27.11.2020, 16:06
Оқылды: 57

Астық аста-төк, нан неге қымбат?

Жасыратыны жоқ, екі адамның басы қосыла қалса, базардағы бағаны базына қылып, қымбатшылыққа қынжылады. Өйткені, «үйдегі есепті базардағы баға бұзады» деген қазақта сөз бар. Қысқасы, арқаны мұздатып, қалтаны қаққан нарық бағасы биліктің де, халықтың да ырқына бағынар емес. Жыл өткен сайын зат бағасының өсуі үрдіске айналды. Күн сайын тұтынатын тауарлардың бағасы шарықтап кеткені халықты ашу-ызаға булықтырмай қоймайды. Қазір ел арасында осы мәселе әңгіме болуда. Біреулер ұнның бағасының күрт өскендігін айтса, екіншілері қарапайым нанның қымбаттағанын сөз етуде. Базар бағасының тұрақсыздығы халықтың ұйқысын шайдай ашатыны үйреншiктi әдетке айналды. Әсiресе, жұртты алаңдататыны күнделiктi тұтынатын азық-түлiктің бағасы. Жұрт аурумен арпалысып жатқанда, елімізде азық-түліктің бағасы күрт қымбаттап кетті.

Астық аста-төк, нан неге қымбат (1)

Бүгінде ауданымыздағы көптеген дүкендердегі, базарлардағы тауар бағасын көріп, жағаңды ұстайсың. Дақылына дейін өз елімізде өсіріліп, өндірілетін нан бағасының қымбаттылығы қарапайым халықтың да жүйкесіне тие бастағандай. Басқа басқа, ас атасы нанның бағасының өсуіне не себеп? Бидай өзімізде өседі, ұн өзімізде өндіріледі. Астыққа бай ел бола тұра нан неге қымбатсыйды? Жалақы өссе, азық-түлік пен коммуналдық қызмет бағасы екі есеге шарықтап кететінін қайтерсің? Жұмыссыз жүрген тұрғындар мұндай жағдайда не істемек? Еңбекақысы мен зейнетақысын қалай үнемдеймін деп жүрген жұрт енді азын-аулақ теңгесін қалай жеткізем деп әуре.

Тапқан табысының жартысынан көбін азық-түлікке жұмсайтын тұрғындар жалақы қолға тиісімен-ақ, үйдегі бар-жоқты түгендеуге кіріседі. Әмиянындағы бар тапқан  азғантай қаржысын қайткенде айдың аяғына жеткіземін деп «Мынау – азық-түлікке», «Мынау – коммуналдық төлемдерге», «Мынау – қажетті киім-кешекке» деп қайта-қайта бөлшектеп отыратын халықтың қаражаты қанша қайтара бөлшектесе де, бағаға еңбекақысы теңдестіріліп отырмағасын, ақшасы түскір желкесі қиылып кем шықпаса, басы артық ештеңе қалмайтыны белгілі.

Ас атасы нанның қадірін тереңнен ұғынған халық болғанымызбен, нан бағасы күн санап шарықтап барады. Баға бағынар емес. Кешелі бері көпшіліктің сұранысына ие нанның бағасы бірден біраз дүкендерде 15-20 теңгеге қымбаттады. Енді тұрғындар халық көп тұтынатын нан өнімін бүгінгі күні 145-150 теңгеге сатып алуға мәжбүр. Дүкен иелерінен нан бағасының қымбаттау себебін сұрай қалсаң, нанның грамына байланысты және ұн бағасының қымбаттауы салдарынан деп жауап береді. Қымбаттағаны өз алдына, бағаның тұрақсыздығы қарныңды аштырады әрі сапасы да бағаға сәйкес келмей жатады. 5-10 теңгеге қымбаттау түк емес секілді көрінгенімен, қарапайым халықтың қалтасына ауыр тиері анық. Қыстың қыр астында тұрған шағында бағаның қыспаққа алуы қарапайым халыққа, әрине, қолайсыз. Наннан өзге өсімдік майы, қант, шайдың бағасы да шарықтап кетті. Қош, баға өсті, ал енді оны тұрақтандыру жайы қалай болмақ?

Азық-түлік бағасының қымбаттауының басталғаны соңғы бір-екі айдың айналасы емес, жылдап жалғасуда. Бұрын көбіне маусымдық кезеңдерде белең алып, кейін қалпына келіп жататын сияқты еді, қазір өскеннің үстіне өсіп жатыр. Иә, өсу бар да түсу жоқ. Қазіргі күні «баға қайда барасың?», «қымбатшылық қысып барады» дегендей мәтіндердің де қызуы кете бастағандай. Селк етпейміз. Адам болған соң әркім әйтеуір тіршілігін жасайды, қымбатшылық екен деп қылтамақ болсын ба?! Әлдекімдер әупірімдеп қана күнін көріп жүр. Біреу ет жеуді азайтса, енді біреулер жеміс жеуді доғарыпты. Кейбіреулер көкөніс көрсе де көңілі бұзылатындай күйде. Қысқасы, тапқан-таянғанын тамаққа ғана жеткізіп, жан бағып жүргендер көп. Бағаның бұлайша бұлқынуына не себеп? Аудан тұрғындары карантин кезінде тіпті қиналып қалдық деп отыр. Жеміс-жидек пен көкөністің құны да айтарлықтай қымбаттапты.

Бағаның өскенін көрсек те, төмендегенін көрмедік. Әйтеуір, баға бұлданып, ақша құнсызданып барады. Базарда сауда жасап отырған саудагерлер, алыпсатарлар адамгершiлiк арға сын боларын естен шығармаса екен. «Қыстың қамын жаз ойлайтын» халықтың тілеуі нанның бұдан әрі қымбаттамауы. Иә, алтын дән даласы бар елге ас атасы саналатын нанның бағасының өсуі көңілге қонымсыздау көрінеді. «Нан болса, ән де болады» деп шүкірлік айтатын бұқараның нан бағасы өскен қарашадағы әні әзірге көңілсіздеу естіліп тұр...

Ақсәуле Хамзина,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Мөлдір Кенженбетова,

ауыл тұрғыны:

 - Басқа тауарларды айтпағанда, күнделікті нан бағасының күн сайын неге өзгере беретінін түсінбейміз. Өз жерімізде егіліп, өсірілетін астық бағасын тым қымбаттатып жіберді. Десе де, қымбат екен деп, ас ішпей отыра алмаймыз ғой, бағасына қарамай сатып аламыз. Бұлай жалғаса беретін болса, біз сияқты бір жалақыға қарап отырған отбасылардың өмір сүруі қиынға соғары анық. Сол себепті тиісті мекемелер базарларды, дүкендерді тексеріп, мониторинг жүргізсе, азық-түлік бағасын тұрақтандырса деген тілегім бар.

Гүлнәр Қуанғалиева,

ауыл тұрғыны:

 - Күн сайын тұтынатын нан бағасының өсуі қатты алаңдатады. 130 теңгеден алып жүрген нанымыз болашақта қанша теңгеге дейін өседі? Жалақымызды көтеріп, одан соң азық-түлікті қымбаттатуды ауыздықтауға болмай ма? Қазіргідей қиын жағдайда жұрт күнін әрең көріп отырғанда тамақ бағасын өсіру дұрыс емес деп есептеймін. Үкімет халықтың  жағдайын ойлап, азық-түлік бағасының шарықтауына шектеу қоюы тиіс. Әйтпесе, баға бұлай кете берсе, ел тентіреп кетпей ме?

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале