6.11.2020, 20:35
Оқылды: 61

Бата беруде бармақ тістеп жатамыз

Ағылшын тілшісі қазақтың салт-дәстүрлерін зерттей келе екі өнеріне бас иіпті. Оның алғашқысы айтыс болса, екіншісі бата өнері екен. Бата жылдан-жылға, ғасырдан-ғасырға, атадан-балаға жалғасып келетін сабырлы да салмақты, астарлы да киелі сөздердің жиынтығы. Тек оны орынды жерінде пайдалана білу қажет.

15DE0EDF-59B6-42BB-BEFE-65A8EAA953F2

Бата беру – адал ниет, жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Дастархан басында, түрлі жиын-тойларда, қуаныш иесіне арнап қол жайып, бата береді. Сондай-ақ бата қиын сапар, алыс жолға аттанған азаматына ақ жол тілейтін халқымыздың ежелден келе жатқан, кең таралған дәстүрлерінің бірі. Бата беретіндер, көбіне, көпті көрген ақсақалдар мен кемеңгер де дуалы ауыздылар болып келеді. Бата қысылғанда – қуат, қиналғанда – медет беріп, әрбір іс-әрекетіңе даңғыл жол ашып, бәле-жаладан қорғайды деп есептелген. Бата көзі тірілерге ғана емес, аруақтарға да жасалған. Батасыз, тілексіз өмір болмайды.

«Батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді» деп халқымыз текке айтпаған. Бата беруші ақсақалдар айтатын бата сөздеріне айрықша мән беруі қажет. Бата кімге айтылып тұр, қандай жағдайда беріліп тұр, соған байланысты да мәтіні өзгеріп тұрған.

Соңғы кездері көпшіліктің қарияларымыздың бата берулеріне келгенде көңілдері толмай жататындығын байқаймыз. Бата тойда айтылатын тілектерге көбірек ұқсап кеткенге ұқсайды деген сын пікірлер жиі айтылуда.

Бата мен тілек екеуі екі басқа дүние. Тілек – ол кез келген адам өз ниетін білдіретін сөз. Ал батаның орны басқа. Бата берудің халқымызда ғасырлар бойы қалыптасқан әдептері мен өзіндік үлгілері бар. Жасынан бата тыңдап өскен, өзі бата алған жандар батаның қадір-қасиетін жете біліп, ақсақал болғанда өзі де тамаша батагөй болады. Бүгінде бата берушілер көбіне жаттанды сөздерді пайдаланады.

Халқымыздан жалғасқан төгілмелі шешендік ойлармен көмкерілген батаның үлгілері жоқтың қасы. Сондықтан да бата беруші ақсақалдарға халықтың көңілі толмау себептері осында болса керек.

Заман ағымына сай бата беретін қарттар қатары азайып бара жатуына орай жыл сайын батагөйлер сайысын өткізіп тұрса кемшіліктің де орны толар еді. 

Ахмет Батыршин,

зейнеткер ұстаз,

"Сырым елі" газетінің штаттан тыс тілшісі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале