27.11.2020, 22:03
Оқылды: 43

Студентке жұмысқа жолдама

Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің 4-курс студенті Алина Қасым «ҚР колледждерінің «ТОП-100 студенті» жобасына белсене қатысып, республикалық байқауда топ жарды.

2B8F8AFD-773B-4B43-B1E0-BC69DA44804C

Елімізде екінші рет өткізілген жобада Алина Қасым іріктеліп алынған 100 студенттің ішінен алдыңғы бестіктен көрініпті.

Жеңімпаздарды онлайн конференция арқылы Білім және ғылым вице-министрі  Шолпан Каринова құттықтап, студент жастарды ашық диалог алаңына шақырып, олардың өз ойларын ашық әрі еркін жеткізулеріне мүмкіндік туғызды.

Бүгін өңір мақтанышына айналған үздік студент Алина Қасымды облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева құттықтады. Жеңімпаздың алдағы уақытта өз ісінің шебер маманына айналатынына сенім білдірген Айгүл Әділгерейқызы 100 000 теңгенің сертификатын және білім басқармасының атынан алғысхат пен ақшалай сыйлық табыстады.

–  Республика бойынша колледждер арасында өткен жобада жеңімпаз атануыма ұстаздарым да үлес қосты. Мен үш  минуттық бейнебаянда колледждің тыныс-тіршілігіне қоса қоғамдық жұмыстарды сыйғызуға тырыстым. Еліміздегі жүздеген студенттің арасынан алдыңғы орыннан көріну - мен үшін зор мәртебе, - дейді Алина бізбен әңгімесінде.

  Шара соңында колледж директоры Светлана Бахишева Алинаға жобаға қатысқанын растайтын сертификат пен Орал қаласындағы №50 орта мектепке жұмысқа орналасуға жолдаманы ұсынды. Сондай-ақ аталмыш жобада бақ сынап, алдыңғы орыннан көрінген бірнеше колледждің студенттері де облыстық білім басқармасының алғысхаттарымен марапатталды.

 Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале