Халқымыз «Тәрбие басы – тал бесік» деп бекер айтпаған. Ал баласына «Тәрбиесіз, көргенсіздің баласы деп айтқызба» деп тәрбиелейтін отбасылар қаншама?! Осы ретте даңқты батыр Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген тамаша сөзі де тақырыпқа тұздық болары сөзсіз.
Баяғыда бір патша баласын өзінің қол астындағы елдің атақты данышпанына тәрбиелеуге беретінін айтыпты. Мұны естіген данышпан тәрбиеге берілетін бала неше жаста екенін сұраған ғой. Сонда патша баласының екі айға енді толғанын жеткізсе, әлгі данышпан: «Балаңның тәрбиесін ойлағаның жөн екен, бірақ кеш қалыпсың», - депті. Бұған түсінбеген патша: «Не айтып тұрсың? Ана сүтінен әлі аузы кеппеген, - деп шамданыпты. Сонда данышпан қария: «Баланы құрсақтан тәрбиелеу керек еді», - деген екен. Бұл нағыз тәрбиенің төркіні тереңде жатқанын аңғартса керек. Бұл мысалдың астарында өмірлік тәжірибенің мәні жатыр. Сондықтан ұрпаққа тәлімді тәрбие беру ісі әркімнің өмірлік ұстанымынан, өмірлік тәрбиесінен басталады. Бұл жөнінде халқымыздың «Не ексең, соны орасың» деген нақылы бекер айтылмаса керек.
Бұл турасында ғаламтор материалдары бойынша жұмыстанған Ясипа Рабаеваның облыстық «Орал өңірі» газетінің №91 санында шыққан «Тәртіпке бағынған құл болмайды» мақаласын оқуға болады.
zhaikpress.kz