«Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген жақсы сөз бар. Мұның астары әйел адамның кез келген ауқымды істерге араласа алатынын, үлкен нәтижелерге қол жеткізе алатынын аңғартады. Өйткені қоғамның түрлі салаларындағы жетістіктерде әйелдердің үлесі бар екені ақиқат.
Өткен аптаның жұмасында Ақжайық ауданы орталығында өткен алғашқы аудандық іскер әйелдер форумында ісінің негізін қалаған нәзік жандылар, өз қызметінде елеулі жетістіктерге қол жеткізген аруларымыздың ерен үлгілері кеңінен насихатталып, мемлекеттік бағдарламалар аясында көрсетілетін қолдау-көмек жайы толық баяндалды.
Ауыл-аймақтағы іскер, азаматтық ұстанымы бар әйелдердің басын қосқан келелі отырысқа облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ляна Тұрсынова, аталмыш кеңестің БАҚ комитетінің төрайымы Алмагүл Жанпейісова, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Зүлфия Көбеева, Теректі аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Майра Исенова, «БатысФинанс» микроқаржы ұйымы» ЖШС директоры Руслан Борпиев арнайы қатысты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев ашып жүргізді. Форумқа қатысушыларды қошеметтеген ол әрі қарай аудандағы әйелдер қауымымен атқарылған жұмыстар легіне тоқталды. Ауданда бұл салада «Шуақ» әйелдер қоғамдық бірлестігі, аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, әр ауылдық округте әйелдер кеңесі жұмыс жасайды. Сонымен бірге білім мекемелерінде аналар комитеттері, бойжеткендер клубтары құрылып, ұрпақ тәрбиесін мығымдай, ел ертеңін қалыптастыру мақсатында іргелі шаралар ұйымдастырылуда.
«Ауданда әйелдер қауымы ерлермен бірдей еселі еңбек етіп, барлық кәсіп түрінде аудан дамуына қарымды үлестерін қосып жүр. Бізде 41 мыңнан астам халық болса, олардың ішінде нәзік жандылардың үлесі 48 пайыз, яғни 20 мың. Еңбекке жарамды 14076 әйелдің 972-сі жұмыссыздар қатарында. Оларды мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыспен қамтудың түрлі шараларына қатыстыру мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Мысалы, қазірдің өзінде 471 әйел қоғамдық жұмыста жүрсе, 87-сі жастар тәжірибесімен қызметке тартылған. Аудандағы кәсіпкерлермен бірлесіп, 44 жанды әлеуметтік жұмыскерлер қатарына қостық. Кәсіби курстарға жолданған жерлестеріміз де заман талабына бейімделіп, өз кәсіптерін ашуда», – деді Т.Александрұлы.
Кейінгі кездері ауыл шаруашылығымен және басқа да кәсіп түрлерімен айналысып жүрген нәзік жандар жетерлік. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдауға ие болған кәсіпкер әйелдердің жетістікке жеткендері де аз емес. Мәселен, мемлекеттік қолдаудың бір тетігі саналатын «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 52 кәсіпкерге несие берген болса, оның 18-і әйелдерге тиесілі екен. 68 нәзік иықты «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының облыстық филиалы комиссиясының оң ұйғарымын алып, 37,8 млн. теңге грант иеленді. Осындай деректерді тілге тиек еткен Т.Габдушев ауданда әйелдердің іскерлік белсенділігін арттырудағы түйткілдерді де ортаға салды. «Күні кеше жұмысын ақсуаттық кәсіпкер, белсенді әйел-ана Ләззат Сейткереева қолға алған іскер әйелдердің аудандық кеңесінің осы түйіндерді тарқатуда үлесі зор болады деген сенімдемін. Бүгінгі форум – ауыл-аймақтағы әйел-ана, қыз-келіншектердің әлеуетін арттыруға жасалған соны қадамдардың бірі. Алдағы уақытта кеңестің өкілдіктерін, яғни іскер әйелдер клубын әр ауылдық округте құру – міндет», - деді аудан әкімінің орынбасары.
Осыдан кейін сөз алған Ляна Алексеевна облыстық іскер әйелдер кеңесінің жұмысына кеңінен тоқталды. Түрлі үкіметтік емес ұйым мүшелері, мемлекеттік қызметкерлер, бизнес өкілдерінің басын қосқан бұл мекеменің басты мақсаты - кәсіпкер қыз-келіншектерге мәселені талқылау аймағын қалыптастыру және бизнестің жүйелі дамуына жол ашу.
«Біз барша белсенді іскер әйелдер болып, кәсіпкерлікті дамыту бағытында жұмыстанудамыз. Бүгінде бизнес өкілдері мемлекет тарапынан мықты қолдауға ие. Өз басым әйелдер арасында шағын және орта бизнесті дамыту арқылы бай-бақуатты елге айналатынымызға сенемін. Себебі тоқырау кезеңде ала дорбасын арқалап, елімізді тығырықтан алып шыққандар – әйел-аналар. Сол кезде даралап тауар сатып, кәсібін бастаған нәзік жандылар – бүгінде алпауыт зауыттардың, үлкен мейрамханалардың, өндіріс орындарының иелері. Түсінемін, ауылда кәсіппен айналысу оңай емес. Бұған, біріншіден, ұлттық менталитетіміз кедергі. Отбасы, ошақ қасындағы әйелдің ерлермен бірге бизнеске араласа алатынын, тіпті кейде кей азаматтардан артық еңбек ете алатынын әлі күнге түсінбей келе жатырмыз. «Әйел әлсіз» деген гендерлік стереотип те бар. Көзінде оты бар, бастысы, бизнеске талабы зор кей әйел жандарына қарап отырып, бар жігерін отбасына арнайтынына күйінемін. Олар да мемлекеттің әйелдерге ұсынған мол мүмкіндіктерін пайдаланып, өз өңірінде теңдесі жоқ бизнес-жобаны жүзеге асыра алар еді. Бірақ, көбінесе оларға бұл ақпарат жетпей жатады. Біздің мақсатымыз да осы –ауылдағы әйел-ана, қыз-келіншектерге барынша қолдау көрсету. Осы тұста аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы болып тағайындалған Ләззат Сейткерееваның еңбегін ерекше атап өткім келеді. Бірақ «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» деген, оған ғана сүйеніп отыра беруге болмайды. Біздің күшіміз тек біріксек қана, еселенеді. Сондықтан бәріміз бұл істі қолдап, жұмыла әрекет етуіміз керек. Себебі, бүгінгі күннің батырлары – еліміздің экономикасын дамытуға үлес қосып отырған мына сіздер», – деді Л.Тұрсынова.
Аудандық іскер әйелдер кеңесін басқару сеніп тапсырылған Ләззат Сейткерееваның өз кәсібін бастағанына ширек ғасырдың жүзі болды. Бизнесті аяққа тұрғызу, әрине, оңай емес. Талай кедергі, қиындықтарды еңсерген ол бүгінде біраз жерлес әйелдерді жұмыспен қамтып отыр. Ауылдағы қайырымдылық жұмыстарына да бастамашы болып жүрген жайы бар. «Менің бұл өмірде түсінгенім – қоғам адамды емес, адам қоғамды қалыптастырады. Сондықтан, менің мақсатым – жанымдағы көмекке мұқтаж әр жанға қолдау көрсету. Аудандағы азаматтық ұстанымы бар, іске талап-жігері мол әйелдерді біріктіріп, осындай кеңес құрдық. Оның жұмысының жандануы – тек сіздердің қолыңызда. Мұнда тек ақыл-кеңес қана емес, тәжірибе алуға да болады. Біз енді бастау алған бизнеске жол көрсетеміз және тиісінше қолдау беруге барымызды салуымыз керек», – деді ол.
Форумның аясында сондай-ақ біраз қатысушылар өз бизнестерінің шыңына шығу жолында жеткен жетістіктерімен қатар, өз тәжірибелерімен де бөлісті. Бизнес бастауында кездесетін түрлі кедергілер мен қандай жағдайда оған қаржы ала алатыны туралы мамандар кеңес берді. Ауылдық округтерде тағайындалған іскерлер әйелдер кеңесінің өкілдеріне сертификаттар табысталды.
Ескерте кетелік, аталмыш шара барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілді, оған барлық ауылдық округтен белсенді әйелдер онлайн форматта қатысты.
Әлия Шарапиева,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz