Биыл Төлеген Тоқтаровтың туғанына - 100 жыл, сұм соғыстың аяқталғанына - 75 жыл. Тарихта Ұлы Отан соғысындай қасіретті қырғын болған емес. Қан майдан кезінде еліміздің әр аймағынан әскери комиссариаттарға талай еріктілер ағылғанын білеміз. Талай бойдақ қанқұйлы жауға қарсы аттанып, қаншасы майдан даласында ерлікпен қаза тапты.
Өз өмірін халқы үшін құрбан еткен ерлердің бірі – Төлеген Тоқтаров. Ол 1920 жылы 19 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысының, Ұлан ауданы Қарақұдық ауылында дүниеге келген. Соғыс қарсанында Риддер қаласы маңындағы қорғаныс зауытында жұмысшы болды. Кеңес әскері қатарына 1941 жылдың желтоқсанында шақырылып, Калинин майданы 3-екпінді армия, 8-гвардиялық атқыштар дивизиясы, 1075 полкі құрамында Ұлы Отан соғысына қатысқан. Сол кезде дивизияның «Отан үшін» газеті ержүрек аутоматшының бір тәулік ішінде жаудың 150ден астам әскері мен офицерін жойғаны туралы жазып, ерлігін паш етті. Батыл да бекем қимылдайтын Төлеген жауынгерлерді сан рет жауға бастап шықты. 1942 жылы 5 ақпанда Төлеген Нагаткино селосына алдыңғылардың қатарына кіре отырып, жаудың жеті әскерін жойып, екеуін тұтқындады. 1942 жылы 9 ақпанда Бородино селосы үшін болған кескілескен ұрыста рота жауынгерлері жаудың қарсы шабуылынан бас көтермей, әрі дұшпан мен ротаның арақашықтығы 100 метр қалғанда, ол қасындағы төрт жауынгермен алға ұмтылып, ротаны шабуылға бастады. Сөйтіп, жау кейін шегінді. Қан майдандағы қаһармандығы мен батылдығы үшін Төлеген Тоқтаровқа қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Ол туралы композитор Р. Елебаев «Жас қазақ» ән-реквиемін, ақын Н.Баймұратов «Ер Төлеген» дастанын жазды. Риддер полиметалл комбинатының аумағында батырға ескерткіш орнатылып, Төлеген оқыған №10 мектепке оның есімі берілді. Бүгінде Өскемен, Риддер, Алматы қалаларында Төлеген Тоқтаровтың есімімен аталатын көше бар.
Марат Көпбаев,
дарынды балаларға арналған мамандандырылған
С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің алғашқы әскери технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы,
Орал қаласы