2.10.2020, 15:38
Оқылды: 399

Ғұмар Қараштың арманы

Қазақ елінің Тәулесіздік алып, көк байрағын көтергеніне де отыз жылдай уақыт болды. Осы аз ғана уақытта өткен тарихымызды саралап, жоғымызды түгелдеумен келеміз. Соның ішінде Алаш қозғалысы, оның көрнекті өкілдерінің жанкешті еңбектері туралы қазіргі ұрпақ білуі тиіс. Бастарын қатерге тігіп, халқымыздың азат ел болуы туралы идеяны алғаш көтеріп, тарих сахнасына шығарған осы қозғалыстың көсемдері мен көрнекті өкілдері еді. Алаштың осы идеясы- тәуелсіз мәңгілік ел идеясы болатын. Қазір Тәуелсіз Қазақстанда Алаштың бұл ұлы идеясы жүзеге асуда. Мәңгілік Ел идеясы – еліміздің ұлттық идеологиясы. Халқымыздың  әлем таныған өркениетті ел болуын аңсаған Алаш қозғалысының көрнекті өкілдерінің бірі Ғұмар Қараш еді.

unnamed

Көрнекті Алаш қайраткері, діндар ақын Қараш Ғұмар 1875 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданында дүниеге келген. Қырқұдық ауыл молдасынан хат танығаннан кейін, Жалпақталдағы Ғ.Ғалікей ұстаған медреседе оқиды. 1902-1910 жылдары жиған білімімен ауылында, Тіленшісайда жәдитше бала оқытады. Сол кездерде әйгілі Шәңгерей Бөкейұлының шақыртуымен Көлборсыға мұғалім болып келеді. Осылай қоғамдық өмірге белсенді араласып, имандылық пен дәстүрге  негізделген әдеби орта қалыптастыруға себепші болады. Ғұмар Қараш – көрнекті ақын, ойшыл – философ, халқын өнер мен ғылымға, алдыңғы қатарлы ел болуға шақырған қайраткер – ағартушы. Ол өз заманының дін-шариғат, имандылық жолын берік ұстанған, араб, парсы, түрік,татар,башқұрт тілдерін жетік білген ғұлама-ақын болды. Сол кезеңдегі  қазақ елінде орын алған көкейтесті мәселелері жайында өлеңдер мен мақалалар жариялап, мерзімді баспасөз бетінде жиі көрініп тұрған, бірнеше кітап шығарып, халық арасында өте танымал болған. Оның Ғабдолла Мұштақ (Алланың зерделі құлы) атты бүркеншік атпен «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетіндегі мақалары туралы деректермен оқырман қауым таныс екендігі белгілі. Ғұмар өз заманында қазақ үшін Абайдан кейінгі рухани тұлға, ойшыл қаламгер ретінде мойындалған болатын.

Алаш зиялыларының азаматтық және саяси ұстамына сай Ғұмар Қараш 1917 жылғы Қазан төңкерісінің жалпы адамзаттық гуманизмге қарсы бағытталған саясатын қабылдаған жоқ. Өзінің «Тұрымтай» жинағындағы «Неден қорқам?», «Жұртым саған не болды?» өлеңдерінде Кеңес үкіметі тарапынан  тек қазақ халқына ғана емес, тұтастай ұлттарға жасалып отырған қиямет зобалаңын, қасіретті алапат зардабын болжай білді. Сондықтан да ақын қан төгіс арқылы келген биліктің әлеуметке теңдік пен бостандық орнатуындағы қадамдары қоғамдық даму заңдылығына қайшы болып табылатынын және де өзгенің күштеп таңған азаттығы мәңгілік болмайтынын, сондықтан өзіңнің сара жолыңды ізде деген мұратын алға тартады. Ақиқат жолынан адасып, сағым қуған тобырлық сананы сынға алады.Ғұмар Қараштың аяусыз сынағаны – надандық пен дарақылық, тоғышарлық, жағымпаздық пен парақорлық, шариғат жолын бұрмалаушылық. Халықты оянуға, өнер-білімге, іргелі ел болуға, өмірді жаңарту үшін қам-қарекет жасауға үндейді. Осы жинағындағы барлық өлеңінде Алаш қайраткерлері ұстанған тәуелсіз мемлекет құру идеясын кеңінен жырлап,әлеумет санасына сіңіруге тырысты. Сол кезеңнің ащы, ақиқат шындығын алға тартып,зарыға жеткен азаттықты сақтап қалу сыналар тарихи сәтте халықты барынша қүшті болуға жұмылдырып, Отанды қорғау сияқты ұлттық маңызы ерекше болып табылатын мәселелерді қоғамдық деңгейге көтерді. Тарихтың осынау өтпелі кезеңіндегі Алаш сыналар қатерлі өткелден өтуде ұлттың ұйысуымен жүзеге асатын нақты іс қана мұратұа жеткізетінін ескертеді. Соның айғағы ретінде алатын болсақ, ақын «Тіршілік мұраты» өлеңінде отаншылдық қасиет қана қазақ баласының тығырықтан шығар жолда адастырмас темірқазығы екенін ту етіп көтереді және қандастарын сондай рухта болуға қайрады. Отанды сүюден асқан қасиет болмайтынын және де ол ұлттық мұраттың басты өлшемі деген мәңгілік өлмейтін ұстанымды алға шығарды.

Қазақ тарихында алтын әріппен жазылған 1917 жылы Алаш автономиясы жарияланған кезеңде Ғұмар Қараш «Алашқа», «Алаш азаматтарына» өлеңдерін жазып, халықты әлеуметтік белсенділік пен сергектікке, ел мен жерді қорғауда тұтастыққа шақырды. Алаш туының асқақ, елдік қасиеттердің баянды болуы үшін әр азамат халқына еңбек етуде имандылық пен құрандай киелі ұғымдарды санасында тоқуы шарт деген талап қояды. Мұның бәрі Ғұмардың ұлтжанды тұлғасының,ақындық қуатының қашан да ұлт мұратымен сабақтасып отырғанын, өмірлік мақсаты болғанын дәлелдей түседі. Ғұмардың «Көреміз бе?» деген өлеңі Алаш партиясының, Алаш автономиясының мұрат – мақсатын анық танытып, осы жолдағы ерен істерді Ғұмардың әрдайым қолдаушы тұлға, қозғаушы ақын болғанын ұғындырады.Әрі қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіруді діттеген мұндай сарындағы өлең ХХ ғасыр басындағы ұлт поэзиясында сирек кездесетінін байқау қиын емес.

«Жарық жолға бастаушыға ереміз бе,

Ақ жүректі шын ерлерге сенеміз бе?

Таза қанды, кірсіз жанды қазақ жұрты

Өз алдына ел болғанын көреміз бе?» - деп басталатын осы өлеңінде жатқа тізгін бермейтін еркін ел, азат мемлекет болу сияқты өзекті де өміршең мәселені арқау етеді. Өлеңнің басты ерекшелігі – азат ел болуға мейлінше қажетті шарттардың, тәуелсіз мемлеке құрудың өмірлік талаптарын өткір қабылдауында.

Ғұмар Қараштың өмірінің соңғы жылдары большевиктер партиясына кіріп, кеңес үкіметінің орнауына ерекше үлес қосқаны тарихтан белгілі. 1920 жылы 21 маусымда II Бөкей губерниялық партия конференциясында губкомның пленум мүшесі болып сайлануы, сол жылғы I пленумда губкомның үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып бекітілуі – азамат ақынға халықтың үлкен сенім артқандығын көрсетеді.

Қазақ рухын асқақтату, өзіндік ұлттық болмысын сақтау және әлемнің дамыған елдерінен үлгі алуға шақырған Ғұмар арманы барша Алашорда қайраткерлерінің ел алдындағы  парыз бен қарызды өтеуге деген  адалдығын да танытады.

Қай істе болмасын дос пен дұшпанын айыратын Алаш перзентінің мерейі қашан да үстем, өзгелерден еңселі болуы үшін оқу – білімнің тереңдігі, береке-бірліктің жоғарылығы, ұлттық сана-сезімнің асқақтығы, саяси бағыт-бағдардың айқындығы, қоғамдық және діни-имандылық ұстанымдарының нақтылығы қажет. Осындай іргелі шарттарға иек артқан, оны ұстанған ұлттың алар асуы, шығар биігі зәулім болмақ.

М.Сәндібек,

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале