17.11.2020, 10:51
Оқылды: 31

Озат сержант Сармолдин

Бүгінде Отан алдындағы әскери борышын абыроймен атқарып жүрген жігіттер жетерлік. Азат сана, жасын жігер, тайсалмас табандылық қазіргі таңдағы жастарға тән қасиет. Орал шаһарындағы 5517 әскери бөлімінде міндетін мінсіз атқарып жүрген кіші командир, қарауыл бастығының көмекшісі, кіші сержант Дәурен Сармолдин де сондай жандардың бірі.  

C50E5A90-2FF1-4336-841C-C10A331C5805

Ол – Орал қаласының тумасы. Ата-анасы Марат пен Нәбия қос ұлы Жеңіс пен Дәуреннің бойына мейірімділік, адамгершілік қасиеттерді ерте дарытып, өз Отанын, елін, жерін және отбасын ерекше сүюге тәрбиелеп өсіріпті. Дәурен қаладағы №12 мектепте оқып жүрген кезінен мәдени-спорттық шараларға белсене қатысып, алтыншы сыныптан бастап грек-рим күресімен шұғылданған. Жоғары сыныптарда қала біріншілігінде жүлделі орындар да иеленіпті. Озат оқумен қатар география пәніне қызығушылығы ерекше болған. Ол тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде ағасы Жеңіс мектепті тәмамдап, Алматы қаласындағы радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтына оқуға түседі. Сол кезде әскери форманың ағасына соншама жарасқанын көріп, оның да бала көңілі курсант болуды армандайды. Десек те, Дәурен 2004 жылы Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық университетінің студенті атанады. Жоғары оқу орнын ойдағыдай бітірген соң, Алматы қаласында орналасқан 5571 әскери бөлімде азаматтық борышын өтейді. Алып шаһардағы қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде қырағылығы үшін бірнеше рет марапатқа ие болған. Ал мерзімдік қызметі аяқталғаннан кейін Дәурен келісімшарт бойынша әскери сапта қалуды ұйғарады. Алғашқыда Ақтау қаласында орналасқан Ұлттық ұланның 6656 әскери бөлімінде қызмет атқарса, 2012 жылы Орал қаласындағы 5517 әскери бөлімге ауыстырылады. Қай жерде, қай ортада болмасын, өзінің жұмысына жауапкершілікпен қарап, тек үздіктер қатарынан көріне біледі.    

Бұл оның беделін көтеріп, абыройын асқақтатады. Айта кетейік, қазіргі күні Дәуреннің ағасы Жеңіс Сармолдин де Атырау қаласындағы №41321 әскери бөлімде байланыс торабының бастығы қызметін абыроймен атқарып жүр.  

– Өз отбасын құрметтей білген бала Отанын сүйіп, елін, жерін де қорғай алады. Екі ұлымның  да әскери қызметті таңдауы мен үшін мақтаныш. Қай кезде де «Ер – ел қорғаны» ғой, – дейді әкелері Марат аға.  

Айтпақшы, Дәурен осыдан тоғыз жыл бұрын Сәуле есімді арумен жанұя құрды. Бақытты отбасында қазір Әмірхан мен Алуа есімді қос бүлдіршін өсіп келеді.

Ертуған Әубәкір,  

капитан,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале