30 қараша күні аудандық мәдениет үйінде аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында кіші қызметкерлерге құрмет көрсетіліп, «Алғыс – асыл жандарға» атты мерекелік кешке ұласты.
Мерекелік кештің мақсаты – еңбегі көзге көрінбесе де өздерінің істеріне адал болған, сан жылдар уақыт бойы өзі қызмет атқарған мекеменің шаруашылық жұмыстарын атқарып жүрген жандардың еңбегін бағалау, қоғамның кіші қызметкерлерге деген құрметін арттыру болып табылады.
ҚР Тұңғыш Президенті мерекесі қарсаңында арнайы ұйымдастырылған концерттік бағдарламаға Казталов ауылдық округінің әкімі Арман Галимов арнайы қатысып, мерекелік кеш иелерін атаулы мерекемен құттықтай отырып, еңбектеріне алғысын білдірді.
Сонымен қатар ұзақ уақыт бойы бір салада қызмет атқарған кіші қызметкерлерге аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық директоры Аңсар Ибраевтың алғыс хаты мен естелік сыйлықтары табысталды.
Арнайы ұйымдастырылған кештің басты себепкерлері де ұйымдастырушыларға өз ризашылығын білдірді. 1992 жылдан бері Казталов мектеп-лицейінде аспаз болып, 2019 жылдан бастап шаруашылық меңгерушісі қызметін атқарып жүрген Ләззат Баймұханова қуанышымен бөлісті.
- Бүгін ерекше көңіл күйдеміз. Бұл ауданымызда бірінші рет ұйымдастырылып отырған шара. Еңбегіміздің еленгеніне, оң бағасын беретұғын және бағалай білетін азаматтар мен жастардың бары бізді қуантады. Алдағы уақытта да осындай игі шаралар өз жалғасын таба берсін дегіміз келеді. Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі русурстық орталығы ұжымына алғысымызды білдіреміз.
Сан түрлі мамандық бар. Әр мамандықтың өзіндік қиыншылығы мен қызықты сәттері бар. Ал кіші қызметкерлердің еңбегі көзге көрінбей қалып жататындығы шындық. Қай мекеменің болмасын, тазалығы мен шаруашылық жұмыстары осы қызметкерлердің еңбегінің арқасында ретке келіп отырады. Ал аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық директоры Аңсар Ибраев кіші қызметкерлердің маңдай терімен атқарған жұмыстарын бағалағанымыз жөн деп біледі.
- Біріншіден, барша қазақстандықтарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтаймын. Екіншіден, бүгінгі мерекелік шара қоғамның кіші қызметкерлерге деген оң көзқарасын қалыптастырып, еңбектерін бағалау және жастардың бойында еңбексүйгіштік ұғымын қалыптсатыру мақсатында ұйымдастырылды. Кештің басты себепкерлеріне еңбектері үшін ерекше алғысымды білдіре отырып, жастар мен еріктілерге мерекелік кештің өтуіне атсалысқаны үшін өз ризашылығымды білдіремін, - деді.
Мерекелік кеш барысында қонақтарымыз жастардың биін тамашалап, Шәмші әлеміне сапар шегіп, әсем әндерді тыңдап, күй төгіліп, поэзиямен сусындады.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz