Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевке ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде тікелей эфирде өткен брифингте тілшілер Орал қаласындағы әуежайды қалпына келтіру (реконструкция) жайлы сұрақ қойды.
-Былтыр шілде айында қалпына келтіру жұмысын бастадық. Бастапқы жұмыс кезінде жобалаушы, геодезиялық зерттеу жасаушылар қателігінен мәселе туындады. Арнайы маманданған мекеме қателікті тауып, сол кездегі қайта жабдықтау жұмыстарына тыйым салды. Жыл басында қайтадан жаңа жобаға тапсырыс беруге тура келді. Бұрынғы әуежайда жолаушылардың ұшаққа дейін жетуіне мүмкіндік беретін телетрап (рукав) болмады. Ішкі логистика да дұрыс ұйымдастырылмаған еді. Жаңа жобаны 3 мың шаршы метрге кең қылып жасадық. Дизайны өзгерді. Яғни, әуежай мүлдем жаңа кейіпке енеді. Жақында мемлекеттік сараптамаға бердік. Жылдың аяғына дейін жауабын алып, қаңтарда құрылыс басталады деп ойлаймын. Алдағы жылдың желтоқсан айына дейін пайдалануға беріледі.
Жолаушылар кейбір БАҚ хабарлағандай вагонда отырған жоқ, ол қарсы алушылар мен шығарып салушыларға арналған. Жолаушыларға уақытша терминалда қызмет көрсетіледі. Ол жерде барынша жағдай жасалған. Қолайсыздық - уақытша, келесі жылға дейін шыдай тұруға тура келеді, - деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Нұрлыбек Нұрланұлы,
суретке түсірген автор
zhaikpress.kz