16.11.2020, 10:33
Оқылды: 45

Теректіде 29 ұлт өкілі тұрады

Дәулеті ортаймай, ырысы шайқалмай, татулықтың бесігінде тербелген бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі Теректі ауданында 29 ұлттың өкілді бір отбасындай болып ел игілігі үшін тер төгуде. Этникалық топтардың дәстүрлері, тілі, мәдениетін  сақтап,  ортақ  міндеттерге  біріктіріп, татулықтың жарқын үлгісін көрсетіп отырған ауданда Достық үйі этносаралық бейбітшілік пен келісімді, ынтымақтастықты нығайтуға және жалпы қазақстандық идеологияны қалыптастыруға этномәдени орталықтардың белсенді қатысуына ықпал ететін аймақтың басты алаңы.

 59468214_1173110986204127_3206282580697546752_o

Бүгінгі таңда Достық үйінде  6 этномәдени бірлестік  бар. Тінін тарқатсақ, 2012 жылы «Алтын бесік» қазақ  этно-мәдени орталығы құрылды, оның жетекшісі, Новопавлов  ауылдық клуб  меңгерушісі Ләйла Қаражігітова. Дәл осы жылы  «Русская изба» орыс  этно-мәдени орталығы да ашылған болатын. Бұл орталыққа Покатилов ауылдық мәдениет үйінің  директоры   Николай    Сунцов бас-көз болып отыр.  2007 жылы ашылған «Еднання» украин  этно-мәдени орталығына Долин ауылдық мәдениет үйінің директоры Надежда Рунова жетекшілік етеді.

«Алтын гюль» татар  этно-мәдени орталығы өз жұмысын 2010 жылы бастады. Төңкеріс ауылдық клуб меңгерушісі Татьяна Момот аталмыш орталықтың жұмысын дөңгелетуде.

Достық үйінің директоры Гүлмира Кощанованың айтуынша,  ресми түрде 2 этно-мәдени орталық үкіметтік емес бірлестік болып тіркелген. Оның бірі – 2012 жылы құрылған «Сябры» белорус этно-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі. Оған  Мария Плетеная басшылық етеді. Ал екіншісі – «Өркендеу» корей  этно-мәдени  орталығы»  қоғамдық  бірлестігі. 2014 жылы ашылған орталықтың жұмысын жеке кәсіпкер Владимир Шин атқарады.

Бұлардың қатарын биыл «Фройндшафт» неміс этно-мәдени орталығы толықтырды. Орталықтың тізгінін Богданов  ауылдық клуб меңгерушісі Вера Медетова-Дик  қолға алды.

Достық үйінде ұлттың рухани мұрасын сақтау, жандандыру және дамыту үшін орасан зор жұмыстар жүргізіледі. Этномәдени бірлестіктері «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру аясында белсенді жұмыс жүргізуде, мысалы Құрбан айт, Рождество, Пасха, Масленица, Сабантой және тағы басқа ұлттық мейрамдарды, ұлттық мәдениет пен дәстүр күндерін өткізуді дәстүрге айналдырды.

- Аудандық Достық үйі «Бір шаңырақтың астында», «Бір ел – бір тағдыр», «Мәңгілік ел» сынды жобаларға жыл сайын бастамашы болып келеді. Сондай-ақ, «Қазақтану» бағдарламасы бойынша жобалар жүзеге асуда.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған көптеген қызықты жобаларымыз да бар. Бұл «Мини мисс-2020» онлайн-конкурстары, «Елім менің»,  «Этнос апталығы» патриоттық әндер байқауы, «Өнеріміз саған, Қазақстан» онлайн-фестивалі, «Өз еліңді тану» онлайн-конкурс-экспедициясы, «Мелодии моего Казахстана» музыкалық аспаптық онлайн-фестивалі. Сонымен қатар онлайн-халық биі байқауы, челлендждер, интернационалды отбасыларға арналған онлайн конкурс және тағы басқа да шаралар.

«Біргеміз», «Мейірімділік керуені» жалпы ұлттық акциясы барысында этно-мәдени бірлестіктермен бірге «Біз біргеміз», «Мектепке жол», «Согреем теплом» сынды акциялар өтті. Елдегі қазіргі індетке байланысты «Біз біргеміз!» - «Мы вместе!» акциясы да назардан тыс қалмады. Пандемия кезінде Достық үйі, этно-мәдени бірлестіктің қызметкерлері ауылдың үлкен кісілеріне, ауыл тұрғындарына, әріптестерімізге арнап 100 дана бетперде әзірледі. Індеттің алдын алу мақсатында халыққа видеожолдау да жарияладық,  - дейді Гүлмира Ғилымқызы.

Слайд1

«Төл тілімізден қашпай, керісінше төрге сүйрейік»

Ұлы даланың дарабозы Қадыр ақын «Балық тілсіз болса да, халық тілсіз болмайды» деген болатын.  Расында да, тілсіз халық түгілі жеке тұлға өмірін елестету қиын.

- Аудандық Достық үйі мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында бірқатар шараларды қолға алды. Осы орайда,  Достық үйі жанынан  арнайы тегін онлайн-курстар ұйымдастырылды.   «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудандық тілдер фестивалі, Қазақстан  Республикасы  халықтарының  тілдері  күні   барысында «Тіл – татулық тірегі» көркемсөз оқу шеберлері аудандық  байқауы,  «Тілдердің үш тұғырлығы» мәдени жобасын іске асыру мақсатында  өткен қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастар мен жасөспірім  арасындағы  аудандық «Казахстанцы – будущего» онлайн- байқауы, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы аясында  «Абай мұрасы» онлайн-байқауы, жасөспірімдер арасында отансүйгіштік пен ұлттық тәрбие беруге бағытталған әлеуметтік желілерде «Балалар  жүрекпен үн  қатады» атты онлайн-байқауы, т.б.

«Ұлттың тілі – ұлттың ділі» деп, халық даналары айтқандай, ұлтымызды сақтайық. Ана тіліміздің айбынын асқақтатып, қасиетті қазақ жерінде қазақ тілінің мәртебесін көтерейік! Төл тілімізден қашпай, керісінше төрге сүйрейік, сонда ғана Қазақстан түндігі берік ел болмақ, - деп Теректі аудандық Достық үйінің директоры Гүлмира Кощанова өз ойын түйіндеді.

 

Самал Жәмет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале