19.11.2020, 16:10
Оқылды: 22

Майдангер Мұқаев

Әлі есімде сыныптас құрбым Нұрлының үйінің қабырғасында «Бұл үйде Ұлы Отан соғысының ардагері Мұқаев Шамақ тұрады» деп жазылған темір тақтайша ілулі тұратын. Кішкентай болсам да қызыға қарайтынмын. Бүгінгі күні ардагер атамыз тұрған үйдің жанынан өткен кезде, сол белгі алыстан күнмен шағылыса көрінеді.

51A613FB-4B4A-4133-85C1-68DDE3566ACC

Шамақ Мұқаев – ел басына күн туғанда қан майданда ерлік көрсеткен, бейбіт күнде қызу еңбектің ері болған айтулы азамат. Шамақ атамыз соғыстан оралғаннан кейін Орда метеостанциясының басшысы, Орда кеңшарының халықтық бақылау ұйымының төрағасы қызметтерін атқарған.

1942 жылы 18 жастағы Шамақ Мұқаев та көппен бірге соғысқа аттанған еді. Сол жылдың күзінен 1943 жылдың жазына дейін Чкалов қаласында кіші командирлер дайындайтын курстан өтіп, сержант атағын алған. Алғаш рет соғысқа Курск түбінде взвод командирінің көмекшісі, пулеметшілер бөлімінің командирі ретінде қатысқан. Курск шайқасында 92-гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында қоршауда қалып, хабарсыз да кеткен. Ауылға қара қағаз жіберіліп туғандары жоқтауын да айтқан. Алайда екі аптадан соң қоршаудан аман шығып, кейін Курск маңындағы ұрыстарға қатысып, Румыния, Венгрия, Чехословакия жерлерін азат еткен. Жеңісті Чехословакияның Комарно қаласында 3- Беларус майданы құрамында қарсы алған. Ұлы Отан соғысы кезінде үш қайтара жараланып, 1945 жылы мамыр айында Украинаның Конотоптағы танкистер даярлайтын училищеге оқуға жіберілген. Сол жылдың 31 қазанында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен елге қайтарылған. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін Шамақ ата «Қызыл Жұлдыз» және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған.

Соғыстан аман-есен елге келген Шамақ Мұқаев 1946 жылы Үміт Атошевамен отбасын құрып, екеуі  7 бала тәрбиелеп өсірді. Үміт апай да жауды талқандауға өз үлесін тыл ардагері ретінде қосқан. Бұл отбасыны ардагерлер десе де болады. Себебі ата-ананың ерлік жолын ұлы Айтжан Ауған соғысында жалғады. Шамақ атаның балалары өз алдына бір-бір әулет. Әрқайсысы келісті тірлік кешуде.

Шамақ атаның жиені, менің құрбым бұл күнде облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Нұрлы Меңдібекқызы:

– Атам көп сөйлемейтін, сыртынан қарағанда қатал адам сияқты көрінетін. Кітап көп оқитын, газет-журналдардың әр санын жібермейтін. Тазалықты басты назарда ұстайтын. Жеке жұмыс үстелінің үстінде радио, кітаптары, қағаздары, блокнот, сағат, т.б. заттары ұқыпты және жинақы тұратын. Ол ел алдында сыйлы, қонақжай, мейірімді, қамқор әке, ата болды, - деп еске алады құрбым.

Гүлзада Абылқайырова,

облыстық Хан ордасы тарихи- мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының бөлім басшысы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале