ғиззатына бұйырыпты.
Аудандық байланыс торабына басшылық еткен жылдары Ғ.Жумаев халыққа мінсіз қызмет көрсететін ірілендірілген баспасөз және байланыс саласының тізгінін ұстап, үлкен ұжымының бірлігін сақтай білді.
Тіпті, өзі аяқтай жүріп, жоғары басшылық орындармен келісе отыра 1965 жылы аудан орталығынан байланыс торабына жаңа ғимараттың салынуына ұйтқы болып, байланыс саласының автоматты стансаға қосылуына да мұрындық болды.
Ғұмырын байланыс саласына арнаған Ғ.Жумаев өте кішіпейіл, көпшілікпен жиі араласып, әңгімелескенді ұнататын еді.
Әсіресе, ол ел арасында белгілі азаматтар болған В.И.Шубин, Н.Молдашев, Ж.Мұқанғалиев, З.Жұмағұлов, К.Оңғарбековпен қызмет бабында үнемі ақылдасып, отырыстарда еркін түрде әңгіме-дүкен құратындарын көз көргендер айтып отырады.
Ғиззат Жумаұлы зайыбы, есеп саласында ұзақ жылдар қызмет атқарған Рухиямен жеті ұл, қыз тәрбиелеп өсірген ұлағатты шаңырақ иелері.
Бір айта кетерлігі бұл отбасын әке жолын жалғастырған, ұрпақтар сабақтастығы берік орнаған әулеттің бірі деп айтуға толық негіз бар.
Өйткені, Ғиззат ағаның ұлы Азамат байланыс саласының монтеры болса, қыздары Гүлім телефоншы, Гүлсара жедел хат жөнелтуші қызметін атқарды.
Ал, Ғиззат ағаның өзі аманат еткендей кенже ұлы Абат Ташкент қаласындағы электр-техникалық байланыс институтының түлегі, әке жолын жалғастырушы, қара шаңырақтың иесі.
Сөздің ретіне қарай айта кетер болсақ, марқұмдар Ғиззат және Рухия Жумаевтардан тараған ұрпақтар өз алдарына шаңырақ құрып, Санкт-Петербург, Алматы, Ақтөбе қаласында, облысымыздың Жаңақала, Жымпиты өңірлерінде түтін түтетіп отырған бақытты отбасылар санатында. Көңілге демеу етіп, шүкіршілік етерлік жағдай байланыс саласының ардагері Ғ.Жумаевтың жолын жалғастырып, шаңыраққа ие болатын ұрпағының бар екендігі.

ТАСАДА ҚАЛҒАН ТҰЛҒА (2)

Бүгінде әке жолын жалғастырып, әке аманатына адалдық танытып отырған марқұм Ғиззат ағаның кенже ұлы Абат Жұма –аудандағы «Қазақтелеком» АҚ басшысы қызметінде.
Арнайы жоғары білімді, әке өнегесін, тәрбиесін қанына сіңіре білген Абат қызметінде біліктілігімен таныла білуде. Ал, осының айғағы іспеттес Абат Жуманың қызметіне лайықты баға ретінде «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы К.Есекеев және облыстық телекоммуникациялар дирекциясының бас директоры Б.Қанафиннің тарапынан Құрмет грамотасы тапсырылып, «Қазақтелеком» АҚ құрылғанына 25 жыл» төс белгісі өңіріне тағылды.
Міне, әке жолын жалғастырушы ұлы Абаттың жетістіктерінің бір парағы осындай.

- Марқұм әкем кезінде маған өзінің ізбасары болып, байланыс саласының тізгінін мықтап ұстап қалуды жиі айтушы еді. Шынын айтуым керек, өзім жастайымнан сурет салуға әуес болдым.
Жымпиты ауылы орталығындағы суретші Асқар Бекеновтың қасында үнемі болып, шеберханасынан шықпаушы едім. Бірақ, Қ.Мырзалиев атындағы орта мектебін 1983 жылы аяқтаған соң суретшілік саланы таңдағаннан гөрі әке аманатын орындап, байланыс саласында мамандық алғанды жөн көрдім. Арманым орындалды да. Бірақ, өкініштісі әкем менің келін түсіріп, немере қызығына кенелуге, қызмет баспалдағындағы талпынысымды көруге жете алмады. 58-ақ жасында, 1985 жылы өмірден өте барды,-деп Абат Ғиззатұлы көпке дейін үнсіз отырып қалды...
Иә, байланыс саласында ұзақ жылдар бойы басшылық қызмет атқарған Ғ.Жумаев жемісті қызметіне орай өңіріне 1971 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденін тақса, бірнеше медальдармен, Құрмет грамоталарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталған, есімі облыстық байланыс қызметкерлеріне арналған  «Құрмет кітабына» жазылған біртуар тұлға.
Сонымен, өткен өмір жолында қыруар шаруа тындырып үлгерген байланыс саласының тарланбозы Ғ.Жумаев жөнінде аз-кем болса да тоқталып өттік.
Ендігі басты мәселе, жоғары басшылықты да ойландыратын жағдай мынау еді.
Сонау 1965 жылдары «арқа еті арқа, борбай еті борша» бола тер төге жүріп, ауданнан байланыс үйіне ғимарат салғызып, автоматты стансасының жұмыс істеуін қолға алған Ғ.Жумаевтың есімі неге ұмытылып, көмескеленіп барады?
Ұрпақтар сабақтастығы берік орнаған осынау отбасындағы қара шаңырақтың бәйтерегі саналатын Ғ.Жумаев жөнінде естеліктер жинап, ерекше қастерлейтін жәдігерлер тобын мұражай төріне қойып, жастарға насихаттай білсек нұр үстіне нұр емес пе?!
Тағы бір көңілді мазалайтын басты мәселе облыстық телекоммуникация дирекциясы 1975 жылы Ғ.Жумаевқа арнап салғызған тұрғын үйге ескерткіш тақта орнатылса дейміз.
Осындай ескерткіш тақта Ғ.Жумаев басты ұйтқы болған аудандық байланыс торабына қойылса да артықтық етпес еді.
Сондай-ақ аудан орталығындағы басты көшедегі бағандарға орнатылған ауданға танымал тұлғалардың фото-портреттері ортасында байланыс саласының ардагері Ғ.Жумаевтың бейнесінің көзге шалынбауы да көңілге қаяу түсіреді.

 

                               Мүсірбек Айташев,
Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале