4.12.2020, 11:47
Оқылды: 34

Әженің ақ батасын алды

Сырым ауданы Қосарал ауылында 107 жасқа толған Қамида Несіпова әжей туралы естіген бойда Сырым колледжінде оқитын  І  курс студенттерімен және үйірмеге қатысатын оқушылармен бірге кейуананы іздеп бардық. Әжей бізді есік алдынан қарсылап алды. Ол әлі тың екен, сөзі де анық.

5C838E7D-400B-42EA-8D74-475BADB661E0

Оның айтуынша, өзі Атырау облысында дүниеге келген. Отбасында екі қыз болған. Екі жасқа толғанда әкесі, 8 жасқа толғанда анасы өмірден озған. Өзінен он жас үлкен апасы оған қамқор болып, бағып өсіреді.   Қамида әжей жастайынан ауыр жұмыстарды істеген. Жоқтық пен ашаршылықты қатар көрген.

Ұлы Отан соғысы басталған кезде оның жұбайы Гурьев облысының әскери комиссариаты арқылы майданға аттанады. Сұрапыл соғыста ауыр жарақат алып, 1943 жылдың күзінде соғысқа жарамсыз ретінде елге оралады.

– Соғыс аяқталғаннан кейін Гурьев облысымен шекаралас Астрахань және Орда ауданының кейбір жерлері «Капустин яр» атты атомдық-ядролық сынақ полигонына айналуына байланысты жақын маңдағы ауылдар Үкіметтің бұйрығымен 1952 жылы басқа жерлерге көшіріледі. Орал қаласына келгеннен кейін 60 отбасының жартысы осында қалды.

Қалған адамдардың бәрін бала-шағасымен бірге вагондарға тиеп, Оңтүстік Қазақстан облысына қарай жер аударды, – деді әжейдің зейнеткер ұлы Талап аға әңгімесінде.

Талап ағаның әкесі 1981 жылы соғыстан алған жарақатынан денсаулығы нашарлап, дүниеден озады. Қамида әжемізді бүгінде ұлы Талап пен келіні Бақытмарал әлпештеп, бағып отыр.

Қамида әже өзіне арнайы сәлем бергелі келген жастарға риза болып, ақ батасын берді.

Тельман Исатаев,

Сырым  колледжінің оқытушысы,

Сырым  ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале