4.12.2020, 14:35
Оқылды: 35

Теректідегі «Даттан» сый

Соңғы бірер жылда ғана негізі қаланып, халықтың қошеметі арқылы «Халықтық» атаққа қол жеткізген Теректі аудандық «Дат» театры тағы бір тың дүниені жарыққа шығарды. Ғұлама ғалым, философ, ақын Əбу Насыр əл-Фараби бабымыздың 1150 жылдығына орай теректілік өнер ұжымы «Ізгі қалаға оралу» атты қойылымды көрерменге ұсынды.

 44f55af9-ad86-465c-9f0a-912a3ea445f5

Өңірімізге танымал ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұнайдар Балмолданың қаламынан шыққан туынды бабамыздың өмірінен сыр шертеді. Театр режиссері Жамбыл Заев аталмыш туындыны әрлеп, өз қиялынан тың дүниелер қоса білген. Сиясы кеппеген дүние мәні мен мағынасы жарасқан қойылымға айналып, мамандардың жоғары бағасын алды.

«Ізгі қалаға оралу» атты қойылымда ғұламаның сол уақыттағы өмірі, шығармашылық процестері, сол заманның тынысы бүгінгі күнмен астасып, шебер берілген.  Философтың заманындағы өнер адамдарына жасалған қиянат, жемқорлық, қара халықтың билеушілерден көрген теперіші хақында суреттелетін қойылым көрерменді әрі-сәрі күйге түсіреді.

23c5a95e-dd5c-4ab7-9d87-114e444e2abf

Теректілік өнер ұжымының бабамыздың 1150 жылдығына жасаған сыйы, әрине үлкен еңбектің нәтижесі екендігі ақиқат. Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Арман Сағидоллин:

- Фараби бабамыздың өмірі мен шығармашылығы турасында біраз дүние жазылды. Дегенмен, МұнайдарБалмолда ағамыздың туындысы сол шығармалар легінде өзіндік орнын алады деп сенемін. Жаңа, еш жерде қойылмаған дүниені үлкен сахнаға алып шығу үшін де жүрек керек. Әріптестерімнің және театр режисерінің тынбай ізденуі, өнерге деген шексіз махаббатының арқасында тамаша қойылымды жұртшылыққа ұсына білдік. Бірі әнші, бірі әдіскер, бірі журналист болса да әріптестерім нақ театр әртістері секілді жоғары деңгейде өнер көрсетті. Сол арқылы мамандардың қошеметі мен жақсы бағасына ие болды,  - дейді.

Құрметті қонақтардың  арасында Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Салтанат Әбілғазы мен аталмыш өнер ордасының әртістері болғандығын да атап өткен жөн. Еліміздегі жағдайға байланысты барлық карантин талаптары сақталып, қойылымды тек шақырулы қонақтар ғана тамашалады. Алайда, өнерсүйер ағайын «Даттың» тың дүниесін облысымыздың басты арнасынан тамашалай алады.

Теректілік өнер ұжымының атаулы датаға жасаған сыйын аудан әкімі Арман Өтеғұлов тамашалап, құттықтау сөз сөйледі.

b72ff2b0-52cb-4caf-91ca-4ee24784bfd2

Сонымен қатар, қойылым авторы Мұнайдар Балмолда да сахнаға төріне көтеріліп, әртістерге зор алғысын жеткізді.

Сахнаны әрлеу жұмыстары, әртістердің сахналық киімдерін Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығының қызметкерлері өздері жасағанын да айта кеткен жөн.

Қойылымның сәтті шығуына Таңат Жексенбаев, Айбек Дәулетқалиев, Шайзада Елжанова, Асыланбек Шайхин, Алия Шин, Әділбек Қожабеков, Сағидолла Изделеев, Нұрсұлтан Табынғалиев, Злиха Қалмағамбетова, Қайрат Сағидуллин секілді әртістер өз үлестерін қосты.

Аудан мақтаныштары үлгілі «Жұлдыз» би ансамблі бимен көркемдеп, сахна сәнін келтірді.

 

Әділет Орынбасаров,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале