8.12.2020, 19:56
Оқылды: 64

Қаржылық қажеттілік пе, әлде сауатсыздық па?

Бүгінгі қоғамның көрінісі – қаржылық тәуелділік. Алайда белгілі бір тұлға оны өзіне қолайлы түрлі әдіспен, түрлі әрекет арқылы шешудің жолын қарастырады. Бірі несиеге жүгініп, беймаза күн кешсе, енді бірі алаяқтық әдіспен қалтасын қампитып, жалғанды жалпағынан басып жүргендігі анық. Қоғамда мұндай жағдайдың орын алуына не итермелейді? Қаржылық сауатсыздықтың қалай алдын аламыз? Осындай көкейдегі сұрақтарға сіз бен біз болып жауап іздейтін боламыз.

0C14CC2E-5353-4FCF-AEDD-65F8443B3C43

Қоғамның айқын көрінісі

Қазіргі таңда инфляцияның тұрақсыздығы, азаматтардың айлық жалақысының көз алдында жоқ болып кетуі – күнделікті кезіктіретін құбылыс. Сонымен бірге қонақжайлығымыз, ысырапшылдығымыз тағы бар. Оған қоса қандай да бір кәсіп ашып өз өмірімізді жақсартқымыз келетіні де жасырын емес. Алайда мақсатымызды орындау жолында қаржыны жинақтаудан бұрын тегін дүние мен жылдам ақша табуға құмартатындығымыз – қоғамның айқын келбеті. Қалай дейсіз ғой?! Тұрғындар арасында жүргізілген сауалнама барысында көпшілігінің басында бір емес, бірнеше несиенің бар екені, түрлі спорттық ойындарға ақша тігу арқылы оңай олжаға кенелетіндер және қаржылық жүйедегі іс-әрекеттерді жүргізуде сан соғып қалған азаматтардың да бар екені дәлелденіп отыр. Ал олар аталған мәселенің шешу жолын көрсету бойынша қойылған сауалдарға түрлі жауап қайтарды. Бірақ көпшілігінің жауабы несие алу және тума-туысты жағалап қарыз сұраумен ғана шектелді. Иә, қысылтаяң тұста ол шешімдер орынды болып көрінуі мүмкін. Дегенмен «Алма піс, аузыма түс» қағидасы қалыптасатыны сөзсіз. Ал одан арылуымыз екіталай. Себебі бұл бір-біріне тізбектеле жалғанған шынжыр сияқты жүйе. Алынған жауаптарды саралап, сараптап көрдік. Нәтижесінде төмендегідей бөлімдер арқылы қаржылық сауатсыздықтың алдын алудың жолын көрсетуді шештік.

Қаржылық пирамиданың құрығы

Соңғы уақыттарда қаржылық дағдарысқа ұшыраған жандардың көпшілігі «Ақша табудың оңтайлы жолы бар, осынша көлемде ақша берсең, екі есе қылып қайтарамын» дегендердің желеуімен халыққа белгілі «қаржылық пирамидаға» бас сұғады. Ал бұл жүйенің түрі өте көп. Соның ішінде кең тарағаны – «понзи» тізбегі. Бұл қалай жүзеге асады дейсіз ғой? Өте қарапайым. Белгілі бір тұлға халықтың сеніміне кіру мақсатында қызықты ұсыныс жасайды. Мысалы, «Егер маған 100 мың теңге берсең, мен саған екі есе – 200 мың теңге қып қайтарып беремін» дейді. Ақшаға мұқтаж адам бірден келісе кетіп, барын ұсынады. Әлгі адам тағы біраз азаматты осындай жолмен алдап, арбап сеніміне кіреді. Сөйтіп, алғашқы тұлғаға 200 мың теңгесін беріп, оның сенімін арттырады және көзінің жеткенін дәлел қылып, тағы бірнеше адамды ертіп келсеңіз арнайы сыйақы тағайындалатынын да ескертеді. Кенеттен олжаға кенелген әлгі адам оны міндетті түрде таныстарына насихаттайды. Басты дәлел – оның ақшасының еселенгені. Содан соң біраз уақыт аралығында бұл тізбек жалғасып, белгілі бір компания құрылады. Өздерінің жұмысының алға жылжуына септігін тигізген азаматтарды түрлі дәрежеде марапаттайды. Мысалы «Алтын Арыстан», «Күміс Арыстан» және т.б. Сөйтіп, соңғы адамның ақшасы талан-таражға түсіп тұтылғанша бұл тізбек жалғаса береді. Нәтижесінде тізбектің басындағы азаматтар ақшаны алып, қашып кетеді. Ұсталған күннің өзінде сіздің ақшаңыздың қайтарылатынына ешқандай негіз жоқ дейді қаржыгер мамандар. Себебі ондай ақшаны қайтару үшін біраз уақыт керек екен. Сонымен бірге қаржыгер мамандар бұл ретте қаржылық пирамида мен желілік маркетингтің аражігі жер мен көктей екенін алға тартады. Желілік маркетингтің ерекшелігі онда қандай да бір тауар айналымы болады.

Несие жыры    бітпес жыр

Несиені халық не үшін және қандай мақсатта алады?! Бұған әркім әрқалай жауап береді. Есіңізде болса, 2019 жылдың 26 маусымында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың банк алдындағы берешегіне қатысты Жарлыққа қол қойды. Ондағы мақсат – қиын жағдайға тап болған отбасыларға, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар, жалғыз, асыраушысынан айырылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар мен жетім балалардың қаржылық ахуалын жақсарту. Бұл көмек 500 мыңға жуық қазақстандыққа көрсетілген болатын. Бұнысы бір реттік жеңілдік еді. Соны желеу қылды ма, әлде несиені өтеуден жалтару ма, әйтеуір «несиелік амнистияны» енгізуді сұраған талапкерлердің көптігі қоғам назарын аударды. Бұны халық қалаулылары да назарға алып, бірнеше мәрте тиісті орындарға ұсыныс жасаған болатын. Алайда несиені әркім өзі үшін алатынын есімізден шығарып алған секілдіміз. «Несиені алуда нені ескергеніміз жөн?» деген сауалымызға GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халық былай деп жауап берді.

3C1CAE86-15BD-4605-8C16-E4686ACF36BB

– Несие алуға итермелейтін негізгі себеп – азаматтардың қаржылық тығырыққа тірелуі. Несие алудың тиімді жолдары бар. Несиенің пайыздық мөлшерлемесі атаулы және тиімді болып екіге бөлінеді. Атаулы пайыздық мөлшерлеме жол жиектерінде немесе тағы басқа көзге көрінетін белгілі көпшілік орындардағы жарнама тақталарында көрсетіліп тұрады. Ондай ақпарат тақталарында жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемесі қысқартылып жазылады. Мысалы, жылдық пайыздық мөлшерлеме 27 пайыздан басталады деп көрсетіледі. Заң бойынша 56 пайыздан аспауы керек. Қай банкте жылдық пайыздық мөлшерлеме төмен, сол банктен несие алса болады. Онда да несие қатты керек болып тұрса ғана. Экономист ретінде несие алмауға кеңес беремін. Пайызға алуға ешқандай негіз жоқ. Алайда бөліп төлеу жағын қарастыруға болады. Мұндай жағдайда несиені уақытында төлеп тұруды қолға алу керек. Сонымен қатар несие алу барысында келісімшартпен танысып шығу қажет. Мәселен, егер инфляция деңгейі 10 пайыздан асып кетсе, банк қарызыңызды қайта қаржыландыруға жібереді. Ондай бөлімі бар келісімшартқа қол қоймаған дұрыс. Өйткені несиені төлеу ұзақ уақытқа созылады. Бір ғана мысал, 2015 жылы инфляция деңгейі 13,6 пайыз болды. Көп азамат несиелік қарызының өсіп кеткенін айтып арызданған болатын. Себебі сіздің несиеңіз қайта қаржыландырылып, пайызы өседі. Келісімшартта одан басқа да бөлімдер болуы мүмкін. Мысалы, комиссия түрлері, несиелік шот ашқаны үшін, несиелік қызмет көрсеткені үшін және т.б. комиссия болуы ықтимал. Келісімшартпен танысқанда толық назар аударып, келіскен жағдайда ғана қол қойған дұрыс, – деді.

Несие алуда қазіргі таңда шағын несиелік ұйымдардың белсенділігі артып келеді. Олардың қызметтерінің тиімді және тиімсіз тұстарына тоқтала отырып, қаржыгер мынадай пікір білдірді.

– Шағын несиелік ұйымдардан несие рәсімдеудің тиімді тұсының бірі – банкке қарағанда талаптарының төмендеу болуы, қаражаттың қолжетімділігі, өңірлерде, аймақтарда бөлімшелері арқылы қолжетімді болуы. Жеңілдетілген мемлекеттік несиелерді де шағын несие ұйымдары арқылы беретін болса, кәсіпкерлік саласы нақты жолға қойылар еді. Тиімсіз жақтары да бар, әрине. Алайда Ұлттық банк ұсынған арнайы заң арқылы тиімсіз тұстарының біраз бөлігі жойылды. Заң шеңберінде шағын несиелік ұйымдардың жылдық пайыздық мөлшерлемесін жеңу бойынша нақты қадам жасалды. Мемлекет үстіміздегі жылдың шілде айынан бастап шағын несие ұйымдарының жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемесін банктермен бірдей қылып қойды. Яғни жылына 56 пайыздан аспауы керек. Бұл өз кезегінде оңай олжаға кенелгісі келетіндер үшін соққы болғандығы соншалық, нарықтан кетіп, бәсекеге қабілеттілігін көрсете алмады. Жалпы, шағын несиелік ұйымдардан несие алу тиімді. Осы ретте мемлекетке шағын несиелік ұйымдардың мемлекеттік бағдарламаға қолжетімділігін арттырса деген ұсыныс айтқым келеді. Себебі мемлекет қаражат берген кезде талабы қатал болады. Шағын несиелік ұйымдарға деген сенімнің төмендеуіне себеп болып тұрған нәрсе – қаржылық пирамида мен лицензиясыз жұмыс істеп жатқан онлайн қаржылық ұйымдар. Осы тұста маман ретінде айтарым, онлайн несие берушілерден немесе шағын несиелік ұйымдардан қандай да бір қаржылық жүйені жүзеге асыруға арналған арнайы лицензияны талап етіңіз. Шағын несиелік ұйымдардан несие рәсімдегіңіз келсе, «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 26 қарашадағы № 56-V Заңын бір шолып өткеніңіз абзал, – дейді қаржыгер.

Айлалы алаяқтар мен кибершабуылдан сақтаныңыз!

Кейінгі кезде қаржылық сауатсыздықтың салдарынан халықтың көпшілігі ғаламтор бетіндегі түрлі жарнамаларға сеніп, соңынан сан соғып қалып жатады. Біз де сол жарнаманың бірінде көрсетілген нөмірге хабарластық. Телефоны өшіріліп тұрғандықтан WhatsАpp арқылы байланысқа шығып көрдік. Бағымызға орай, желіде отыр екен. Байыппен амандық-саулықтан бастап, несие бересіз бе деген сұрау салдық. Әдемі суреті тұрған әпкеміз несиенің мөлшерін, төлем уақытын (15-30 пайыздық жылдық мөлшерлеме есебінде), мекенжайымыз бен жеке сәйкестендіру нөмірін көрсетуді сұрады. Мәліметтерден бұрын жоғарыда маманның көрсеткеніндей, қаржылық мәселені шешуге арналған лицензиясын сұрадық. Сауалымыздан сескенді ме, «Қандай сұрақпен?», «Бұрын біздің қызметті қолданған ба едіңіз?» деп жауап беруден жалтарды. Діттеген мақсатымызға жету үшін несие алушының бейнесін соңына дейін сомдадық. Қалаған мәліметтерді ұсына отырып, тағы да лицензиясына сұрау салдық. Жауап беруден жалтарғаны былай тұрсын, «Уақытымды неге аласың, сайқымазақ?» деп сөкті. Әңгіме орыс тілінде өрбіді (суреттерді дәлелдеме ретінде және сақтану мақсатында назарыңызға ұсынып отырмыз). Алаяқ екеніне көзіміз жетті. Қолда бар деректі негізге ала отырып жергілікті полиция бөліміне жеткіздік. Алайда мамандар бұл іспен облыстық полиция департаментінің арнайы бөлімі жұмыстанатынын айтты. Құқық қорғау органдарына жүгінудегі басты мақсатымыз – ескертіп, алаяқтың басқа жоспарына тосқауыл қою еді.

Мәселені төңіректеп, Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарластық. Департамент мамандарының берген статистикалық мәліметіне сүйенсек, биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысының аумағында 990 алаяқтық іс тіркелген, оның ішінде 49,6 пайызы немесе 498 факті интернет-алаяқтық санатына жатады. Биыл өткен жылмен салыстырғанда интернет-алаяқтықтың 199 фактіге (299-дан 498-ге дейін) өсуі байқалады. «Қазіргі таңда кең таралған интернет-алаяқтықтың түрлері қандай?» деген сауалымызға БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің берген жауабы мынадай:

– Интернет-алаяқтық – бүгінгі күні маңызды және өзекті мәселе. Қазіргі таңда ең көп таралған интернет-алаяқтықтың түріне тоқталатын болсақ, бірінші түрі – қылмыскерлер өзін банктің қауіпсіздік қызметі ретінде таныстырып, клиенттің шотынан ақшаны есептен шығару әрекеті тіркелгенін айтады, карта деректерін және растау кодтарын анықтайды және ақшаны шоттан есептен шығарады. Екінші түрі – жәбірленуші тауарды сату туралы хабарландыру орналастырады. Қылмыскерлер тауарды алатын болып аударым жасау қажеттілігі сылтауымен қоңырау шалып, сатушы картасының деректерін біледі. Әрі қарай олар сатушыдан растау кодын біліп, картадан ақша алады. Мұндай қылмыстардың жасалатын негізгі алаңы – Инстаграм, ВКонтакте әлеуметтік желілері, сондай-ақ «OLX», «Крыша», «Колеса» интернет-дүкендері және т.б. Онда қылмыскерлер тауарды сатып алу және сату, қызмет көрсету туралы ойдан шығарылған сылтаумен жәбірленушілердің қаражатын жымқырады. Аталған фактілер бойынша қылмыскерлерге алаяқтыққа қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 190-бабын негізге ала отырып тергеу жүргізіледі.

Интернет-алаяқтық жасаудың негізгі сылтауын мамандар былайша тізбектеп берді: пәтерді жалға беру; тауарларды сатып алу; киім сату; несие рәсімдеу; спорттық жарыстарға салынған ақшаны екі есе арттырып беру; автомобиль бөлшектерін сату; ұтыс ұтып алғаны жөнінде алдау; қызмет көрсету; жоғалған құжаттарды қайтару; тауарларды жеткізу; жұмысқа орналастыру және т.б. Қарап тұрсақ, бұның барлығы – қаржылық қажеттіліктен туындайтын іс-әрекеттер.

Мұндай қылмыстардың жасалуының негізгі себебі қазіргі уақыттағы сауда-саттық тәсілдеріне адамдардың сенімділігі және жеке мәліметтерге немқұрайлы қарау болып табылады. Өйткені барлық жағдайда жәбірленушілердің өзі деректі ұсынады не екінші деңгейдегі банктер арқылы белгісіз тұлғаларға ақшалай қаражат береді. Зиянкестер біздің азаматтарымыздың сенгіштігін пайдалана отырып, олардың дербес дерегін, банк карталарының паролін, шот нөмірін және жеке куәлігін фотосуретін алады. Интернеталаяқтықтың алдын алу мақсатында бұған дейін БҚО полиция департаментінің ресми сайтында ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын алаяқтықтың әдістері мен түрлері туралы ақпарат орналастырылды. Сонымен қатар БАҚ-та бірнеше рет ақпарат жарияланып, ннтернет желісінде сатып алу және сату кезінде сақтық шараларын сақтау туралы халықпен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысы криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері 74 алаяқтық әрекетін әшкерелеген. Дәлел ретінде БҚО Полиция департаментінің ресми өкілі ұсынған мына мәліметті келтіре кетсек. 2018 жылы Инстаграм әлеуметтік желісі арқылы «Киви әмиянмен» қаражатын спорттық жарыс арқылы екі есе өсіріп беру жолымен сенімге кіріп, Орал қаласының тұрғындарынан ақша иемденгені үшін 2020 жылы қыркүйек айында жедел-іздестіру іс-шарасы жүргізу кезінде күдікті «К» ұсталады. Ол Нұр-Сұлтан қаласының 20 жастағы тұрғыны болып шықты, одан жалған тұлғалардың банктік карталары алынып, оның бірнеше эпизодқа қатысы бар екені дәлелденеді.

Халқымызда «Асыққан – шайтанның ісі» деген сөз бар. Расында да, асығыстық жасап, ақпараттың анық-қанығына көз жеткізуден гөрі ақшаға тез қол жеткізсек деп бар деректі алаяқтың қолына ұстата саламыз. Аңқау басымыз әлгінің сөзіне еріп, жиғанымыздан айырылып қалып жататынымыз бар. Осы тұста БҚО Полиция департаментінің өкілдері төмендегідей ескертуді назарда ұстауды ұсынады.

1. Өзіңіздің құжатыңыздың мәліметін және басқа да жеке ақпаратты бөгде адамға айтпаңыз, банктік карта нөмірін, пин-кодды, сондай-ақ ұялы телефоныңызға келіп түскен SMS-парольды ешкімге хабарламаңыз.

2. Хабарламаларда көрсетілген ақпаратты, әсіресе ұсақ әріппен жазылған бөлігін мұқият әрі толық оқып шығыңыз.

3. Ерекше тиімді ұсыныстарды мұқият тексеріңіз немесе ондай ұсыныстардан бас тартыңыз, бұл әрекетіңіз ақшадан айырылып қалудан қорғайды.

4. Тауар сату немесе сатып алу кезінде алдын ала төлем төлеуге келіспеңіз.

5. Белгісіз тұлғаға ақша аудармаңыз.

6. Тиімді немесе күмәнді келісімшарттар жасауға асықпаңыз.

Қаржылық сауаттылықты арттыру керек

Жоғарыдағы аталған бөлімдердің барлығы – қаржылық сауатсыздық орын алғандығынан болып жатқан дүние. Қаржылық сауатсыздыққа итермелейтін фактор – халықтың ізденбеуі. Яғни қандай да бір қаржылық жүйеге бас сұғар кезде тиісті ақпараттармен таныс болмауы. Нақты айтқанда, «Алма піс, аузыма түс» деуі. Қаржылық сауаттылықты арттыруға қатысты қаржыгер Мақсат Халық мынадай ұсынысын жеткізді:

– Мен маман ретінде қаржылық сауаттылықты арттыру үшін ең негізгі қадамдарды атап өтейін. Біріншіден, мемлекет тарапынан Малайзия елі секілді қаржылық сауаттылықты арттыру үшін ұлттық бағдарлама қабылдану керек. Қазіргі уақытта осыған қатысты Ұлттық банктің өзіндік бағдарламасы бар. Алайда ол нәтижелі болса, мұндай әлеуметтік шиеленістер болмас еді. Бағдарламаға мектептердегі керексіз қосымша сабақтардың орнына қаржылық сауаттылықты үйрететін немесе экономикалық пән енгізіп, оны 10 жастан бастап оқытуды қолға алса, экономиканы меңгеріп өскен бала сауатты болып, қаржылық тығырыққа тірелмесі анық. Қазір де кей өңірде экономикаға қатысты арнайы факультативтік сабақтар бар. Дегенмен сабақты бірі еңбек пәнінің, енді бірі география пәнінің, т.с.с. түрлі мамандықтағы мұғалімдер беріп жатады. Керісінше, экономика негіздері сабағын экономиканы меңгерген, магистрлік бітірген арнайы мамандар беруі керек. Болмаған жағдайда, осындай кадрларды дайындау қажет. Екіншіден, мемлекеттік арналардан қаржылық сауаттылықты арттыратын арнайы бағдарламалар ұсынылса, қазақ тілінде бизнес тренингтер дайындалса, қаржылық сауаттылықтың артуына ықпал етер еді. Мысалы, бағдарламада отбасы бюджетін қалай құру керек, қандай бөліктерден тұрады, шығындардың нақты түрі қандай, қалай қаражат сақтау керек, қалай инвестициялау қажет секілді сауалдарға жауаптар болса, халықтың қаржылық сауатының артуына өз септігін тигізеді деп ойлаймын.

Хош. Мамандардың ұсынысы мен пікірін назарға алып, мынадай қорытындыға келдік. Өзіміздің қаржылық сауатымызды арттырып, қандай да бір қаржылық жүйені жүргізер алдында мамандардың кеңесіне жүгіну керек. Сонымен қатар әлгіндей алаяқтық немесе кибершабуылға тап болған жағдайда тиісті органдарға хабар беру арқылы өзіңіздің мүлкіңізді қайтарып, өзгенің де осы іспеттес қылмыстардың құрбаны болуына жол бермеңіз. Бастысы, «Асықпаған арбамен қоян алады» деп, «Бір оқпен екі қоян атуды» місе тұтып, олжалы болыңыз. Қаржылық қажеттілікті реттеу үшін қаржылық сауаттылықты қалыптастырыңыз!

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале