Қалтадағы аз-маз қаржыны оңды-солды шашып, кейін бармағын тістеп, ақшасын қайтара алмай «ойбайлап» жүрген жандар жетерлік. Мәселен, бірі — «Qnet» желілік маркетингінің жетегінде жүрсе, бірі — «қазан немесе қара кассаның» соңында жүр. Сонымен қатар бүгінгі уақытта пайдасыз психологиялық тренингтерге құр босқа ақша жұмсап қатысатындардың саны толастар емес.
Шыны керек, қазіргі таңда елімізде қыз-келіншектерге арналған психологиялық тренигтер күн санап көбеюде. Мазмұнды нәрсенің көптігі бізге артық етпейді. Алайда кей мағынасыз тренингтердің кең етек жаюы қынжылтып-ақ қойды. Оған қоса, бұл тренингтердің ақылы түрде ұйымдастырылуы— қыз-келіншектердің қалтасын да «қағып» болды.
Жалпы, тренинг — қазақша ақыл-кеңес қой. Ал, біздің көпті көрген ақ жаулықты асыл әжелеріміз, ақылды дана әпкелеріміз өмірден көрген-білгендерін қазақи салт-дәстүрімізбен байланыстыра отырып, ақыл-кеңестерін аянбай тегін айтып келеді емес пе?
Ал, қазір ше? Оң босағада отырып қалған қыз —әйел болудың қыр-сырын, дүниеге сәби әкелу бақытын түсіндіреді. Егер ол мұндай жағдайларды өз басынан өткізіп һәм сезініп көрмесе, ол жүректен-жүрекке жете ме? Жолдасынан ажырасқан әйел шаңырақтың шаттығын, отбасының құпиясын айтып әлек. Ашық-шашық киініп, ұлттық құндылығымызға түкіріп жүрген қыздың анасы салт-дәстүрімізді дәріптеп жүргені қай сасқаны? Мұндай жандардан қандай үлгі-өнеге аламыз?
Ата-енемен бірге тұрмау, төсек қатынасы, тағысын тағылар хақында жақ ашпай-ақ қоялық. Мінекей, осы тақылеттес тақырыппен алысқа шаппайтын тренер-сымақтың тренингтеріне қалай барасың? Барып қана қоймай, қомақты қаржыны желге шашып келмексің бе? Қаржы демекші, ұлына күртеше алып бере алмай жүрген көп балалы ана біреуден 30 000 теңге сұрап алып, осы секілді онлайн тренигке қатысқандығын айтып мәз болып жүр. Оны да көрдік. Ұлы қиналып жүргенде, анасы тренигке қатысып қай ұшпаққа ұшпақ? Қатысты делік, бұл тренинг одан әрі оған не берді? Мүны ойлап, нәтиже шығарып жатқан жан жоқ.
«Сыбыр боп сөзі,
Мәз болып өзі,
Ойланар елдің сиқы жоқ.
Баяғы қулық, бір алдау,
Қысылған жерде жанжал-дау» деп хәкім Абай дөп айтқан. Арзан сөзбен елді алдап ақылы түрде тренинг өткізушілер қыз-келіншектердің басын айналдырып бітті-ау...
Марат ЕСЕНТАЕВ:
«АРМАНЫМЫЗ ДА, ОЙЫМЫЗ ДА АЛШАҚТАП КЕТТІ»
— Соңғы жылдары елімізде қыз-келіншектерге арналған тренинг көп ұйымдастырылуда. Олардың басты мақсаты — қазақ қыз-келіншектерінің психологиялық тұрғыда дамуына атсалысу. Қазіргі күні Құралай ханым, Жанар Байсемізова, Айнұр Тұрсынбаева, Мақпал Қаратай сынды танымал психолог-теренерлер бар. Бұл ханымдар семинарларын Қазақстанның бірнеше қалаларында да өткізуде. Ал танымал айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева да инстаграм желісі арқылы онлайн психологиялық сабақ беріп жүр. Олар «Кез-келген адам — психолог. Сен ойыңды өзгерте отырып, өміріңді де өзгерте аласың» дейді. «Көп оқып, көп іздену арқылы адам бақытқа жете алады» екен.
Алайда олар әйелдер қауымының санасын улап, отбасы тағдырымен ойнап жүргенін, қаншама шаңырақтың ойранын түсіріп жүргенін біле бермейді. Менің әйелім осы Құралай ханымның кезекті сабағына қатысып, «Лимонға ине шаншып, тілек тіле» деген кеңесінен кейін өзгеріп сала берді. Бұрынғы өмірге, болашаққа деген ортақ көзқарасымыз, мақсаттарымыз да әдірем қалды. Менің айтқандарымды тыңдамақ түгіл, құлақ та аспайды. Құралай ханымды аузынан тастамайды. Сөйтіп, арманымыз да, ойымыз да алшақтап кетті. Сенбесеңіз, оны көндіруге, сендіруге 6 ай талпындым. Бой бермеді. Отбасым бір сәтте ойран болды. «Мысыққа ойын, тышқанға өлім» деген сияқты мына заманның жалмауыздары мен тажалдарының арасында осы психологтардың да «үлесі» аз болып тұрған жоқ. «Соқыр тауыққа бəрі жем» демекші, осы арандатушылардың артынан ерген адасқандардың «армиясы» көбеймесе азайып тұрған жоқ. Əйел тұрмақ еркектерге дейін желігіп жүр. Дауа жоқ адамдарға. Бір кезде белгілі кеңес психотерапевті Кашпировскийге де желігіп телевизорға телміруші еді. Артынан ақымақ болғандарын түсініп өздеріне өздері күліп жүр. Олар кейбір əйелдердің санасының əлсіздігін пайдаланып үсті-үстіне улап жатыр.
Сәуле БАЗАРОВА,
Подстепное ауылыныңтұрғыны:
«АҚША ДА ТҮГЕСІЛДІ»
— Бұрын осындай тренигтерге жиі қатысушы едім. Өзім баламен үйде отырған жанмын. Бұған қатысу үшін қаржыны жолдасымнан алып жүрдім. О баста бәрі жақсы болды. Көп нәрсе үйреніп жүргендей болдым. Кейін... Ақша да түгесілді. Үйде оқтын-оқтын жанжал да шықты. Содан соң қатыспай қалдым. Жолдасым дер кезінде тоқтатып үлгерді. Қазір инстаграм желісінде болып жатқан тренигтерді көрсем, өзімнің қылығыма қысыламын.
Светлана ШЫҢҒЫРБАЕВА,
Жайық ауылының тұрғыны:
«ҚАРЫЗДАНЫП ҚАТЫСУҒА ӘУЕС»
— Пайдалы нәрсені үйреніп, білген жақсы, әрине! Тек қыз-келіншектерге арналған ақылы психологиялық тернингтер жұртты мезі қылғаны, рас. Қарапайым адам үшін оған қатысуға арналған ақшасы да аспандап тұр. Ал, көбі теңгесі жетпей тұрса да, қарызданып соған қатысуға әуес. Егер қаржысы артылып жатса, онда мәселе басқа. Өздері айдан - айға жалақы күтіп жүргендеріне қарамастан, «ананың тренингі, мынаның тренингі» деп шауып жүргендері құр далбаса. Құдды бір, содан керемет болып кететіндей, шауып жүрген бір адам, әйтеуір.
Маржан ЖАНАХМЕТОВА:
«БІР КҮНДІК БАҒАСЫ — 25 000 ТЕҢГЕ»
— Рас, қазір ақыл айту— ақылы болып кеткен заман. Тіпті, ақыл айтуды бизнес көзіне айналдырған тренерлер қарапайым халықтың қаржысын сүліктей соруда. Мысалы, менің құрбымның қызы күйеуге шығу жолдары жөніндегі сабаққа қатысып жүргендігін естігінде жағамды ұстадым. Тренингтің бір күндік бағасы — 25 000 теңге! Ол әлі бір жұма қатысуы шарт екен. Ал одан арғы бағасын есептей беріңіз. Масқара ғой. Айғанымның тренигке қатысып жүрген дәптеріне көз жүгірттім. «Бай күйеуді қалай табу керек?», «Табысы мол жігіт» т.б. секілді бөлімдері бар. Міне, керек емес кеңеске осындай сомадағы ақшаны беру ақымақтың ісі емей немене?
Сөз соңында: Қымбатты оқырман! Егер ақшаңыз артық болса бірсәрі, олай болған жағдайда жағалап жүріп қатыссаңыз да өз еркіңіз. Бірақ түкке тұрғысыз психологиялық тренингке теңгені текке шашуды доғаратын кез келді. Мың толғанып, ой елегінен өткізіп екшелейік! Сауатымызды ашып, қаржыны үнемдеп, қалай жұмсау керектігін үйренейік!
Самал ЖАМЕТОВА,
Батыс Қазақстан облысы,
Теректі ауданы,
Теректі аудандық «Теректі жаңалығы» газетінің тілшісі