Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауы стратегиялық маңызды құжат болып табылады, онда елдің дағдарыстан кейінгі дамуының әлеуметтік және экономикалық ахуалының негізгі мақсаттары баяндалды.
Биыл еліміз бүкіл жаһандық қауымдастыққа қауіп төндіретін пандемияға тойтарыс беруді жалғастыруда. Осынау коронавирус індетінің салдарынан отандық ғылым-білім саласы сындарлы кезеңді бастан кешіруде. Тұңғыш рет білім жүйесінде жаппай қашықтан оқыту форматы енгізіліп, бұл педагогтармен қатар оқушыларға үлкен жауапкершілік артты. Рас, бұл сын сағатта Қазақстан халқы біртұтас ел екенін дәлелдеуде.
Бұл маңызды құжатта Президент басқару жүйесінің, жаңа жағдайдағы экономиканың тиімділігін арттыруға, өнеркәсіптік әлеуетті ашуға, Ауыл шаруашылығын, көлік-логистикалық кешенді, шағын және орта бизнесті, қаржы саласын дамытуға, елдің аумақтық дамуын жаңғыртуға және қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға ерекше назар аударады.
Сонымен қатар ел Президенті Қ.Тоқаев өз Жолдауында түрлі бағытта, соның ішінде балалардың қауіпсіздігі мен құқықтары, отбасылық-демографиялық ахуал туралы, ел халқының өсуін арттыру үшін жасанды ұрықтандыруға квоталарды ұлғайту жолымен, халықтың өз зейнетақы жинақтарының бір бөлігін Тұрғын үй сатып алуға немесе оқытуға пайдалануы туралы, адам құқықтарын қорғау, ТЖМ қайта құру, алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігі мен ұтқырлығы, еңбек, тұрғын үй мәселесі туралы Денсаулық сақтау жүйесін дамыту туралы және т.б. өзекті мәселелеріне алаңдаушылық білдірді.
Сондай-ақ мемлекеттік басқарудың жаңа моделі туралы айтылған шешім үлкен қызығушылық тудырды. Мемлекет басшысы Президентке тікелей бағынатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік құру туралы шешім қабылдады. Менің ойымша, бұл өте жақсы және дұрыс шешім!
Қатерлі індетпен күрес уақытында дәрігерлерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге Президентіміз ерекше алғысын білдірді. Отанына адал, кәсіби тұрғыдан дайындалған жауынгерлер жаңа геосаяси жағдайларда ел қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қатерлерге тойтарыс беруге дайын екенін айқындады. Осындай сын сағатта ынтымағы жарасқан халқымызбен әскер бір жұдырықтай жұмылды.
Президенттің халыққа Жолдауы қоғамдағы өзекті мәселелерді жан-жақты қамтыды. Дәстүрлі Жолдаудың қазіргідей күрделі кезеңде жасалуының да маңызы айрықша. Бүкіл әлем үшін де, еліміз үшін де ерекше уақытқа тап келді. «Бұл құжат барлығымызға зор міндет жүктейді».
Алайда, халық – өмірдің бар кезеңін басынан бірге кешетін, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білетін ұлыс. Елдің елдігі татулықтың тәтті дәмінде. Елінің іргесі берік қалануы, әр бастаған бастамасының нәтижелі болуы әрбір перзентінің амалымен өлшенбек. Адам жүрексіз өмір сүре алмайтыны секілді, Отансыз да ешқашан өмір сүрмек емес. Отанымыздың озық болуына баршамыз қалтқысыз қызмет етуіміз қажет.
Өз кезегінде, Мемлекет басшысының Жолдауында аталған міндеттердің жүзеге асырылуына барлық қазақстандықтар мен бірге Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан әскерлері «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5517 әскери бөлімінің жеке құрамы да саяси тұрақтылықты қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтарын сақтау бойынша заңдылық пен құқықтық тәртіпті күзетуде жүктеген талаптар мен міндеттерді мүлтіксіз орындап келеді.
Сөз соңында айтарым, Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың халық игілігі үшін, болашақ ұрпақ үшін тұжырымдаған аса маңызды стратегиялық құжатын біз бір ел, бір халық болып, жұмылып орындайтынымызға кәміл сенемін.
Ербол Антай,
ҚР Ұлттық ұлан әскерлерінің
«Батыс» өңірлік қолбасшылығы 5517 әскери бөлімінің командирі, подполковник