Нарынның нар ұлдарының бірі Нұржан Сертековті облыс жұртшылығы білім беру ісінің құрметті қызметкері, білікті басшы, сергек депутат деп таныса, өнерге жақын жалпақ жұрт дәулескер домбырашы деп таниды. Орданың танымал таланты Орынғалиұлының сонау 86-дағы Желтоқсанның қатысушысы екенін екінің бірі біле бермейді. Өйткені айтулы күнде алаңда болғанын ағамыз араға 22 жыл салып айтқан екен. Маңызы бөлек мереке қарсаңында Нұржан ағамызды сөзге тартып, аз-кем сұхбат құрған едік. Түсінгенге тұшымды, оқығанға ой саларлық дүние шыққан сияқты. Сіз де көзайым болыңыз!
- 1986 жылы Нұржан Сертеков қандай еді, қайда жүр еді?
- 1983 жылы Сайқындағы М.Мәметова атындағы мектепті бітіріп, арман арқалап, Алматыға аттанған едім. Жолым болып, қазіргі Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік ұлттық консерваториясына оқуға түстім. Сол жылы күзде әскер қатарына шақырылдым. Сөйтіп, студенттік емін-жарқын өмірім әскери тәртіпке ауысып кете барды. 1986 жылы әскери борышымды өтеп, консерваторияға оралған кезім еді.
- 1986 жылы орталық алаңға саналы түрде, алдын ала келісіп бардыңыз ба, әлде еш ойланбастан көпке ілесіп бара салдыңыз ба?
- Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың орнына Геннадий Колбин тағайындалды деген жаңалықтарды радиодан естіген едік. Сол күні сабақтан келе жатып, сап түзеген әскери техниканың орталық алаңды бара жатқанын көрдім. Алматы театр және кино институтының (қазіргі Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы), нархоздың (ауыл шаруашылығы институтының) жігіттерімен араласатын едік. Әңгімемізге ел саясатындағы осы өзгеріс тақырып болатын. «Жастар осы өзгеріске қатысты ойларын айтып, басшылықтың орталық трибунаға шығып, себебін айтуды сұрайды екен» дегенді естіп, біз де бардық. «Пәлен күні алаңға жиналып, шеру жасаймыз, бәрің шығыңдар» дегендей алдын ала шақыру алмадық. Көпке ілесіп бардым десем болады. Мен сияқты қарапайым қазақ жастары көппен бірге алаңға барып, көздері ашылды деп ойлаймын. Алаңға жиналған жастар «Дінмұхамед Қонаевтың орнына бір қазақ азаматы табылмады ма?» деген сауалдан бастап, Алматыдай үлкен шаһарда неге қазақ мектебі бір-екеуден аспайды? Неге атқарушы орган, жергілікті билікте қазақтар аз? Қазақстанда неге қазақ тілі, қазақтар ІІ сортты саналды» деп ұзақ жылдары бойы ұлттың көкірегіне шемен боп жиналып шер болған көп сауалға жауап іздеді. Бірақ жауап бермек түгілі, сөзімізді тыңдар құлақ табылмады. Сол күні күн салқын еді. Өңменінен өтетін ызғар еді. Айта жағымыз кетпесін деп келген жастар ызғарды да, бой қарыған аязды да елемей, тарқамай тұрып еді. Бәзбіреулер айтатындай, студент жастарды мәжбүрлеп, ұйымдастырды деген қисынсыз деп ойлаймын. Сол күндері жастарды жетелеген әлдекімнің бұйрығы емес, «Мен қазақпын!» деген намыс деп білемін.
Датымызды айтамыз деп бейбіт шеруге барған жастар аяусыз соққыға жығылды. Жастар мұндайды күтпеген еді... Мұхтар Шаханов ағамыз «Уақытыңның талабына дөп келсе де ұраның, Уақытыңның әділетсіз соққысынан құладың» дейді ғой. Дәл солай. Менің көргенім, арнайы машиналармен қыстың қақ ортасында жастарға қарсы су шашып жатты. Әскерилердің бәрінде дубинка, бастарында каска. Дубинка деген қатты тиеді екен. Алғашқыда ет қызуымен жүріп, мән бермедік. Біраз уақыт өте келе сол жауырыннан алған соққыдан өкпем қарайып, оқудан бір жыл академиялық демалыс алдым. Солай сегіз айдан астам уақыт ауруханада жаттым. Біздің бес қаруымыз кесек тас, терек бұтақтары еді. Сонда да екінші, үшінші күндері сол алаңға қайта жиналдық. Бұл жолы шетелдіктер көп тоқтайтын «Отырар» қонақүйін айналып жүрдік. Мұндағы ойымыз шетелдік азаматтардың назарын аудару еді.
- Салдары қандай болды? Жауаптау, қуғындау...
- Салдары не болушы еді? Жауаптау, тексеріс. Алматы жабық қалаға айналды. Ешкімді шығармады. Жұмыс орындарында, жоғары оқу орындарында жаппай қуғындау басталды. Тек жастар емес, олардың сөзін сөйлеп, болысқан ағаларымыз, ұстаздарымыз да қызметтерінен шеттетілді. Абай даңғылы №56 мекенжайындағы жатақханада жататын едім. Ленкомната дейміз, былайша айтқанда акт залына кіргізіп алып, жауаптайтын. Алаңда шеруге шыққандарды суретке түсіріп алған екен. Алаңға барғанын мойындаған, не фотосуретке түсіп қалғандарды алып кететін. Сол кеткеннен мол кеткендер болды. Мол кетті деп оқудан шығып кеткенін айтып тұрғаным жоқ. Із-түссіз жоғалып кеткендер болды. Сол күндерден кейін қалада да тексеріс күшейді. Өзге ұлты басым қала болды ғой. Автобус, троллейбустар қазақ жастары жетіп келгенде есіктерін жауып алып, жүріп кететін. Мінгізбейтін. Домбырамыз үнемі бірге жүреді ғой. Футлярын ашып, ұңғыл-шұңғылына дейін тексеретін. Көшеге шыға қалсақ, милиция жүргізбейді. Шендіні көре қалсақ, бетпе-бет кездесіп қалмайық деп, бой тасалап бағамыз. Осылай артымызға жалтақтап, милициядан қашып келе жатсақ, алдымыздан орыс жігіттер кеп, соққыға жығады.
- Отыз жыл өтсе де Желтоқсан оқиғасы өз бағасын алған жоқ. Бодан емес, тәуелсіз елміз десек те тарихымызды түгендеп, өткенімізді безбендей алмай отырмыз. Әлі күнге 1986 жылғы 16 желтоқсанын оқиға дейміз бе, көтеріліс не төңкеріс дейміз деп айтысумен шектеліп жүрміз. Бұған не айтарыңыз бар?
- Иә, 86-ның желтоқсаны бағасын алмай келеді. Кеңес одағының құрсауында емес, тәуелсіз ел бола тұрсақ та, тәуелсіздік тарихының қан сіңген парағын пайымдай алмай отырмыз. Қынжылтады, әрине. Сол 1986 жылы алаңға шыққан жастарды нашақор, маскүнем, жатыпішерлер деп айыптап жатты. Орталық телерадиодан айтылған ақпарға бәрі де иланды. Тіпті ауылдағы ата-анамыз да «бұзақыларға қосылып нең бар еді?» деп ренжіп жүрді. Алаңға шыққанда ешбір мас, нашақорды көргем жоқ. Сөзімнің басында айттым ғой, әскерден келдім деп. Менің қатарым да әскерден келген, есейген, ақыл тоқтатқан жігіттер еді.
Қылышынан қан тамып тұрған қызыл империяның уысында тұрып теңдік сұраған қазақ жастарының бұл ісін басқа елдер көзсіз ерлік деп бағалады. Кеңес үкіметінің қаһарында тұрған кез еді ғой. Сол 86-ның желтоқсанынан кейін сең жүріп, Балтық елдері ояна бастады. Ал, біз бағасына жете алдық па? Жауабы жоқ сұрақ.
86-ның желтоқсаны уақытын күтіп тұрған тақырып. Уақыт өте бәрі де орнына келері анық. Қайрат, Ләззат, Ербол мен Сабиралардан басқа сол желтоқсанның көпке беймәлім құрбандары да баршылық. Тергеу кезінде дене жарақатын алып, майып болған, психологиялық тұрғыдан алған соққыдан өмір бойына жапа шеккен желтоқсаншылар құнын жоқтар күн де туар.
- 1986-ның желтоқсаны тек айтулы даталарда еске түсіп, естелік айтуға шақырған жиналыс, кездесулерден басқа, "Желтоқсан - ел есінде" деп медаль таққаннан басқа ерекше құрмет, қандай ма бір жеңілдіктер бар ма?
- Ерекше жеңілдік бар деп естімеппін. Сен айтып отырған медальды мен де иелендім. Жылда да 16 желтоқсанның Жаңа жылдың тасасында қалып кететіні рас. Міне, бүгін сегізінші желтоқсан. Ештеңе байқалмайды. Бұрын мектеп, оқу орындарында кездесулер, тәрбие сағаттары өткізілетін. Қазір елдегі жағдайға байланысты онлаин режимде өтіп жатқан шығар. Негізі, 16 желтоқсан мереке емес қаралы күн ғой. Сонау елдің іргесінің бүтіндігі, басының азаттығы үшін күрескен батырлар, беріректегі алашшыл азаматтардан бастап, күні кешегі желтоқсанда теңдік сұрап, алаңға шыққан боздақтардың рухына құран бағыштап, ту түсіретін қаралы да, киелі күн болуы керек деп ойлаймын.
-Естуімше, желтоқсанға қатысқаныңызды жиырма жылға жуық жария етпей келіпсіз...
-Иә, жария етпегенім қорыққаным емес. Мақтанарлықтай да не істедім деп үндемедім. Денсаулық жағдайыма байланысты академиялық демалыс алып, жаза, жауапкершіліктен құтылып кеттім. Оқудан қуылып, арманынан алыстаған қатар достарым сияқты қуғын көргенім жоқ. Түрмеге қамалып, зардап шекпедім. Сол жылдары Алматыда боп, алаңнан табылған қарапайым ғана қазақпын. Бірақ сол желтоқсан оқиғасы менің саяси көзқарасымды түбегейлі өзгертті. Мақтанарлық іс тындырмасам да, Кеңес Одағына да ең алғаш қарсы шыққан қазақ жастарымен бірге алаңда болғанымды мақтан тұтамын.
-Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рақмет! Аман жүріңіз!
Сұхбат құрған Ұлпан Әнуарқызы,
Бөкей ордасы ауданы,
zhaikpress.kz