Қазағымыздың бағына біткен асыл перзенті Дінмұхаммед Қонаев: «Өмірдің екі тірегі: үйренуден жалықпау, үйретуден аянбау» деген екен. Сөздің астарында үлкен мән мен мағына бар. Бүгінде салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымызды үйретуден қалыс қалмаған ісі үлгі, сөзі маржан әжелеріміз бар.
Ауданымызда өскелең ұрпаққа ұмыт қалып бара жатқан салт-дәстүрлерді насихаттап, бабалар мұрасын келешек қоғам мен жастарға насихаттауда әжелер ансамбльдерінің еңбегі ұшан-теңіз. Қазақы болмысымызды ұмыт қалдырмай дәріптеп жүрген ақжаулықты жандардың көрегендігі мен еңбегі ерен. Мәселен, жуырда аудандық С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығы жанындағы округтік әжелер ансамбльдері ұжымдарының қатысуымен «Салт-дәстүрім қазынам» жобасы мәресіне жетті.
Жобаның мақсаты - қазақ халқының ғасырдан-ғасырға жеткен, құнды салт-дәстүрлерімізді бүгінгі ұрпаққа үйрету, құрметтеп, қадірлей білуге, салт-дәстүр халқымыздың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігін, ырым-тыйымдарымен ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталған әдет-ғұрып жиынтығын жоғалтпай, дәріптеу. Атаулы жоба аясында өңірімізде тәлімі мол шаралар жүзеге асырылды.
«Салт-дәстүрім қазынам» жобасының «Астана күні» мерекесі қарсаңында тұсауын кескен Ақпәтер ауылдық «Ақырыс» әжелер ансамблі. Асыл жандар онлайн түрде «Жиен құйрық» дәстүрін сахналап дәріптеді. Кейін атаулы жоба өзге де ауылдық округтерде жалғасын тапты. Бостандық ауылдық округтік «Асыл әжелер» ансамблі «Шеге шапан» дәстүрін сахналаса, Қошанкөл ауылдық округтік «Ақ кимешек» әжелер ансамблі «Ат тергеу» дәстүрін халық назарына ұсынды. Ал Қайыңды ауылдық округінде құрылған «Ақ тілеу» әжелер ансамблі «Алла жіпті аттамау» дәстүрін дәріптесе, Бірік ауылдық округінің «Ақ әжелер» ансамблі «Асырап алу» дәстүрін насихаттады. Ұмыт қалып бара жатқан «Келін көңілі» дәстүрін Талдықұдық ауылдық округінің «Нұр АНА» әжелер ансамблі сахналады. Көктеректік «Ай шуақ» әжелер ансамблі «Тәбәрік» дәстүрімен көпшілік назарын аудартса, Жұлдыз ауылы «Жұлдыз-ай» әжелер ансамблі ұрпақ жалғастығы мен тектілігін ұмытпау мақсатында «Әмеңгерлік» дәстүрін дәріптеді. Қараобаның «Әжелер шуағы» ансамблі «Өңір салу» дәстүрімен көпшіліктің көзайымына айналса, Казталов ауылы халықтық «Гүлдерайым» әжелер ансамблі «Босаға майлау» дәстүрінің мән-маңызын жұртшылық арасында кеңінен насихаттауға үлес қосты. Жас келінге «Кимешек кигізу» дәстүрін Тереңкөл ауылы «Әжелер сәлемі» ансамблі сахналады. Қазақ халқының дәстүрлі ғұрыптық салты, қыз бен жігіт ата-аналарының өз балаларын бір-біріне үйлендіру жайында ақ ниет, жарқын үмітпен күні бұрын уәделесуі, жігіт атын қызға, қыз атын жігітке естіртуі «Айттыру, атастыру» екені белгілі. Бұл дәстүрді Жалпақтал ауылы халықтық «Шапағат» әжелер ансамблі әсем сахналық көріністері арқылы бейнелеп берді. Ақ жаулықты аналарымыздың еңбегіне қазағым деген жастар мен сөзі дуалы қарияларымыздың да қосқан үлесі зор.
Жобаның барлық мәліметтері мен деректері әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып тұрды. Ақпарат жылдамдығының мүмкіндігіне ие көпшілік әжелеріміздің еңбегіне оң бағасын беруде. Атаулы көріністердің барлығын тамашалап, кәсіби тұрғыда бағасын беріп, ризашылығын білдірген аудандық халық театрының режиссері Данагүл Жұмабаева өз пікірін білдірді.
- Әжелеріміздің атқарып жатқан игі істері көпке үлгі деп білемін. Көпті көрген, ұлттық болмысымыздың ұмыт қалмауына бей-жай қарамаған асыл жандарға ризашылығымды білдіремін. Бұл істер жастар мен өскелең ұрпақ үшін салт-дәстүрдің маңыздылығының айқын көрінісі. Көріністерді сахналау барысында да актёрлық шеберліктің аңғарылуынан бөлек, табиғи болмысқа жақын ақжаулықты жандардың өмірден көргені мен түйгені мол екендігі байқалады. Мұндай жобаларды дәріптеуде кем қалмауымыз керек, - деді Данагүл Жұмабаева.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz