6.11.2020, 16:43
Оқылды: 22

Басты мәселе – байланыс пен интернет

Қарашаның 6-сы күні облыстық мәслихаттың кезекті 39-сессиясы өтіп, оның жұмысына өңір басшысы Ғали Есқалиев қатысты.

 сес 2

            Сессияның күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының Батыс Қазақстан облысында орындалу барысы туралы облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасының басшысы Сәкен Нұртазаев баяндама жасады. Оның айтуынша, соңғы екі жыл ішінде Жайық өңірінде мемлекеттік-жекелік әріптестік аясында 5 аудан (92 ауыл) талшықты байланыс желісімен қамтылып, 200-ден аса бюджеттік ұйымдар оған қосылған. Жалпы, облыста 428 елді мекен бар. Соның 312-сінде интернет жұмыс істеп тұр. Интернетсіз отырған, ауылдардың ішінде 18-інде 250 адамнан аса халық тұрады. Биыл ұялы байланыс операторларының көмегімен солардың онына интернет барады. Алдағы жылы қалған сегізі жоспарда. Тұрғын саны 250 адамнан төмен қалған 98 елді мекен туралы ақпарат салалық министрлікке жолданған. Бұларға қатысты арнайы бағдарлама қабылдануы мүмкін.

сес 1

- Талшықты байланыс желісін тарту көп қаржыны қажет еткендіктен біз ұялы байланыс арқылы интернетке қосуға баса мән береміз. Күні бүгін 100-ден аса байланыс мұнаралары керек. Бюджеттік өтінім жолдадық. Талдап, тағы да қараймыз. Ерекше атап өтетін жағдай – бұрын әрбір байланыс операторы ауылға тек қана өздерінің мұнарасын қоятын болса, енді олар өзара меморандум нәтижесінде бір мұнараға бірнеше оператордың базалық стансаларын орналастыруға келісті. Бұл халыққа өте ыңғайлы, - деді С.Нұртазаев.

«Қолжетімді әкімдік» бағдарламасы елімізде ең алғаш біздің облыста қолға алынғаны белгілі. Цифрландырудың арқасында қазіргі таңда көптеген қызмет түрлері (жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, үйге кезекке тұру және т.б.) электрондық жүйеге көшіріліп, бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға зор көмегін тигізуде. Жақын арада барлық деректер геоақпараттық порталға орналастырылатын болады.

- Қалада коммуналдық салаға қатысты сауалдарға жауап беретін «109» бірыңғай нөмірі жұмыс істеп тұр. Өткен жылы жедел қызмет салаларының басын біріктірген «112» нөмірі (жедел жәрдем, төтенше жағдай, полиция) іске қосылды, - деді басқарма басшысы.

Шаһарда «Қауіпсіз қала» жобасы жемісті жүзеге асырылуда. Көшелерде 40 дана жылдамдық өлшегіш құрал мен 120 бейнекамера орнатылған. 2019 жылдың қорытындысында цифрландыру қарқыны жөнінен Орал Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан кейін үшінші орынға табан тірегені көңіл тоғайтады.

Келесі кезекте күн тәртібіндегі екінші мәселе – Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2019 жылғы 13 желтоқсандағы №32-1 «2020 – 2022 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу жөнінде облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Тілепберген Каюповтың баяндамасы тыңдалды.

сес 4

-2020 жылға арналған облыстық бюджетті нақтылаудың жалпы сомасы 8,5 млрд теңге құрайды. Енгізілген өзгерістер есебінен облыстық бюджет 245,4 млрд теңге болып отыр. Мәселен, әлеуметтік салаға 1,3 млрд теңге, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау және ветеринарияға 4 млрд теңге қарастырылды. Оның ішінде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 3,9 млрд теңге бағытталды. Сондай-ақ, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарының құрылысына, әлеуметтік нысандарды газбен қамтуды қоса қаржыландыруға және аяқтауға 143 млн теңге бөлінді. Көлік инфрақұрылымының басым жобаларын қаржыландыруға 1 млрд теңге қаралды. Шығыстар Оралдағы Көшім көшесінің жолын қайта құруға, Ақжайық, Сырым, Тасқала, Бәйтерек аудандарындағы күрделі және орташа жөндеу жұмыстарына жұмсалмақ. Сонымен қатар, облыс резервін толықтыруға, төтенше жағдайларға қатысты шараларға, коронавирустық инфекцияның екінші толқынының алдын алуға 1,5 млрд теңге бағытталатын болады, - деді басқарма басшысы өз баяндамасында.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – Батыс Қазақстан облысының Құрмет грамотасымен наградтау туралы облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар хабарлама жасады. Сессияда қаралған барлық мәселелер бойынша шешім алынды.

Сессия барысында облыс әкімі Ғали Есқалиев сөз алып, айтылған мәселелер турасында пікірін білдіріп, тиісті тапсырмалар берді.

- Ұялы байланыс, интернеттің нашарлығы ешкімді қанағаттандырмайды. Сондықтан арнайы комиссия құрамын. Ол бір ай ішінде барлық аудандарды аралап, байланыс сапасын тексереді. Сосын қосымша қандай шаралар алу керектігін айтады. Оған қоса републикалық, облыстық маңызы бар жолдарда ұялы байланыс толық болуы керек. Өйткені, жол-көлік оқиғасы болғанда әр минут қымбат. Қауіпсіздік үшін бейнекамералармен тек қана қала емес, аудан орталықтары, ауылдар да қамтылуы тиіс, - деді өңір басшысы.

 

Тоқтар Ғабдірешұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале