Қоғамдық өмір, саясат, әдебиет, өнер, зерттеу бұның барлығы бір адамның қолынан келе бермейтін дүние. Бұлар көптің бірінің бойынан табылуы мүмкін, бірақ желкенің қыры жібермесі бар. Десе де бүгінгі жүздесу әмбебап адамдардың қоғамда бар екендігін және өмірлік көзқарастары мен парасат пайымының қоғамға қажет екендігін аңғартты. Осындай жандардың бірі де бірегейі халқымен жүздесіп, емен-жарқын әңгіме жүргізген қонағымыз, жерлесіміз Мәди Артығалиев.
24 қазан күні өңірімізге Мәди Артығалиев жұмыс сапарымен келді. Алдымен атбасын Көктерек ауылына тіреген азамат бала кездегі естеліктерін еске алып, замандастарымен жүздесті. Себебі бала Мәди 1957 жылы Көктерек ауылындағы 7 жылдық мектепте білім есігін ашқан болатын. Кейінгі сапары Казталов ауылына ұласты. Аудан орталығында ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Мәди Әдиұлы туған өңірдің жұртшылығымен жүздесіп, өнегелі өмірінен сыр шертті.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі қызметін атқарып жүрген ағамыз әңгіменің әлқиссасын арқалаған аманатты елге жеткізуден бастады. Жүктелген міндет батыс өңіріне Абай мен Әл-Фараби шығармаларын насихаттау. Ауылдастарының қошеметіне бөленген жан туған өңіріне деген сағынышын да жеткізді.
- Мен казталовтықпын, көктеректікпін, кіндік қаным Казталовта тамған болса, өмірге, білімге деген құштарлығым Көтеректен басталды. Осы уақытқа дейін көптеген мемлекеттік қызметтерді атқардым. Әйтсе де туған жер, туған ел еш уақытта назарымнан тыс қалған емес. Алабыртқан көңілім ауылды аңсап, сағынышымды жырыммен жеткіземін. Бүгін бауырынан талай саңлақтарды шығарған құтты өңірдің киелі топырағын басып алдарыңызға келіп отырмын. Сіздермен жүздесу мына ұлдарыңызға үлкен мәртебе, - деп ыстық ықыласын жеткізді.
Хош, амандықтан соң өлкетанушы, жиһанкез Абай мен Әл-Фараби шығармаларының біраз бөлігін тілге тиек етіп, бабаларымыздың шығармаларының қазіргі қоғамдағы рөлі ерекше екенін де атап өтті.
- Абай қоғамға «Өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек бекер мал шашпақ, Бес дұшпаның білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой. Бес асыл іс көнсеңіз» деп насихат қалдырды. Қазіргі қоғамның көрінісі де осы өлеңге саяды. Кейбір жастарымыздың бес дұшпанға еретіндігі өмірді бос өткізумен тең және қоғамның дамуын да тежейді. Абай айтқан бес асыл іске келсек, алынбайтын қамал, бағындырмайтын асу қалмасы сөзсіз.
Ал Әл-Фараби «Ғылым үйренем деген адамның ақыл-ойы айқын, ерік-жігері, тілек-мақсаты ақиқат пен әділдік үшін талап жолында болуы шарт. Жай ләззат іздеу, кәсіпқұмарлыққа ұқсас әрекет онда болмасқа керек» деп бір сәтті ғана ойламай, бүтін өмірді мәнді өткізуге насихаттап, бақытты адамға «бақыттың мәні - парасаттылықта, әркімнің өз алдында игілікті мақсат қоя білуінде... адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, игілікке бағаттап отыруында» деген ақылын айтады. Бабаларымыздың қай шығармасын алып қарасақ та өмірімізге нәр беріп, дұрыстық пен бұрыстықтың аражігін ажыратуға үндейді.
Биыл еліміздегі орын алған ахуалға байланысты Абайдың 175 жылдығы және Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мерейтойларының Абай айтқандай «бекер мал шашусыз-ақ» өткендігі баршаға мәлім. Әйтсе де атаулы тұлғалардың шығармаларын насихаттау қай уақытта болсын жалғасын тауып, өз маңызын жоғалтпақ емес.
Аманатын жеткізген туған жердің ұлы өз өмірінен сыр шертіп, өскелең ұрпаққа ағалық ақылын да жеткізді.
Келелі жүздесу барысында Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармонияның Орал сазы ансамблінің әншісі, дәстүрлі әнші, «Ерен еңбегі» үшін медалінің иегері Күләш Қуанышқалиева және ағамыздың серігі болған жерлесіміз, сазгер Әділбек Сүлейменов қалың жұртшылықты әуезді әндерімен тебірентті.
Кеште шырқалған 1939 жылы Қасым Аманжоловтың сөзіне жазылған «Абай арманы» туралы әннің де халыққа жаңа таңсық екендігін аңғарып, әннің иесімен тілдестік. Сөйтсек Абай туралы ән біздің өңірімізге тиесілі екен. Әннің авторы Әділбек Сүлейменов.
Қонағымыз, көптеген саяси тұлғалар мен өнер, әдебиет, мәдениет майталмандарының көзін көріп, ақылын өмірімен байланыстырған Мәди Әдиұлының кеш барысында біраз қырлары ашылды. Ол Әбілхайыртанушы, жиһанкез, өлкетанушы, өнертанушы, тәлімгер, сазгер, заңгер, саясаткер ғана емес, ақын екендігін де аңғардық.
Бұқарамен жүздесуде Мәди Әдиұлы өзінің шығармашылығын, жуырда жарық көрген кітаптарын таныстырды.
Әсерлі сұхбат, сырлы жүздесу соңында аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев аудан жұртшылығы атынан өз ризашылығын білдіріп, аудан әкімінің алғысхатын табыс етті. Кездесу Мәди Әдиұлының туған жерге арналған өлеңімен аяқталды.
Жүздесуден соң Казталов ауданының құрметті азаматы Мәди Әдиұлы аудандық тарихи-өлкетану музейіне табан тіреп, көненің түпнұсқасы сақталған мекеменің тыныс-тіршілігімен танысып, дерек қорын қолтаңбасы қалған жеке кітаптары мен құнды деректерімен толтырды. Сырлы да, өнегелі жүздесу көптің көңілінен шықты.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz