3.11.2020, 21:47
Оқылды: 62

Қала «жабайы базарлардан» қашан тазарады?

Әбілхайыр хан даңғылы бойында орналасқан «Жайық» базарының саудагерлері санитарлық талапқа наразы екендерін, оңайлықпен орнын босатпайтындарын ашық айтты. Бүгін Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков бастаған мониторинг тобы «Жайық» сауда үйі қасындағы кәсіпкерлік нысандарына барып, Орал қалалық бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 22 қазандағы №83 қаулысы мен облыстық мәслихаттың 18 наурыздағы №33-4 шешімі аясында жүзеге асып жатқан іс-шаралардың жай-жапсарын түсіндірді.

5355B9DB-7CFC-4BE0-80A5-348700C338F8

Мониторинг тобы таратқан құжат көшірмесінде Орал қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Мәдениет Танауовтың аталған қаулы негізінде қала басшылығы мен жергілікті полиция қызметіне шаһардағы жабайы базарларды жоюды жүктегені көрсетілген. Бірақ бұл жолы да «Жайық» базарындағы сауда жасаушылардың қарасы көп екен. Олар жеміс-жидек, азық-түлік, ет-сүт өнімдерінен бастап, киім-кешекке дейін сатып тұр. «Саудагерлер таңғы сағат 6:00-ден бастап, даңғыл бойына орналасады. Содан қас қарайғанша отырады. Осы жерде қаңғыбас адамдар да, маскүнем де өріп жүреді. Жабайы базар тұсындағы көпқабатты үйде тұрамын. Көше бойында кең тыныстап жүріп, немеремді алып серуенге шығу мүмкін емес», – деді әкімге жанайқайын жеткізген тұрғындардың бірі Қарлығаш Ғаниқызы.

599023FA-08A2-403D-AEBB-8B6AE26B4E9E

Қала басшысы айналасына лезде топтасып алған саудагерлер осында кәсібінен нәсіп тауып, жан бағып отырғандарын, басқа барар жер, басар тауы жоқ екенін, көшедегі сауда нүктелеріне тыйым салуға мүлдем қарсы екенін айтып шулап қоя берді. Кейбірі тап осы жерге павильон тұрғызуды талап етіп, ашық базар салса ғана кәсібін заңдастырып, салық төлейтіндерін жеткізді.

– Пандемия белең алған кезде сауда жасау қауіпті екенін неге түсінбейсіз? Адамдардың денсаулығына қатер төндіруге себепкер болып тұрғаныңыз жөнінде ойланыңыз. Сізді бірден заң аясында әкімшілік жауапкершілікке тартуға болады. Бірақ санитарлық талапқа сәйкес келмейтін сауда орындарының зардабы орасан екенін ескертіп, алдын ала түсіндіру жұмысын жүргізудеміз, – деді қала басшысы ашық сөре үстінде мал етін сатып тұрған әйелге. Саудагердің қолында ет өнімін сатуға рұқсат беретін ветеринарлық анықтама да болмай шықты.  

C231947E-FBC6-4CC2-A24C-B9B4CF78178C

Қара базар аумағында «Орал қаласының әкімдігі осы аумақта сауда жасауға қатаң тыйым салынатынын хабарлайды!!!» деген жазуы бар сары түсті баннер орнатылған. Оған қоса  Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 204-бабына сәйкес жергілікті атқарушы орган белгілеген орындардан тыс жерде сауда жасағандарға ескерту жасалатыны немесе 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатыны жазылған. Бірақ дәл осы баннер түбінде сауда жасауға тауарын әкелген адам қаннен-қаперсіз отыр.

– Сауда нүктелерінде ешқандай санитарлық талап сақталмайтыны көрініп тұр. Азық-түлік өнімдерін сатып тұрған қызметкерлер арнайы сауда киімін кимеген, медициналық кітапшалары мен ветеринариялық анықтамалары да жоқ. Көшеде бұлай сауда жасау заң талабына мүлдем қайшы, – деді мониторинг тобындағы Орал қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысының орынбасары Роза Хасенова.

06F4EC27-11AD-48B9-94B5-8171CA3FD7D6

Даңғыл бойындағы «Жайық» сауда үйінің әкімгері Галина Череватова ғимарат алдына сауда жасаушыларды мүлдем жолатпау мүмкін емес екенін, олар ескертуге құлақ аспайтынын, полиция қызметкерлерінің көмегінсіз қолдан келер қайран жоқ екенін айтып,  ақталумен болды.  Қала әкімі оған абаттандыру ережелерін түсіндіре келіп, сауда нысанының айналасын күтіп ұстау, тазалық сақтау, адамдардың бей-берекет топталуына жол бермеу кәсіпкерлер мойнына жүктелетінін айтты. Сондықтан заңсыз сауда жасауды тоқтатуды талап етуді дүкен қызметкерлеріне жүктеуді, абаттандыру қағидасына сәйкес сауда үйі алдында тездетіп тәртіп орнатуды қолға алуды тапсырды.

B556A637-7B5E-4048-A631-02DC1B246F4D

Мониторинг тобы Жайық базары тұрған аумақтағы кәсіпкерлік нысан өкілдеріне облыстық мәслихаттың 18 наурыздағы №33-4 шешімімен бекітілген «БҚО қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидасы» басылған жадынаманы таратты. Мәслихат шешіміне сәйкес, барлық ұйымдық-құқықтық нысандардың жеке және заңды тұлғалары меншігіндегі аумақты (5 метр шегінде) өз қаражаты есебінен санитариялық күтіп-ұстауға және абаттандыруға міндетті. Кәсіпкерлер бизнес нысанының аумағын тазалап, қоқыс жәшігін орнатуы, кірме жолдарды реттеуі, асфальт төсеуі, қасбетті әктеуі және көгалды баптауы тиіс.
A645A152-0FA8-41D5-990B-0776297B20AE

Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 505-бабына сәйкес абаттандыру қағидаларын бұзған шағын бизнес иелеріне - 10, орта кәсіпкерлер нысанына - 20, ірі бизнес орындарына 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Рейд кезінде осы талаптар жөнінде айтқан шаһар басшысы Абат Шыныбеков қалалық жергілікті полиция қызметінің бастығы Азамат Қалиевқа заңсыз сауда орындарын тарату бойынша жұмысты ширатуды тапсырды.

 Н.Текебай,

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале