Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен короновирус індетінің алдын алу жөніндегі жедел штабтың отырысында айтылды.
Отырыста тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев өңірде індеттің таралуы, ПТР тест тапсыру секілді індетке қарсы атқарылып жатқан іс-шараларды баяндады.
– Облыста қазан айында 161 дертке шалдығу дерегі тіркелді. Оның 95-інде жұқпа белгісі болса, 66-ында ауру белгілері жоқ. Жалпы клиникалық белгісі бар аурулар 23 пайызға артқан. Сондықтан облыста науқастардың көрсеткіші жоғары болып отыр. Бұған ауа райының күрт салқындауы, сонымен бірге адамдардың көпшілік орындарға баруы, тұмша тақпауы да себеп болуда. 26 қазан мен 1 қараша аралығында дертке шалдыққан 71 адам тіркелді. Жалпы науқастанғандардың 40 пайызы зейнеткерлер болып отыр. Бір аптаның ішінде олардың 29-ы дертке шалдыққан, – деді М.Арыспаев.
Облыстың бас санитар дәрігері айтып өткендей, одан басқа дертке шалдыққандардың 19,7% жұмыс істейтіндер (14 адам), 14,1%-ы жұмыссыздар (10), 9,9%-ы медицина қызметкерлері (7), 9,9%-ы оқушылар (7), 4.2%-ы мұғалімдер екен. Спикердің сөзінше, науқастар көбінесе ауруды қайдан жұқтырғандарын білмейді. Кейбір науқастар ауруды қоғамдық көлікке отырғанда жұқтырғандарын айтады екен. «Көп адам жүрген жерде ауру жұқтыру тәуекелі жоғары. Дертті кез келген жерден жұқтыруға болады. Сондықтан тұрғындарға сақтық шараларын ұстану жөнінде жиі айту керек», – деді өңір басшысы.
Бас санитар дәрігер айтып өткендей, облыста короновирус дертіне сараптама жасайтын 7 зертхана бар. Қазан айынан бері 27633 зерттеу жүргізілген. Өңірде күніне 1300-ге жуық зерттеу жүргізілуде. Ұлттық сараптама орталығының БҚО бойынша филиалында тест тапсыру 8025 теңге тұрады.
Айта кету керек, 26 қазан мен 1 қараша аралығында мемлекеттік шекарадан 1158 адам өтіп, олардың 114-де COVID-19 анықтаммасы болмаған. Барлығы екі күнге карантиндік стационарға жатқызылып, тест алынған. Нәтижесінде Түркістан облысынан келген үш адамнан дерт анықталған. Ал анықтамасы жоқ 19 шетелдік өңірге кіргізілмеген. Шекарадан өткен көлік жүргізушілерінің арасында да анықтамасы жоқ немесе науқастанғандар да анықталған. Індетке шалдыққан сегіз жүргізушінің екеуі ресейлік болса, қалғаны батысқазақстандықтар.
Облыс әкімінің «Өңір арқылы бір аптаның ішінде 2300-ден астам транзиттік көлік жүргізушілері өткен. Оларды облыс орталығына кіргізбей жіберу мәселесі қалай шешілуде?» деген сұрағына жергілікті полиция қызметінің басшысы Ж.Жаншин жауап берді. Оның сөзінше, сегіз экипаж төрт-төрттен күндіз және түнде шекарадан өтетін көліктерге ілесіп, шығарып салуда. Алайда қала ішіндегі кемпингтерге кіретін көліктерді қадағалап, шығарып салу қиындық тудыруда екен. Бұл мәселе облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысында қаралатын балады. Отырыста «транзиттік көлікпен оған түк қатысы жоқ жолаушылар да келуі ықтимал. Ал олар індет жұқтыруы мүмкін» деген тұрғындарды мазалаған мәселе де қаралды. ҚР ҰҚК БҚО бойынша Шекара қызметі департаментінің басшысы Бауыржан Рысбековтің айтуынша, транзиттік көлік жүргізушілерінің қасында «екінші жүргізушімін» деген желеумен тағы бір жолаушы болатыны рас. Алайда олардың сол көлікті айдауға құқық беретін құжаты болмай шығады екен. Сондықтан бұл мәселе де өзектілігімен күн тәртібінде тұр. «Бұл мәселені республика деңгейінде көтерген дұрыс. Себебі оларға да жүк көліктері келеді. Жүргізушілері қасына тауарға түк қатысы жоқ жолаушы алады. Ол қатерлі індетті таратуы мүмкін. Сондықтан еліміздің бас санитарлық дәрігерімен талқылау керек», - деген облыс әкімі құзырлы мекеме басшысына тапсырма берді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Г.Лямовтың сөзінше, барлық емханада Call-орталықпен байланыс бар. Соңғы аптада тұрғындар тарапынан 1600-ден астам қоңырау шылынған болса, олардың 124-і короновирусты пневмонияға қатысты сұрақ қойған.
Жедел штаб отырысында жағдаяттық орталықтың жұмысы да талқыланды. Облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызмет және архивтер басқармасының басшысы Сәкен Нұртазиевтің сөзінше, облыста індетке шалдыққан немесе науқаспен байланыста болған тұрғындарды бақылайтын «Saqbol» және «Zertteu» электронды қосымшалар дайындалған. Алдағы күндері қайсысы тиімдірек екені анықталған соң қолданысқа енеді. Ол үшін тұрғындар бұл қосымшаны телефонға жүктеп алуы керек. Өңір әкімі тиісті сала басшыларына тұрғындардың ПТР тест нәтижесін хабарлауды аутоматтандыруды, яғни тез арада хабардар етуді тапсырды. Сонымен бірге Ғали Есқалиев өңірдегі барлық мекемеде, кәсіпорында дәрігерлік қобдиша болу қажеттігін баса айтты. Жұмысшыда дерттің белгісі білінген жағдайда ол алғашқы медициналық көмекті қызмет басында алуы керек.
Жедел штаб отырысында індеттің таралуына жол бермеу мақсатында құрылған мониторингтік топтың да жұмысы айтылды. Облыс әкімінің орынбасары Айдар Нұралиевтің сөзінше, санитарлық талаптарға мұйынсұнбайтындар той-томалақты коттедждерде жасауға көшкен. Сонымен бірге аптанның жұмыс күндері де той тойлайтын болған. Той өткізген алты нысанның ісі сотқа жолданған.
– Тексерістер жүргізілсе де, жиын-тойлар өткізу тыйылмай тұр. Қазір індет екі жағдайда тез тарайды. Біріншіден, шетелден келетін азаматтардан жұғатын болса, екіншіден, дерт көпшілік жиналатын жиын-кештерде таралады. Егер жиын-тойды тоқтатпайтын болсақ, Шығыс Қазақстан облысындағыдай жағдайға ұшырауымыз мүмкін. Сондықтан тұрғындар сақтық шараларын, санитарлық талаптарды орындауы керек. Мониторингтік топтардың жұмысын күшейтіп, тек демалыста емес, жұмыс күндері де тексеріске шығу керек. Тұрғындарды көмектесуге шақырамын. Олар той, садақа болып жатқан жерді 109 нөміріне хабарлап, жеткізулері қажет. Ақпарат берген кісіге көмек ретінде сыйақы береміз. Әрине той, садақа өткізгісі келетіндерді түсінеміз. Бірақ қазіргі жағдайда ол қауіпті. Соны түсінген жөн, – деді облыс әкімі.
Жедел штаб отырысында әуежайдың терминалын жөндеу кезінде қысқы және күзгі мезгілде келіп-кететін жолаушыларды жайлы орналастыру мәселесі де айтылды. Осы мақсатта әуежай аумағында контейнер пішінді бір блок-модуль орнатылған. «Агрореммаш» АҚ-мен келісім бойынша қалған екеуі апта соңына дейін қойылады. Олардың пішіні 12х2,4 метр электрлі конвектормен жылытылады. Сонымен бірге отырыста медицина мекемелерін жылжымалы қазандыққа қосу мәселесі қаралды.
Айна Имашева,
zhaikpress.kz