14.10.2020, 10:45
Оқылды: 103

Абай әлеміне үңілдіңіз бе?

Әлем әдебиетінің алтын қорына қосылған 200 кітаптың ішінде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы бар. Бұл қазақ халқы үшін үлкен мақтаныш. Ташкентте өткен Азия, Африка құрлықтары жазушыларының конференциясында бір африкалық атақты жазушы Мұхтар Әуезовті көргенде «Абайды жазған сіз бе едіңіз?! Мен сізді көруді армандап жүр едім. Сол арманыма жеттім» деген екен (профессор З.Қабдолов). Сөйткен дана Абайды бүгінгі ХХI ғасырда адамдар кітаптан ажырап, виртуалды әлемге енген заманда оқып, танып жүргендер бар ма екен? Осы жөнінде пікірлесуді жөн санадық.

Абай алемине унилдиниз бе (2)

Шәрипа НЫҒМЕТОВА,

 аудандық кітапхананың тұрақты оқырманы:

 - Қазақтың рухани кемеңгері, еркін ойшыл, білім мен бостандық жолындағы қажымас күрескер Абай – бұл күндері бүкіл адамзатқа ортақ тұлға. «Абай жолы» романында Абайдың балалық шағы, әке мен бала арасындағы тартыс, тағысын тағы сол кездегі қазақтың біртұтас өмір сүру деңгейі көрсетіледі. М.Әуезов романда Абай арқылы қазақтың бар болмысын ашып берген. Әдемі суреттеулер мен кейіпкерлердің образдары арқылы тарихи шындық, тұрмыс-тіршілік, замана болмысы ашық суреттелген. Қазіргі таңда әлем елдері де аталмыш романға жоғары баға беруде. Яғни қазақты бір ұлт емес, күллі әлем танып-біліп жатыр. Қазақты танытқан «Абай жолы» болса, романды танытқан Мұхтар Әуезов, ал Мұхтардың атын шығарған Абай. «Абай жолы» – кемеңгер тұлғаның ғұмырын бейнелейтін тарихи-рухани роман.

Абзал ЕСЕНҒАЗИЕВ,

Казталов мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

 - Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің қаламымен дүниеге келіп, исі қазақтың табиғатын танытқан шығарманың бірегейі – «Абай жолы» романэпопеясы. Шығарманы оқып бастағаннан-ақ автордың таным-түсінігі мен сөз тапқырлығының қаншалықты терең әрі кең екенін байқай аласыз. Сөз саптауы, образдарды беруі асқан қырағылық пен жауапкершілікті сездіріп тұрғандай. Соның ішінде Құнанбай образы қанық бояумен салынған сурет секілді көрінеді. Әрбір қимылы, көзқарасы, өзін-өзі ұстауы, сөйлеген сөзі де автор тарапынан керемет берілген. Құнанбай әмірімен оқуын аяқтап, елге сәлем бере келген молда Абай сағынышын басуға анасына бірінші жеткенімен, Ұлжан анасы Абайды «Бірінші әкеңе сәлем бер» деп бағыттауының өзін бір әдемі жеткізе білген. Осы жерде Ұлжанның даналығы мен ақылдылығы көрініс табады. Ал ел тізгінін ұстаған Құнанбайдың сондай қатал да әділ болып суреттелуінде терең психология жатыр. Қызыл империяның сүзгісінен өткен туынды екенін ескерсек, жазушы кейбір образдарды бір адамның бойына жинақтап, оқырманға астарлап жеткізгісі келген тұстары көп. Оны тек оқырманның танымы мен түйсігіне қалдырамыз. «Абай жолы» эпопеясы Абайдың қарасөзі сияқты ішіне талай сырды бүгіп, сөз атаулының түкпірінде жасырынып жатқан қазына секілді. Оған кез келгеннің қолы жете бермейтіні анық. Романэпопеяны тұтас ғасырды сомдаған ірі туынды деп айтуға негіз бар. Шығармадағы әрбір көрініс пен суреттеулер оқырманды өзіне тартып, сол дәуірдің ішіне алып кете алады. Бұны, сірә, автордың сөзбен сурет салар қасиеті деп болжауымызға болатындай. «Қайтқанда», «Қат-қабатта», «Жолда» деп кете беретін тараулар да бір-бірін толықтырып, Абайдың өсу жолын аңғартып тұрғандай. Бұл тек бір шеті ғана, әлі айтылар тұстары баршылық екені анық.

Ақбота ҚАПИЕТ,

Сатыбалды негізгі жалпы білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы:

- 2018 жылы «Абай жолы» роман-эпопеясының І томын оқып бастадым. Осы орайда романның қысқаша мазмұнымен және алған әсеріммен бөліспекпін. «Абай жолын», менің ойымша, «қазақпын» деген әрбір жан оқуға тиіс. Роман кейіпкерлері бойынан көрінетін игі қасиеттерді әрбір адам өз бойына сіңіре алса, небір ғажап тұлғалар шығар еді. Абай романының бірінші томы ақынның бозбала кезінен басталады. Осы томда Абайдың оқудан елге оралуы, әкесімен ел аралап жүріп көрген жайттары, Қодар мен оның келіні Қамқаның жазықсыз жазалануы, әкесі Құнанбайдың билігін пайдалануы, Абайдың Шөже ақынмен жолығуы, Абайдың сүйгені Тоғжанды, бәйбішесі Ділдәні кезіктіруі, кішкентай қарындасы Кәмшаттың құн есебінде жауласқан руға беріп жіберілуі және оның сол жақта қорлықпен өлетіні туралы айтылады. Әрине, барлығын осы бір қысқа мәтінге сыйғызу мүмкін емес. Қысқа әрі түсінікті болуы үшін маңызды жағдайларды атап өтуді жөн көрдім. «Мың рет естігенше, бір рет көрген артық» демекші, басқадан естігенше, өзіңіздің бір оқып шыққаныңызға не жетсін, шіркін?! Артына өшпес мұра қалдырған Абай атамыздың өмірі жайлы оқу қандай керемет әсерге бөлейді десеңізші! Түйін Міне, қазақылықты ту етіп ұстаған, қазақы реңнің қаймағы бұзылмаған ауданымызда да ұлы Абайдың өмірінен, оның пәлсапасынан, жауһар жырларынан ажырамаған оқырмандардың бар екенін көрдік. Иә, Абай – дара, Абай – дана, бірақ, дара, дана деп айдың бергі жағында жүрмей, оның арғы тылсымына да көз жіберу керек. Себебі ақынның қарасөздерінің мән-мағынасын түсінбей, өлеңдерін құр жаттап алу Абайды тануымызға мүмкіндік бермейді. Сондықтан біз «Абай жолын» оқығанда оның әр жолына терең үңілуіміз қажет. Өйткені кешегі Кеңес заманында «Абай жолы» эпопеясын оқып отырып Құнанбайды қандай кейіпкерге теңегені белгілі. Бүгін әкесі Құнанбайдың да, баласы Абайдың да жолы әрбір қазақ ұстанатын тура жол деп санаймыз.

 

Әсем Болат,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале