26.11.2020, 12:10
Оқылды: 51

Қайтарымсыз гранттардың қайырын көріп жүрміз бе?

Кәсіп бастауда, жеке бизнес ашуда мемлекеттік қолдау механизмдері жетерлік. Бұған кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, сервистік қолдау көрсету, жеңілдетілген несие беру түрлері жатады. Бизнес бастамаңыз нарыққа анағұрлым икемді болса, соғұрлым жеңілдетілген қаржыландыруға тез қол жеткізуге мүмкіндік бар. Ал бизнес идеяңыз инновациялық мәнге ие болып, экономиканың дамуына әсер етіп, қоғамға әкелетін пайдасы болса, онда мемлекеттік грант алуға мүмкіндік зор.

 гр

Мемлекеттік қайтарымсыз грант. Пайызы аз несие. Бұл құдалық шақыратын немесе үйдің шатырын жабатын қаржы ма? Әлде өзге де мақсаттарға мақсатсыз жұмсалатын сұрауы жоқ ақша ма? Жастарға кәсіп баста деп берілген қайтарымсыз ақшаға қаншалықты бақылау бар?

Аудандық жұмыспен қамту орталығының мәліметіне сүйенсек, жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін ағымдағы жылға республикалық бюджеттен 43 млн. 259 мың теңге, облыстық бюджеттен 14 млн. 672 мың теңге бөлінген. Жыл басынан бері мемлекет тарапынан берілген қайтарымсыз 530 200 және 555 600 теңгені 107 адам алып үлгерген. Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы ұсынған мәліметке сүйенсек, биыл 84 адам «Бизнес Бастау» жобасы бойынша сертификат алған. 2019 жыл мен 2020 жылды қосқанда 61 адам өз кәсібін ашқан. Осылардың ішінде  жаңашыл бизнес түрін бастағандар бар ма? Алпыс бір кәсіпкердің тізіміне сұрау салып, тізбектеп шықтық. Санаулысы ғана кәсіптің жаңа түріне бет бұрған екен. Басым бөлігі – мал шаруашылығы. Бордақылау ісі. Сонда Жәнібекте атакәсіптен басқа бизнестің жаңашыл түрі жоқ па? Өткенде бір танысым «Осыдан қайтарымсыз грантқа қол жеткізейін. Үйімді жақсылап жөндеймін. Комиссия келсе, шалдың үйіндегі (қарашаңырақ) сиырларды көрсете саламын» дегені санамда жаңғырады да тұрады. Мұндай психология – қоғамға қауіпті. Қайтарымсыз деген аты болмаса, оның да сұрауы бар дүние.

Биыл қайтарымсыз грант алып, кәсібін бастағандарға мониторингтік талдау жасап, бақылау жүргізіп, қадағалау аудандық жұмыспен қамту орталығына жүктеліпті. Аудандық жұмыспен қамту орталығының бас маманы Баян Дәулетованың айтуынша, қаржының мақсатты жұмсалуын тексеріп, көршісінің сиырын көрсете салатындар болса, ескерту беріледі. Ескертуден кейін жағдай өзгермесе акт толтырып, прокуратураға жолданады екен.

- Негізі қаржыны мақсатсыз жұмсайтындар болатынын жасырмаймын Өйткені, бес саусақ бірдей емес. Түрлі жағдайын айтып, қаржыдан қиналып жүргенін желеу ететіндер бар. Оларды да түсінуге болады. Ақшадан тарлық көргендер көбіне агрессивті болады, - дейді бас маман.

Десе де «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» демекші, бір емес, бірнеше жерден естідік. Қолына тиген қайтарымсыз қаржыға жер сатып алған және өзге де мақсатсыз дүниелерге жаратқан. Нақты фактіге жүгінейін десең, қайтарымсыз ақшаның құжатын заңдастырып қойған. Бірі әкесінің, енді бірі ағасының атындағы кәсіп түрлерін көрсете саламыз дейді. Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының бизнес-тренері Нұртілек Закаринді сөзге тарттық. Ол облыс орталығынан арнайы үш аудан, яғни Жәнібек, Казталов және Шыңғырлау аудандарына «Бастау Бизнес» жобасы бойынша дәріс жүргізу үшін тағайындалған маман. Түсінікті болу үшін айта кетейік, біз айтқан қайтарымсыз грантқа қол жеткізу үшін міндетті түрде мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» немесе «Жас кәсіпкер» курсын оқуы керек. Сертификат болмаса, сіз қайтарымсыз қаржыға қол жеткізе алмайсыз.

- Биыл оқу онлайн түрде өтуде. Бизнестің модульдерін кітап бойынша жүргізу қиын. Сол себептен ең алдымен оқуға келген болашақ кәсіпкерлерге «Бизнесті қалай түсінесің?» деген сауал қойылып, осы сұрақ төңірегіндепікірлері тыңдалады. Одан кейін идеяларымызбен алмасамыз. Содан кейін ғана көбінің көзі ашылып, түсініктері кеңейгені байқалады. Яғни мәселе мемлекеттен алған ақшада емес, білім көзінде болып тұр. Яғни бизнес бастаудың тың тетіктерінде. Бұл мемлекеттік бағдарлама болғандықтан үлкен қолдауға ие. Көпшілігіне қандай бизнес-идея бар десең, мал шаруашылығын айтады. Ауылда кәсіптің кез келген түрін дөңгелетуге болады. Зерттеп, ауылда қай сала кемшін екенін анықтау керек. Сонда ғана бизнес ашуға мүмкіндік мол. Тек еріншектіктен арылу керек. Мақсат қойған адам ізденіп, алдыға қарай ұмтылуы тиіс, - дейді бизнес-тренер.

Тақырыпқа тұздық болсын. Былтыр КТК телеарнасында өткен жаңалықтарда сенатор Дана Нұржігіт ауылдағы ағайын үкіметтен несие алып, ақыр соңында ақшаны той-тоймалақ пен құдалыққа жұмсап тауысатынын биік мінберде айтқан болатын.Сенатордың айтуынша, СМС арқылы «Даму» қорына келген сұрақтардың өзі өте сауатсыз. Мәселен, «тек несие ала аламын ба, осыған дейінгі несиелерімді сіз арқылы жаба аламын ба?» деген сұрақтардың аясынан шықпайды. Бизнес бастайтын болдым деп ақшаны алады, ал кейін үйіне жөндеу жұмысын жүргізіп, болмаса, құдайы ас беріп, құда шақырып, ақшаны жеке басына жұмсап жібереді екен. Ауылдағылар алған несиесін осылай далаға шашады. Ал кейін үкіметке есеп берер кезде көршісінің бұзауын әкеп көрсете саламын деуден тайынбайды. Сайып келгенде ауыл жұртының қаржыны дұрыс игермеуі олардың қаржылық сауатына тіреліп тұрғанын сенатор баса айтты.

Әрине, мұндай мысалдарды айтатын адам көп. Алайда аты-жөнін айтшы, газеттің бірінші бетіне шығарайық десең, қашқақтайды.

Түптеп келгенде, қаржылық сауаттылық қазіргі қоғам қажеттілігі. Банктен алған миллиондарды төлей алмай, үйінен айырылып жатқан қаншама адам барын есептеудің өзі қиын. Бірақ осыған қарамастан несиені оңды-соңды алушылар саны азаяр емес. Не десекте, көрпеге қарап, көсілген ұтады бұл заманда. Сондықтанда бүгін болмасада, ертеңгі күні мемлекеттің қайтарымсыз бағыттағы гранттары тоқтайды. Сонда сіз пайда көріп, мақсатсыз жұмсаған ақшаңыз көзден бұлбұлдай ұшады. Ал аталмыш қаржыға кәсібін бастағандар ұтады. Олардың қолында талғажау етерлік тірлігі қалады. Мемлекеттің де діттегені сол – халықтың қолын аузына жеткізу. «Қимылдағанның қыр асатынын» қаперіне салу. Салып қана қоймай, өміріне азық боларлық балық аулайтын қармақ береді. Ендеше мемлекет қолдап тұрғанда дөнгеленген кәсіп бастау өз қолыңызда. Тек бизнестің дұрыс тетігін табу керек.

Гүлзара Тілекқабылқызы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале