26.11.2020, 20:22
Оқылды: 40

Казталовтық жас жігіт түйе сауып, тауық өсіреді

Мен осыдан біраз бұрынғы мақаламда жергілікті кәсіпкер туралы жаза отырып, кәсіп меңгерудің еш шекарасы болмайтынын ашып көрсеткен едім. Шынында да солай. Кім қандай кәсіппен айналысамын десе де өз еркі. Қазақ халқы ықылымнан төрт түлік өсіріп, кәсібін дөңглеткен шаруа халық. Олар бүгінде бүкіл кәсіптің тілін меңгеріп, нарықтың қатаң талабын жүзеге асырып жүр. Әркім көрпесіне қарай көсілетінін ескерсек, ауыл тұрғындары да шаруаның небір түрін меңгере алады.

20201113_195623

Әріге бармай-ақ, өзіміздің Казталов ауданы Көктерек ауылдық округіне қарасты Сатыбалды ауылында ауласында түйесін сауып, шұбатын дайындап, тауығын өсіріп, жұмыртқасын сатып, кәсібін дөңгелетіп отырған Манарбек деген жігіт туралы жағымды хабар естідім.
Ол өзінің іскерлігінің арқасында екі кәсіптің басын біріктіріп, шаруасын алға жылжытып отырған жан.
- Екі жыл бұрын "Райымбек" шаруа қожалығын басқарып отырған әкемізге қолұшын беріп, көмектесу мақсатында отбасыммен бірге Орал қаласынан көшіп келдім. Бойда қуат, білекте күшіміз тасыған жас жігіт болғасын, әкемізге қолұшымды тигізіп, шаруаға бірден араласып кеттім.
Қала жастардың шоғырланған ортасы бола тұрса да, ауыл жағдайында еңбекпен есейген мені аса қызықтыра қойған жоқ. Ауылда еркіндік басым. Айналысатын кәсібің мен оны алға жылжытуға септігін тигізетін ағайының болса, ауылдан асқан жер табылмайтынын жақсы білемін. Сондықтан еш нәрсеге алаңдамай, әкеміздің қамқорлығын толық сезініп, келген бойда кәсіпке бел шеше кірістім.

20201113_202238

 

Өткен жылдан бері екі жүз тауық өсіріп, балапан бастыртып, шөжелері мен жұмыртқаларын қажет еткен адамдарға сатып, табыс тауып келемін. Оған ең алғаш ақыл-кеңесін беріп, моральдық тұрғыда жан-жақты қолдау көмек көрсеткен әкеміздің қамқорлығы тікелей әсер етті.
Қазір шүкір, шаруамыз жаман емес. Биыл Маңғыстау елінен ботасымен бір түйе сатып алып, ауылды шұбатпен қамтамасыз еттім. Бұл кәсіптің де аз-кем пайдасын көріп, табыс тапқасын келер жылы тағы да бір түйе сатып алуды жопарлап қойдым. Бұйыртса, кәсібімнің аясын кеңейту арқылы құс шаруашылығын дамытып, қаз өсіруді қолға аламын, - дейді Манарбек Темірбекұлы.
- Ауылдық жерде тұрақты кәсіппен айналысатын жастардың қатары көбейгені әрине жақсы. Манарбек – менің күйеу балам. Жас отбасы болғасын қызым екеуіне бағыт-бағдар беріп, қамқорлыққа алуым, әкелік парызым ғой. Шүкір, ауыл баласы болғасын Манарбегім шаруаға епті. Істің тетігін тауып, кәсіптің көзін ашқасын қашанда оған қолдау көмек көрсетіп тұрамын, - дейді "Райымбек" шаруа қожалығының жетекшісі Руслан Сарбаев.

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале