Қазіргі таңда адам баласын құртып, арбап кететін ең жаман қасиеттердің бірі - ішімдікке салыну. Әлгі жындандыратын суды ішіп алып, есінен өзі ғана айырылғанымен қоймай, қасындағы адамдарды, яғни бала-шаға, ата-ана, ағайын-туысына дейін маза бермей, әбден титықтатады. Осындай жағдайға түскендіктен, әрине, жұмысынан айырылып, қолына түскен соңғы ақшасын да араққа жұмсап, тек арақты ғана қажет тұтып тұратыны бесенеден белгілі. Тіпті өмірге деген көзқарас, отбасына деген жылулық, қамқорлық бәрі-бәрі қызықтырмайтындай жағдайға жетеді.
Сондай-ақ ішкілікке салынған адамда ешқандай абырой, адамгершілік қасиеттердің болмайтыны анық. Осылай жүріп, айрандай ұйып отырған бақытты шаңырағы шайқалып, бала-шағасынан айырылып, жалғыз көшеде қалады. Барынан, тіпті ақыл-есінен айырылған мұндай жандар кез келген жерде домалап, ешкімге керексіз болып қалатыны сөзсіз. Өкінішке орай, бүгінгі күні шараптың шырмауына шырматылған адамдарды күнделікті көзімізбен көріп жүрміз.
Айта кетейік, арақ адамның қалыпты өмір сүруіне өте зиян. Осы ащы судың кесірінен қаншама отбасы бақытты тірлігінен айырылып, қаншама қылмыстық іске барып немесе көз жұмып, өмірлерімен қоштасып жатыр. Соған қарамастан, бұның осыншалық залал екенін біле тұра, сол бір ішімдікке әуес болып кететінін түсіне алмай дал боласың. Шағын мемлекетке санайтын отбасын шайқалтатын бірден-бір себеп – арақ. Себебі шараптың кесірінен қаншама балалар жетімнің күйін кешіп жүр. Адамдардың ішімдікке салынуы айықпас дерт десек, артық айтқандық емес. Маскүнемдікке салыну алғашында тек бір рет қана ішіп көрем деген әуестіктен басталып, кейіннен үйреншікті әдетке айналады. Кейін, бұл әдет бірте-бірте ұлғайып, соңында ажал құшады. Сондай-ақ мас адам ашушаң, қызба мінезді, батыл, айқай шығаруға әуестеніп тұрады. Ал айыққан кезде мінезі мүлде өзгеріп, қой аузынан шөп алмас момын күйде жүреді.
Арақ – бүкіл бәленің көзі
Ең сорақылығы, ащы судың торында жүрген адамнан дені сау ұрпақ дүниеге келмейтіні дәлелденген. Ер адамды айтпағанда, әйелдердің ішімдікке салынуы тіптен ұят. Сондай-ақ, нәзік жандылардың организмдері тез уланатыны белгілі. Сондықтан маскүнемнің балалары кеміс, ақыл-есі дамымаған болып туылады екен. Солай екенін біле тұра, ішімдіктен қалай ғана бас тарта алмайды?
Айта кетейік, ішімдікке салынудың тағы бір бөлігі – бас жазу. Ащы суға әбден тойған адамның мастығы тарағанда тағы бір мәрте ішкісі келіп, организмдері талап етіп, ұйқысы қашып, мазасы болмайды. Кейін, бас жазу әдісін жүзеге асырған соң, айтылған нашар белгілері басылып, ұмытылғандай болады. Сөйтіп маскүнемдер күн сайын ішіп, одан кейін бас жазу үрдісі жалғасып, кейіннен арақтың соңында кеткенін өздері түсінбей қалады екен.
«Ішімдікке құмар әйелдердің саны артып келеді»
- Өткен жылмен салыстырғанда Жаңақала ауданында есепте тұрған адамдардың саны азайды. Бірақ ішкілікке салынған маскүнемдер арақты қанша ішсе де есепке алынбай жүр. Есепке алудың шарттары - міндетті түрде, олардың үстінен арыз түсуі қажет. Мысалы, бұндай адамдарды есепке алуы үшін белгілі бір себеп болуы керек. Яғни, ол адам арақты шамадан көп ішеді немесе үйдегі тұрғындардың мазасын, берекетін алады деген секілді. Маскүнемдердің саны былтырғы жылмен салыстырғанда аз бола тұра, адамдардың үстінен арыз жазылу биыл көп болып отыр. Мысалы, былтыр облыстағы алкоголизмнен мәжбүрлеп емдеу мекемесіне 9 адамды жіберген болсақ, соның ішінде 2 адам арызынан бас тартты. Ал биыл 13 адамның үстінен арыз түсіп отыр. Соның ішінде арызын қайтарып алған 7 жағдай, емге жіберілгені 1 адам. Қалған 5 адам құжаттарын жинастырып, іс жүргізіліп жатыр. Облыстағы алкологизмнен мәжбүрлеп емдеу мекемесіне алғаш жібергенде 6 айға, екінші рет жіберілетін болса 1 жылға, әрі қарай жалғасатын болса 2 жылға кетеді. Бұның барлығы соттың шешіміне байланысты болмақ. Сонымен қатар әйел адамдардың саны да өткен жылмен салыстырғанда биыл 1 адамға артқан. Негізінен, ішімдікке әйел адамның ағзасы ер адамға қарағанда жылдам бейімделеді. Мысалы, ер адамның маскүнемдігі 5-6 жылға дейін есептелсе, әйел адам 2-3 жылдың ішінде маскүнемдердің қатарына қосылып кетуі мүмкін.
Ащы судың құрбаны болған адамдарды емдеу өте қиын. Организм спиртті ішімдіктерді қабылдағанда адам өзін жақсы сезіне бастайды. Арақты ішкеннен кейін организм уланады. Содан соң, әртүрлі психоздар пайда болады, яғни сол адамның көзіне түрлі бейнелер, елестер көріне бастайды. Көбінесе осындай адамдардың үстінен арыз түседі. Сөйтіп, біз оны жындыханаға жолдаймыз. Маскүнемдікке шалдыққан адамдарға қалай көмектесеміз? Қазақтың даналық сөзінде «Тәрбие тал бесіктен» дегендей, ең бірінші, ішімдіктің алдын алу үшін кішкене кезінен арақтың зиян екенін құлағына құйып, түсіндіріп отыру қажет. Сонда ғана өскелең ұрпақ зиянды заттардан өздерін аулақ ұстауға бейімделеді, - дейді, Жаңақала аудандық ауруханасының дәрігер-наркологы Асқар Досалиев.
Қу арақтың зияны шаш-етектен
Айталық, бүгінде той, мерекені арақ-шарапсыз өткізу мүмкін емес. Үйге келген қонақтарды да ішімдікпен қарсы алуға дағдыланып кеткен. Ертеде ата-бабаларымыз қонақ келсе, қойын сойып, ет асып қарсылаған еді. Ал, бүгін керісінше, қой сойып, ет аспағанға емес, арақ құймағанға өкпелейтін заманға айналыпты. Негізінен, спиртті заттарды жасөспірімдерге, кәмелет жасқа толмағандарға сатуға рұқсат жоқ. Өкінішке орай, бұл заң толығымен орындалып жатқан жоқ. Сондықтан құзырлы органдар бұны жіті қадағалауы керек.
Сайып келгенде, қу арақтың зияны мол екенін, әрдайым естен шығармасақ жөн еді. Талай адамның түбіне жетіп, өмірін бұзған ішімдік кімнің болсын жанын күйзелтіп, азапқа салмады дейсіз. Бұған дәлел, ұзаққа бармай-ақ, ауданымыздың тұрғындарын да алуға болады. Кезінде өте білімдар, көпке үлгі, бірнеше игі істе өзін көрсеткен жомарт адамдарымыз, қазірде белгісіз себептермен сол бір ащы судың арбауында қалып, адам танымайтын күйге түскендер бар. Маскүнемдіктің пайда болу себебін білу мақсатында Жаңақала аудандық ауруханасының бас психолог маманы Анаргүл Ислямқызының да пікірін білген едік.
- Негізінен әйел адамның ішімдікке салынуы өте қиын. Бұған мысал келтіре кетсем: бір отбасында ерлі-зайыптылардың екеуі де қосылып жүріп, арақ ішетіндер бар. Ер адам ер адамдығын жасап ішеді, алайда бір отбасының ұйытқысы болып отырған әйел адамның ішімдікке салынуы – өте қиын әрі ұят жағдай. Оны біз қайтара алмаймыз. Алайда мұндай жұмыспен де айналысып, психологиялық тұрғыдан көмектесіп, алдын алған болатынбыз. Жалпы, маскүнемдікке көбінесе туған-туыстары жоқ жалғызбасты адамдар және жұмыссыздар кездесіп жатады, - дейді ол.
Түйін
Қазіргі таңда адамның дұрыс өмір сүріп, дамуы үшін барлық жағдай жасалынған. Өнермен немесе салауатты өмір салтын ұстанып, спорттың сан алуан түрлерімен айналысуға болады емес пе? Ендеше, өміріңді арақсыз, темекісіз, есірткісіз мәнді де мазмұнды өткізуіңе ештеңе кедергі емес, яғни бәрі өз қолымызда.
Жалпы ішімдікке әуестену той-жиындарда, отырыстарда мәз-мәйрам болып араласқан адамдар немесе араласатын ортаң да себепкер болады. Сол себепті қазірде әрбір азамат, үлгі тұтатын ата-ана, мұғалім, тіпті балабақшадағы тәрбиешілер жас буынға ішімдіктің зиянын түсіндіріп, тілге тиек етіп отырғандары жөн.
«Арақ аздырады, өз көріңді қаздырады» деген жақсы сөз бар қазақта. Расында арақ - түбінде өз көріңді қаздыртаны мәлім. Қазақ елінің ұрпағы саналы, білімге құштар болсын десек, жұмыла күш біріктіру қажет. Сондықтан осы кезден қозғаған мәселемізден нәтиже шықса екен дейміз.
Жаннұр Берікқызы,
Жаңақала ауданы,
zhaikpress.kz