11.12.2020, 11:42
Оқылды: 361

«Күн бүгін ұясынан ұмтылды ерте, Жаңажол, жерің - жастық, бұлтың - көрпе...»

Сөз басы

«Сағындым аспан жауынын,

Тынымсыз шаруа қауымын.

Өзіңе ием басымды,

Бесігім – алтын ауылым».

Иә, ауыл туралы жазылған жырлардың көптігі сонша, оны санап шығудың өзі мүмкін емес шығар. Ауылға деген сағыныш, ауылға деген махаббат адам баласының жүрегінде ғұмыр-дариясы таусылғанша сарқылмайды. «Алтын бесік» айдарына мақала жазу үшін бұл жолы Жаңажол ауылына жолға шықтық. Ел аузында Айдархан аталып кеткен ауылдың өрісі малға толып, бұл күнде дәулеті шалқыған берекелі елге айналды десек жаңылыспаймыз.

F1FD637C-CE90-4854-8557-8A95CD2A9E5C

Ауыл географиясы

Айдархан негізгі тұрғыдан алғанда батыс өлкенің шеткі Ресеймен шектес аймағында орналасқан. Территориясында Волганың сағасы болып есептелетін Қараөзен, Сарыөзен ауылды кесіп өтеді. Бірі оң жағынан, екіншісі сәл қашықтау шамамен 20-25 шақырымдай. Жері жусанды, бетегелі, көкпек. Мал жайылымы үшін өте қолайлы белдеуде орналасқан. Оңтүстік жағында 7-8 шақырым жерде Қаңбақты, Жыланды деген шағын көлдері бар. Сарыкөл ең шеткі елдімекен болып есептеледі. Солтүстігінде Кіші Айдархан, Қарасу, Теңдік, Тереңқұдық, Батыр сияқты үлкен-кіші елдімекендермен шектеседі.

20201211_180824

«Игі істер атқарылды»

- 2017 жылдың тамыз айында ауылдық округ әкімі болып тағайындалдым. Содан бері барынша сапалы қызмет жасауға тырысып жатырмыз. Ауыл халқының негізгі күн көрісі – төрт түлік мал. Жаппай мал шаруашылығымен айналысады. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының «Кіші атамекен» бағдарламасы бойынша жұмыстар жүргізілді. 2017 жылдың қараша айында ауылымыздан шыққан меценаттар, кәсіпкерлердің басын қосып, ауылымызда «Жерлестер» форумын өткізуді жоспарладық. Ол форумға аға-апаларымыз келіп қатысты. Үлкен шара болды. Қатысқан жандар өздерінің ұсыныстарын білдірді. 2018 жылы осы бағдарлама аясында көптеген істер атқарылды. Кіре берістегі ауыл қақпасы жасалды. 1 миллион теңге көлеміндегі ақшаға салынған қақпаны – Нұрлыбек Хайруллин есімді кәсіпкер ағамыз қолдау беріп, жасатты. Қазіргі кезде өмірден өткен Наурыз Бекмашев  есімді ауылымыздың тумасы, «Көшім» жылқы зауытының басшысы болған сол кісі өз қаражатына орталық саябаққа жазғы сахна салып берді. Бұл жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін таптырмас орынға айналды. «Менің жүрегім Айдархан» деген композицияны ауылымыздың шаруа қожалықтары жиналып, жасап берген болатын. Әр жылғы мектеп түлектері де қолдан келетін игі істерді жасауға мұрындық болды. Биыл біз үшін ең қуанышты жаңалық болды. Атап айтсақ, ауылымызда мәдениет үйі салынуда. Бұл ауыл тұрғындарының көптен бері көтеріп келе жатқан мәселесі еді. Биыл облыс әкімінің есеп беру жиналысында қолдау тауып, «Жол картасы» бағдарламасы аясында шешімін тапты. Жоба құны – 211 млн. 787 мың теңге. Желтоқсан айының соңына дейін бітіруді көздеп отырмыз. Ауылымызға 2019 жылдың аяғында орталықтандырылған су жүйесі қосылды. Сарыкөл елдімекеніне көгілдір отын қосылды. Жалпы, ауылымыздың жағдайы жақсы. Ғаламтор желісі қосылған. Жұмыс жасаймын деген адамға барлық жағдай қарастырылған. Аудан орталығынан еш кем емес, - дейді ауылдық округтің әкімі Аслан Оразалиев.

Алтын бесік (1)

 Жаңажол – өнер мен спорттың ордасы

Бұл ауыл туралы айтылғанда өмірден ерте өткен, Жаңақаланың бағына туған арда азамат, айтыскер Асылбек Миразатұлы Ишанов түсері сөзсіз. Талай бәйгеден озып, аламанның алдында келген Асылбекті ел-жұрты мәңгі ұмытпақ емес. Асылбек туған топырақтың киелі екенін де жалпы жұрт жақсы біледі. Жазба ақындар Сыйлыхан Жұмасалық, Шерхан Талап, Аслан Тілегенов, Данияр Нысанғалиев, Ақеділ Ғұбашев сынды жастарды республика танып үлгерді. Болашақтарына да үмітпен қарайды. «Ат тұяғын тай басар» дегендей Орынбек Меңдіқұлов та жарқырап, жақсы көрініп келеді.

Қазақстан Республикасының «Спорт шебері» атағын алғаш боп алған Жайсан Есекеновтің ел спортына қосқан үлесі аудан тұрғындарының көз алдында. Балғын палуандарды тәрбиелеу жолында жүрген Айбек Ишановтың да аудан спортына бергені мол, берері әлі де аз емес.

Сөз соңы

- Бісміллә жыр бастайын тыңдашы елім,

Өлеңнің тигізейін игі әсерін.

...Жаңғала ежелден-ақ күйдің жері,

Домбыра бабалардың мирасы едің.

Қаймағы бұзылмаған қайран мекен,

Жеткізем, есіміңді, шыңға сенің.

Жаңғалам, сенің түйір тасыңды да,

Ат басындай алтынға қимас едім! – деп жырлапты Асылбек ағамыз Дина әжеміздің 145 жылдығында айтқан арнауында. Асылбектей текті ерді тудырған бұл ауылдың қазақ даласына сыйлар дарынды ұлдары көп болғай. Пейілі кең адамдарымен, қонақжай тұрғындарымен ерекшеленетін Жаңажол ауылының болашағы жарқын болғай...

Жанайдар Болатбекұлы,
Жаңақала-Жаңажол-Жаңақала
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале