Бүгін әлеуметтік желіде БҚО әкімі Ғали Есқалиев батысқазақстандықтарды 1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күнімен құттықтады.
Құрметті батысқазақстандықтар!
Сіздерді Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент күнімен құттықтаймын!
Бұл - Ұлт көшбасшысының жас мемлекетімізді қалыптастырудағы рөлін ой елегінен өткізіп, өткенге көз жіберетін күн. Тұңғыш Президентіміздің сындарлы саясатының арқасында Қазақстан бүгінде әлем картасынан өзіндік ерекше орнын алғаны белгілі.
Елбасымыз тәуелсіздіктің елең-алаң шағындағы түрлі қиындықтар мен сынақтарға қарамастан ел-жұртты ортақ мақсат-мүддеге топтастырып, біріктіре білді.
Н.Ә.Назарбаев көптеген мемлекет басшыларымен жақсы қарым-қатынас орнатып, оны сақтап қала білген әлемдік деңгейдегі саясаткер ретінде де тарихта қалары анық.
Елбасымыздың бастамасымен дайындалған өңірлерді дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар өз нәтижелерін беруде. Ескі өндіріс орындары жаңғыртылып, жаңа зауыттар, үйлер, жолдар салынуда. Су мен газ құбырлары тартылып, шағын және орта бизнес дамуда. Өңірімізде жүзеге асып жатқан басқа да ауқымды жобалар аз емес.
Қадірлі жерлестер!
Осы мерекеде егемен Қазақстанның негізін қалаған Ұлт көшбасшысының еселі еңбегін, көреген жасампаздығына мән беруіміз керек. Халықтың бірлігін, елдің тұрақтылығын сақтау, еңбек ету, өрістеу арқылы мемлекетемізді өркендету жолында алдымызға қойған жаңа мақсаттарымызға жетеріміз анық.
Мемлекеттің мерейін асыратын мереке күні сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ пен береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін!
zhaikpress.kz